Пак Кын Хе сапары қарсаңында: Кореяның Азия өңіріндегі экономикалық саясатының басты назарында - Қазақстан
- author «Ақ жол»
- 18 маусым, 2014
- 240
Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе өзінің алғашқы ортаазиялық турнесі (Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан) аясында біздің елімізге мемлекеттік сапармен келетіндігі белгілі.
Оңтүстіккорейлік сыртқы саяси ведомствосының алдын ала таратқан ақпаратында бұл сапардың мақсаты «Орта Азияның үш елімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және Пак Кын Хеның аталған мемлекеттердің көшбасшыларымен жеке байланысты нығайту» деп көрсетілген. Оңтүстік Корея үшін Орталық Азияның маңызы Әлемдік экономикадағы дағдарыс көріністері, энергия ресурстары мен басқа да көптеген пайдалы қазбаларға қажеттіліктің артуы, сонымен қатар өз өнімдерін шығаратын нарықтарды кеңейту аясында Сеул үшін Азия өңірінің маңызы жылдан-жылға артып келе жатқандығы белгілі. Оған 2007 жылы «таңғы шық» елінің «Орталық Азия - Корея Республикасы» форумына, сонымен бірге өңірдегі мемлекеттерге жаңа ақпараттық технологиялар беру арқылы олардан минералды ресурстар алуға бағытталған Оңтүстік Кореяның «Жаңа азиялық дипломатиясы» тұжырымдамасы да жарқын дәлел бола алады.
Президент Пак Кын Хе әкімшілігінің жаһандық стратегияларының бірі өткен жылдың қарашасында елдің бірінші ханымы ұсынған «Еуразиялық бастама» екендігін аян. Бұл бастама Корея Республикасынан бастап, Сібір, Орталық Азия, Шығыс және Батыс Еуропаны қамтитын Қиыр Шығыс «энергетикалық және логистикалық магистралін» біріктіруге бағытталған. Бұл ретте оны жүзеге асырудың басты тетігі ретінде «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» аталуда. Әлі өзімізге де белгілі болып отырғандай, бұл жол Орта Азиялық елдердің барлығын басып өтеді. Іс жүзінде Сеулдің бұл ниеті қытайлық «Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеу бастамасы» атты ауқымды жобасымен қабысып жатыр. Сонымен бірге Сеулдің өңірдегі ұстанымын нығайтып, экономикалық өсімінен пайда табуды көздейтіндігі айқын.
Қазақстан Оңтүстік Кореяның Орталық Азия өңіріндегі экономикалық саясатының басты назарында
Пак Кын Хеның Орталық Азия елдері бойынша «ұшу траекториясына» (16-18 маусым - Өзбекстан, 18-20 маусым - Қазақстан, 20-21 маусым - Түркіменстан) көз салар болсақ, Сеулдің Ташкентке, Астана мен Ашхабатқа қаншалықты рөл беретіндігін байқауға болады. Қазіргі кезеңде Оңтүстік Кореяның Өзбекстан (2 млрд. доллардан астам) және Қазақстанмен (1 млрд. доллардан астам) сауда айналымы барынша жоғары болып тұр.
Бұл ретте, алдағы уақытта біздің еліміздің Оңтүстік Кореяның өңірдегі басты сауда-экономикалық және технологиялық серіктесі болуына барлық мүмкіншілігі жеткілікті. Оған инвестициялық ахуал мен бизнес жүргізу шарттарын тұрақты түрде жетілдіріп отыру, саяси тұрақтылық, екі ел арасындағы 1 айлық мерзімге дейін визасыз режіммен сапарлау ережесінің енгізілуі, Еуразиялық экономикалық одақ нарығының тартымдылығы және басқа да факторлар септігін тигізетін болады.
Туризм, медицина, экология, ақпараттық, био- және нанотехнологиялар, машина және кеме жасау, ауыл шаруашылығы, білім беру, көлік және коммуникация салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға да тың серпін беріледі.
Қазақстан мен Корея арасындағы екіжақты ірі жобалар - Балқаш ЖЭС-і, Атырау облысындағы газ-химия кешені және Жамбыл мұнай кен орнын игеру. Қазіргі уақыттағы уағдаластықтар аясында тартылған оңтүстіккорейлік инвестицияның көлемі шамамен 8 млрд. долларға жетіп жығылады. Ал бұл көрсеткіш Сеул инвестициясын тартуда Қазақстанның посткеңестік кеңістікте көшбасшы екендігін дәлелдей түседі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда оңтүстіккорейлік капиталдық қатысуымен 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. "Hyundai" (Алматы) жүк көліктері, "SsangYoung" (Қостанай) жеңіл көлігі шығарылуда, "Samsung", LG Electronics, SK Corporation сынды ірі кәсіпорындар да елімізде өз өндірісін тиімді жолға қойған.
Астананың Сеулмен саяси ынтымақтастығы
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Корея Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарын 1995 жылдың мамырында жасаған болатын, сол мезеттен бері екі елдің арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстар тұрақты жүзеге асырылуда. 2012 жылдың желтоқсанында өткен сайлауда жеңіске жетіп, лауазымды қызметіне 2013 жылдың ақпан айында кіріскен Оңтүстік Кореяның қазіргі Президенті Пак Кын Хемен Елбасы Н.Назарбаев бұған дейін де Санкт-Петербор қаласында (2013 жылдық қыркүйегі) өткен G20 саммиті аясында жүздескен болатын.
Оңтүстік Корея қазақстандық негізгі бастамаларға (АӨСШК, 2017-2018 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртесін алу өтінімі, ЭКСПО-2017 және т.б.) тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Әрине, мұндай жайттардың орын алуына еліміздің және Елбасымыз Н.Назарбаевтың жаһандық ядролық қарусыздану және таратпау мәселесіндегі көшбасшылық рөлі өз септігін тигізсе керек. Айтпақшы, өткен жылдың сәуірінде Оңтүстік Корея Президенті Пак Кын Хе Пхеньянды «ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, өрлеу жолына қарай бет алған Қазақстаннан үлгі алуға» шақырғаны есте.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді