«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

БАҒА БАҚЫЛАУДЫ үнемі ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

БАҒА БАҚЫЛАУДЫ үнемі ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
ашық дереккөз
БАҒА БАҚЫЛАУДЫ үнемі ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Тараз қаласындағы ең қымбат сауда орталығы – «Small», ал ең арзаны «тәтті себет» сауда желісі болып шықты

Жанар-жағармай бағасы өсті дегенше, азық-түліктің құны да шарықтап шыға келетіні үйреншікті құбылысқа айналып бара жатқандай. Өйткені картоптың бір келісінің құны 170 теңгеге бір-ақ шығыпты деген ақпарат тарап кетті жуырда. Бұл мәселе облыс басшылығын да бейжай қалдырмады. Облыс әкімінің орынбасары, азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар және ақылы қызметтер бағасын тұрақтандыру бойынша облыстық штаб төрағасының орынбасары Мәден Мұсаев Тараздағы «Smart», «Small», «Дәмдес», «Гауһар», «Себет» сауда орталықтары мен Сәтпаев көшесінде орналасқан коммуналдық базарды аралап, ондағы азық-түлік бағаларымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары алдымен күнделікті тұтынатын сәбіз, пияз, картоп, ет және сүттің бағаларына назар аударды. Картоп бағасы расымен де барлық нүктелерде қымбат болып шықты. Бір келісі 130-160 теңге аралығында. Пияз – 59-80 теңге, сәбіз – 90-120 теңге, 600 грамм нан 55-65 теңгеге саудалануда. Сиыр етінің әр келісі 1400-1700 теңге төңірегінде. Айта кетерлігі, аталмыш сауда нүктелерінің бірқатарына, әлеуметтік коммуналдық дүңгіршектерге облыстық тұрақтандыру қорынан «Меркі ет комбинаты» ЖШС-ның еттері 1200 теңгеден сатылымға қойылған. Алайда «Гауһар» гастрономы қолжетімді бағадағы еттерді сөрелерінің шеткі бір бұрышына ғана, елеусіз етіп қойса, «Small» сынды супермаркеттер әкімдік тарапынан ұсынылған етті сатылымға шығарудан бас тартқан. – Біз тұрақтандыру қорына қазіргі таңда 30 тонна көлемінде сиыр етін сатып алуға шарт жасасып қойдық. Оның 10 тоннасы сауда нүктелеріне таратылып, келісі 1190-1200 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, Жуалыдағы «Зылиха» шаруа қожалығынан келісін 45 теңгеден 500 тонна картоп сатып алдық. Ол да алдағы уақытта қаладағы ірі сауда орындарында ары кеткенде 95 теңгеден сатылымға шығатын болады. 2 «Газель» автокөлігін алып, олардың бірі етті, екіншісі көкөністі қаладағы ірі сауда орындарына таратып отыратын болады. Әлі де біраз дүкендермен байланыс орнатып, қолжетімді бағадағы тауарларымызды сол жерлерге қоятын боламыз. Жалпы, тұрақтандыру қорының әлеуметтік дүңгіршектерінде біраз азық-түлік бағасы нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан болады. Мұнымен қоса, қазан айының соңына қарай орталық Достық алаңында жылдағыдай апта сайын жәрмеңке ұйымдастырамыз. Онда саудагерлер көзбояушылық жасамас үшін, бағаны ұдайы бақылауда ұстайтын боламыз. Әр өнімнің өзінің шекті бағасынан асырып саудалануына жол бермейміз, – деді Мәден Тоқтарбайұлы. Жалпы, бақылау барысында ең қымбат сауда орталығы – «Small», ал ең арзаны – «Тәтті себет» сауда желісі болып шықты. Ал Сәтпаев көшесіндегі коммуналдық базарда көп тауар тіпті кейбір сауда орталықтарындағы бағалардан қымбатырақ екендігі анықталды. Соңында облыс әкімінің орынбасары тиісті лауазымды тұлғаларға барлық сауда орындарындағы баға белгіленген шекті бағадан асып кетпеуі тиіс екендігін, оның үнемі бақылауды қажет ететіндігін, осы бағытта жұмыс істеу керектігін ескертті.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар