Меркі жерінде жаңару да бар, шешімін тауып, ширататын істер де бар
- author «Ақ жол»
- 26 қазан, 2017
- 273
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауданға іссапарын Жамбыл ауылдық округі аумағындағы 400 мың текше метр су сақтау әлеуетіне ие қойманың жағдайымен танысудан бастады. Аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Абжапаров жалпы ауданда бүгінде 24 су қоймасы бар екендігін, олардың бәрін тиімді пайдаланса, 2,5 мың гектар жерді суғаруға болатынын, ал «Көлтоған» су қоймасы 2016 жылы су қысымын көтере алмай жырылып кеткенін, егер бұл су жинақтаушы жасанды көлді қалпына келтірсе, 230 гектар алқапты суаруға мүмкіндігі жететінін айта келіп, өңір басшысының осы су қоймасын қалпына келтіруге қаржы бөлінуіне ықпал етуін сұрады. «Көлтоған» бөгенінің жай-күйін облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов баяндап, аталған жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жобалық-сметалық құжаттары түзілгенін тілге тиек етті. Кәрім Нәсбекұлы айтылған жайларды мұқият тыңдап: – Міне, өздеріңіз айтып тұрғандай, суландыру мәселесі өте өзекті. Жыл аяғына екі айдан аз ғана асатын уақыт қалды. Қараша айының басынан бастап жаңа 2018 жылдың бюджеті қалыптастырыла бастайды. Сол себепті Мойынқұм, Қордай, Шу аудандарын аралап, бірінші кезекте қандай істі атқаруға тиісті екенімізді, қандай өзекті мәселеге қаржы бөлу керектігін өз көзіммен көрейін деп келдім. Сіздер айтқан су қоймасының жағдайын егжей-тегжейлі зерттеуді, тиянақты сараптама жасауды орынбасарым Мәден Мұсаевқа, сала басшысы Серік Қойбақовқа және аудан әкіміне тапсырамын. Бұл су бөгетіне қомақты қаржы жұмсап ретке келтірсек, оның қайтарымы да болары анық, мемлекет қаржысын қалай болса солай шашуға болмайды, – деді. Бұдан кейін аймақ басшысы округтегі 1956 жылы салынған, аумағы 3206 шаршы метрді құрайтын аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты апатты жағдайдағы №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков мектептің бұрын Жамбыл колхозының клубы болғандығын, саман кірпіштен салынып, қабырғалары шалқайып, қауіп туғызып тұрғанын айтты. Осы арада облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қыруар қаржы жұмсап ескі ғимаратты жөндегенше, Трубицын атындағы мектеп жанынан жаңа құрылыс нысанын тұрғызған жөн деген ұсынысын білдірді. Жамбыл және Меркі ауылдық округтерінде 25 мыңнан аса тұрғын тұратынын, спорт мектебінің қажет екенін айтқан Кәрім Нәсбекұлы: «Ескі күртешеге алтыннан түйме тақсаң да сапасы жақсармайды» демекші, бұл мәселені де ойластырып, жаңа бокс мектебі мен заманауи спорт залын соққанымыз дұрыс» деп, тиісті лауазым иелеріне нақты тапсырмалар берді. Бұл күндері қатты отын, жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты азық-түліктің де бағасы шарықтап бара жатқаны жасырын емес. Осыны еске салған өңір басшысы аудан орталығындағы «Махаббат әлемі» сауда орталығындағы сауда алаңы 1000 шаршы метр болатын «Себет-Корзина» азық-түлік супермаркетін аралап көрді. Бір айта кетерлігі, кондитерлік өнімдер мен «Дока» бірінші сұрыпты бөлке наны аталған дүкеннің екінші қабатындағы өз наубайханаларында пісіріледі екен. Дүкендер желісінің басқарушысы Исатай Оразов мұнда 10 мыңнан астам азық-түлік пен басқа да тауар түрлері саудаланатынын, 40 адам келушілерге қызмет көрсететінін, олардың жалақысы 45-50 мың теңге екенін айтты. Мұнда тауарлардың бағасы базардағыдан 10-15 пайыз арзан екендігі, көптеген азық-түлікке арнайы акция өткізіліп тұратындығы, тұтынушылар кейбір тауарларды 20-30 пайызға дейін төмен бағаға сатып ала алатындығы назардан тыс қалдырылмады.
Акция жарияланған көптеген тауарлардың базар мен дүкендегі бағалары да қатар көрсетіліп, ілініп қойылыпты. Облыс басшысы дүкен ішін аралап көру барысында картоптың бір килосы – 80, сәбіздікі 115 теңге тұратынына да назар аударып:
– Картоптарыңыз шынымен 80 теңге ме, әлде облыс басшысы келеді деген соң арзандатып қойдыңыздар ма? – деп сұрады. – Жоқ. Бұл шын бағасы. Ресейден әкелінген тауар. Ал сәбіз Павлодар облысының өнімі, – деді сатушы нақпа-нақ жауап беріп. – Сонда Меркінің, Тараздың, Жуалының картобы қайда? – деді өңір басшысы ауданы әкімінің орынбасары мен өзінің орынбасары Мәден Мұсаевқа қарата. – Біз 500 тонна өнімді 45 теңгеден сатып алып, облыстық қорда ұстап тұрмыз. Аудандарға бұл туралы хат та жібергенбіз. Дүкен иелері бұл өнімдерді алып келіп, бағаны тұрақтандырамыз десе жол ашық, – деді Мәден Тоқтарбайұлы. Ал, облыс әкімі аудан басшыларына «1500 тонна картоп жинасаңыздар, ол неге өз дүкендеріңізде жоқ. Алдымен өз тұтынушыларыңызды қамтамасыз етпейсіздер ме?» деп қатаң ескерту айтты. Айта кету керек, бұлар облыс әкімі келген соң бағаны әдейі төмендетіп отыр ма деген күдікпен біз келесі күні «Дәмді себетке» қайта бас сұққанбыз. Шынымен бағалар сол күйінде, 10-30 пайыздай жеңілдікпен әртүрлі тауарлар қызу сатылып жатты. Облыс басшысының келесі атбасын бұрған жері Меркі колледжі болды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру, жас ұрпаққа кәсіптік білім беру – уақыт талабы. Бұл іске Елбасының да ерекше мән беріп отырғаны баршаға мәлім. Кәрім Нәсбекұлы «Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» басқармасы коммуналдық мемлекеттік мекемесі тапсырысымен құрылысы жүріп жатқан №9 колледждің жаңа ғимаратының құрылысымен мұқият танысты. Құрылыстың жалпы жобалық-сметалық құны 255 820 873 теңгені құрайды екен. Мердігер «АКМ Group» ЖШС жұмысты осы жылдың желтоқсан айының аяғына дейін бітірмекші. Облыс әкімімен бірге келген облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтің бастауымен колледждің негізгі ғимаратын да аралап көріп, білімгерлермен жүздесіп, компьютер сыныбында сұхбаттасып, оларды сөзге тартты. – Біз жаңа заманның жаңаша ойлайтын ұрпағымыз, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын мұқият оқып, таныстық. Саналы, сапалы білім алуға күш салып жатырмыз. «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілді меңгеру», латын харпіне көшу бізге өзгеше міндет жүктейді, – дейді білімгер Арай Мәуленова. Оқу орнының басшысы Ғалымжан Мамырбаев та өздеріне жүктелген міндеттің үдесінен шығатындықтарына сенімді екендіктерін жеткізді. Аталған колледждің шәкірттері мен №9 Савва атындағы мектептің ұстаздары алдында да облыс әкімі К. Көкірекбаев Елбасының биылғы халыққа Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының мән-мағынасы терең екенін, 10-15 жылдан соң қоғам мүлде басқаша күйге енетінін, отыз дамушы елдің қатарына кіру әрбір қазақстандыққа үлкен міндет жүктейтінін, латын жазу үлгісін әлемнің 100 елі пайдаланатынын, ағылшын тілін меңгеру де үлкен мән-маңызға ие екенін баса айтып, осы бағытта нақты жұмыстар жүргізу керектігін атап өтті. Кәрім Нәсбекұлы Савва мектеп-интернаты жаңа ғимаратының спорт, мәжіліс залдарын, асханасын аралап көріп, ерекше ризалық білдіріп, ұстаздарға табыс тіледі. Өңір басшысы бұдан кейін кәсіпкер Ширван Османовтың жылыжай шаруашылығымен танысып, хал-жағдайын біліп, жаңа жетістіктерге жете беруіне тілектестігін білдірді. Бір назар аударарлық жай, үш сотық қана жерге егілген қияр, жүзім секілді дақылдардың өнімі де көл-көсір. Жылыжай иесі алғашқы жинаған өнімі есебінен 2 миллион теңге таза пайда тапқанын айтады. Ол жылыту жүйесін өз қолымен жасап шығыпты. «Сыпатай батыр» ЖШС-ның қант қызылшасы алқабына келген кезде аудан әкімінің орынбасары Б.Абжапаров аудандағы ауыл шаруашылығы жұмыстарының барысымен, ал серіктестік төрағасы Қанат Шайхиев өздеріндегі элиталық тұқым өсіру шаруашылығының жағдайымен таныстырып шықты. Аталған агроқұрылымда күздік бидай – 1500, арпа – 300, қант қызылшасы 190 гектарға өсіріліпті. Масақты дақылдың орташа өнімділігі – 23, қант қызылшасында 600 центнерден айналған. Қ. Шайхиев жуырда француздық әріптестерінің келіп кеткенін, олардың алдағы уақытта өнімділігі жоғары тұқыммен қамтамасыз етуге уәде бергенін де атап өтті. Алқап басында өңір басшысы көлемі ат басындай қант қызылшасын жоғары көтере ұстап тұрып, шын ризалық білдіре: – Қанат, тәтті түбірден жыл сайын жоғары өнім алып келесің. Қызылша өсіруге қанша қаржы жұмсадың? – деп сұрады. Серіктестік басшысы өз шамасын айтты. Алпыс миллиондай теңге жұмсап, 12 мың тонна балтамыр жинаған диханның таза табысы 180 миллион теңгедей болатынын Кәрім Нәсбекұлы сол жерде қолмақол есептеп те берді. Орынбасары Мәден Мұсаев пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовке қант қызылшасының жоғары сұрыпты тұқымдарын пайдаланып жұмыс жүргізу керектігін ескертті. Кәрім Нәсбекұлы осы орайда өткен жылы облыс бюджетінен 420 миллион теңге бөлініп, оның – 200 миллионы тұқым, 220 миллион теңгесі техника алуға жұмсалғанын айтып, бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табатынын, бұл әріптестіктің тиімді екендігін атап өтті. Осы күні облыс басшысы Андас батыр ауылдық округінің «Арал Қыстақ» бөлімшесіндегі 50 орындық бастауыш мектептің жай-күйімен танысып, онда оқитын 42 баланың 40-ы №3 орта мектепке тасымалданатынына назар аударып, мүмкін 3-4 оқытушыны жұмысқа алып, шығынын есептеп, балаларды бір мектепке оқытқан орынды болар деген ұсынысын айтты. Мектеп ауласында өңір басшысы қариялармен де сұхбаттасып, олардың осындай хан сарайындай мектеп соғып бергені үшін айтқан алғыстарына өз ризалығын білдірді. Бұдан соң облыс әкімі «Орталық Азия қант зауытының» жұмысымен танысып, 1 миллиард 100 миллиондай теңгеге орнатылған жаңа қондырғыларды өз көзімен көріп, қолымен ұстады. – Біз қарашаның алғашқы он күндігінде қант қызылшасын өңдеуді бастаймыз. Егер 170 мың тонна балтамыр зауытымызға жеткізілсе, біз оны 60-65 күнде өңдеп бітіреміз, – деді зауыт директоры Нұржан Қарғабаев. Зауыт істеп тұрса, ондағы жылу орталығы 6 мегаватт электр энергиясын өндіреді екен. Оның жартысын ғана өздері қажеттеріне жұмсайды. Ал қалған жартысы желге ұшқан дүниедей. Осыны баса айтқан аймақ басшысы зауыт директорына қалған энергияны ауданға арзан бағамен өткеруді ұсынды. «Меркі ет комбинаты» ЖШС облыстағы алдыңғы қатардағы өндіріс орындарының бірі. Оның қуаты жылына 250 тонна шұжық, 262 мың дана қалбырланған, бұқтырылған ет өндіруге және тәулігіне 100-150 бас ірі қара, 1000 басқа дейін ұсақ мал союға есептелінген. Комбинаттың мал сою алаңымен, жаңа мұздатқыш қоймаларымен танысып, тікелей мал сойып жатқан қасаптармен де әңгімелескен облыс басшысына зауыт директоры Берік Егембердиев осы жылдың тоғыз айында 102,7 тонна етті экспортқа шығарғандарын, оның 20 тоннасы Бахрейнге, 82,7 тоннасы Иран еліне жөнелтілгенін, енді 30 тонна ет Араб елдеріне жөнелтуге дайын тұрғанын баян етті. Бұдан кейін Кәрім Нәсбекұлы аудан активімен үлкен жиын өткізіп, іссапар барысын қорытындылады. Онда аудан әкімі М. Өмірбеков үстіміздегі жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ауданда есепті мерзімде 12 миллиард 695,3 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, нақты индекс көлемі 47,7 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 15540,8 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 101,6 пайызға орындалған. Ақ егістің әр гектарынан 25,2 центнерден өнім жиналыпты. Қант қызылшасының көлемі өткен жылғыдан 1381 гектарға ұлғайып, 2332 гектарға жетіп отыр. Бұл күндері оның қазығы қарқынды жүруде. Баяндамашы ауданда «Алтын асық», «Құлан», «Жайылымды суландыру», «Сыбаға» бағдарламаларының орындалуы көрсеткішіне де кеңінен тоқталып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 12 жоба іске асырылғанын атап өтті. Білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт салалары бойынша жетістіктерді де тілге тиек етті. Жиын барысында облыс әкімдігі басқармаларының басшылары да өз салалары бойыша атқарылып жатқан жұмыстары туралы хабарламалар жасап, алда тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталды. – Рухани жаңғыру көрнекі үгіт құралдарын тек көшелерге жарқыратып жазып іліп қоюмен бітетін жұмыс емес, оның маңызы орасан, түсінігі терең, көп болып қолға алатын жұмыс, – деді облыс әкімі өзінің қорытынды сөзінде. – Оны елге жеткізу үшін алдымен өзіміз жете түсінуіміз керек. Алты бағыттағы жұмыс өте ауқымды. Елбасы Жолдауы да «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «100 оқулық», үш тілді меңгеру, латын қарпіне көшу, Мәңгілік Ел бағдарламасы бәрімізге үлкен міндеттер жүктейді. Бүгінде әлемнің 100 елі латын әліпбиіне көшкен. Сондықтан біз де уақыт оздырмай, заман тынысынан қалып қоймай жедел іске кірісуіміз керек. Аудан әкіміне «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы ісінде баяулық танытылмай, мектептерді компьютермен, интернетпен жеткілікті қамтамасыз ету қажеттігін баса айтқан Кәрім Нәсбекұлы: – Ауданның абаттандырылуы, тазалығы және істеліп жатқан жұмыстарда ілгерілеу бар. Мен оған оң баға беремін. Осы ауылдың азаматысың, талабың дұрыс, халықпен бірігіп тал-дарақ егіп, көпшіліктің көңілінен шықсаң мәртебең артады, халықтың батасын аласың, – деді. Аймақ басшысы «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асырудағы кемшілікті жоюды, әлеуметтік базарды ретке келтіруді, атап айтқанда, көкөніспен қамтамасыз етуді жоспарлы жүргізуді тапсырып, алдымен аудан тұрғындарына өз өнімдерін ұсынуды, картоп пен сәбізді Қырғыз, Өзбек асырып жібердік деп жайбарақат отыруға болмайтынын да қатаң ескертті. Ал қант зауыты мен электр желісін тарату мекемесінің басшыларына электр энергиясын тиімді пайдалануды кешеуілдетпей шешуді тапсырды. Облыс әкімі К. Көкірекбаев, сонымен қатар, аудан әкіміне жылыжайларды салу кешеуілдеп, бұл істің көзі табылмай жатқанын баса айтып, істі ширатуды тапсырды. Жылыжайдың гидропоник, астында – балық, үстінде – қызанақ-қияр өсетін аквопоник деген түрлері бар екенін де ескерте кетті. Жалпы өзімізде қант қызылшасын өсіруді де түбегейлі қолға алу керектігін еске салған өңір басшысы Меркі ет комбинатының 1 миллиард теңгеден астам инвестиция тартып отырғанын құптап, оған облыс тарапынан да көмек көрсету қолға алынатынын атап өтті.
Меркі ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Серік құралбай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді