Өңір экономикасында өсім бар
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтіп, онда өңіріміздің биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы экономикалық-әлеуметтік дамуының қорытынды нәтижелері қаралып, талқыланды. Оған Тараз қаласы мен аудан әкімдері, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар хатшылары, облыс әкімдігі басқармалары мен құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нүрипа Нұржігітова баяндама жасады. Оның айтуынша, бұл орайда оң нәтижелерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс салаларының даму қозғалысын көрсететін қысқа мерзімді экономикалық индикатор есепті мерзімде 103 пайызды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңі деңгейінен 3,1 пайыздық тармаққа жоғарылаған. Бұл – еліміз өңірлері арасындағы 9-шы орын.
Сондай-ақ, макроэкономикалық көрсеткіштердің бірі – негізгі қорға салынатын инвестиция көлемі есепті мерзімде 0,8 пайызға ұлғайған. Өсім «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Индустриялық-инновациялық даму» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар және инфрақұрылымдық инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен де байланысты.
Баяндамашы халықтың жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табысы 2017 жылдың 2 тоқсанында 52,7 мың теңгені құрап, 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда номиналды түрде – 9,6, нақты түрде – 2,3 пайызға өскенін де атап өтті. Яғни, бір қызметкердің орташа айлық еңбекақысы үстіміздегі жылдың 2 тоқсанында 103,1 мың теңгені құрап, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен номиналдық түрде 4,3 пайызға артқан.
Ал өңірдегі жұмыссыздық деңгейі үстіміздегі жылдың 2 тоқсанында 4,9 пайызды құрапты. Яғни, орташа республикалық көрсеткіш деңгейі сақталуда. Көрсеткіштің оң қалыптасуы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған үкіметтік бағдарламасының» табысты жүзеге асырылуымен де байланысты болып отыр екен. Аталмыш бағдарлама шеңберінде есепті мерзімде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен барлығы 27939 адам қамтылып, жалпы, үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында жаңадан 9119 жұмыс орны ашылған.
– Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемінің өсімі 3,6 пайызды (182,2 миллиард теңге), оның ішінде өсімдік шаруашылығында 3 пайызды (98,4 миллиард теңге), мал шаруашылығында 4,4 пайызды (83,1 миллиард теңге) құрап отыр. Есепті мерзімде ет өндіру көлемі – 7,3, сүт – 3,3, жұмыртқа – 15,8, жүн 1,1 пайызға ұлғайған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері күшімен 625,7 мың тонна масақты дәнді дақыл жиналып алыныпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34,0 мың тоннаға артық. Дәндік жүгері, көкөніс, картоп, майлы дақылдар және қант қызылшасын жинау жұмыстары жалғасуда.
Баймаханбет ахмет,
«Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді