«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өндірушіден – тікелей тұтынушыға

Өндірушіден –  тікелей тұтынушыға
ашық дереккөз
Өндірушіден – тікелей тұтынушыға

Бүгінде азық-түлік бағасының өсуі көбінесе бензинмен байланыстырылатыны баршаға мәлім. Тауарлардың өндірушіден тұтынушыға делдалсыз тікелей жеткізілуі ісінде де жанар-жағармай мәселесінің тағы да алдан шығары бар. Сондықтан да соңғы кездері өткізіліп жүрген ауыл шаруашылығы өнімдерінің облыстық көрме-жәрмеңкесінде баға бағамын тұрақтандыру басты ұстанымға да айналуда. Шалғай ауылдардағы шаруалар өнімдерін қалалықтар үшін қалай қолжетімді етуге болады? Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы бұл мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастырып-ақ бағуда. Әр сенбі сайын орталық Достық алаңында таза да жинақы шатырларды қатарластыра тізіп, алуан түрлі өнімдер ұсынылуын үйлестіру оңай шаруа емес. Бұл істің өзі бүгінде жетілдірілу үстінде. Әрбір жәрмеңкенің өзіндік ерекшеліктері бары байқалуда. Мұндай іс-шаралардың биыл Тараз қаласы мен барлық аудандардың тауар өндірушілері қатысуымен өткізіле бастағаны белгілі. Ал өткен сенбіде тұтынушылар құқы мен мүддесі қорғалуы бағытында алғашқы қадам жасалып, алаңның дәл ортасына «базар әкімшілігі» орталығы орналастырылып қойылды. – Кез келген тұтынушының көңілінде күмән-күдігі болса, міне, осы жерге келіп, алған заттарының салмағын өлшетіп, сапасын тексертуіне де мүмкіндіктері бар. Осында көшпелі ветеринариялық зертхана да жұмыс істеуде. Бұл сатушылардың таразыдан жеуіне, сапасы күмәнді тауарларды өткеруіне жол бермейді. Алда-жалда мұндай жағдайлар орын алар болса, оған жол берген аудан басшыларының мәселесі жинақталған деректер бойынша қаралып, талқыланатын болады, – деп түсіндірді мұның мәнісін облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аман. Бұл күні алаң тұсындағы сахнада облыстық филармония әншілерінің қатысуымен концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Әсіресе, әрбір ауданға тиесілі сауда қатарларына «Өркені өскен өлке», «Ауасы шипа, бұлағы кәусар», «Суы мол, шөбі шүйгін Шу өңірі» деген секілді қосымша анықтауыш сөздердің жазылып ілінуі келушілерге жолдаған ауылдықтардың ыстық сәлемдеріне де ұқсайды. Орталық алаңның осылай берекелі де, мерекелі орынға айналуы қалалықтардың көңіл-күйлерін де көтере түсті. Белгілі болғанындай, бұл жолғы жәрмеңкеде жалпы құны 65,3 миллион теңгені құрайтын 129,4 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылған. Оның басым дені – 67 тоннасы жеміс-жидек пен көкөніс, 16 тоннасы – ет, 11,2 тоннасы сүт өнімдері болып отыр. Шұжық, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, өсімдік майы, балық, бал, кондитерлік және макарон өнімдері де жеткілікті көлемде өткерілді. Әсіресе, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік компаниясының әлеуметтік тұрақтандыру қоры есебінен қолжетімді бағамен ұсынылған картоп, пияз, сәбіз секілді дақылдарды кезекке тұрып, қапшықтап сатып алып жатқандардың қарасы бұл жолы да мол болды. Алымсақтар осылай қысқа қам жасау мүмкіндігін жасаған басшыларға дән риза. Тауарлардың нарықтағы бағадан 10-20 пайыз аралығында төмен болуы тұтынушылар көңілінен де шықты. Айта кету керек, кейбір дақыл түрлері, мысалы, күріш – 23, пияз бен асқабақ – 29, шомыр 30 пайыз төмендетілген бағамен өткерілді. Ең бастысы, ауылдық шаруалар да өздері өндірген өнімдердің қалалық тұтынушыларға делдалсыз тікелей жеткізілуін жақтайды. Бұл сөз жоқ, екі жаққа да тиімді жүйе. «Біздің ауданымыздың тауар өндірушілері де бұл істен шет қалмай, еті мен сүтін, Ақкөл көлінің балығын алып келді. Тауарларымыз тиімді бағаға өткеріліп те жатыр. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз» дейді Талас аудандық әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай. Қысқасы, тараздықтардың қоржындарын бір толықтырып алуына бұл іс-шараның да едәуір септескені анық.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар