Қазіргі қазақ театр режиссурасының ілгерілеуіне зор үлес қосып жүрген сахнагерлердің бірі – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Қуандық Қасымов. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, олардың эстетикалық көзқарасының қалыптасуына, рухани азықтандыруға елеулі еңбек сіңірген ол асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін режиссерлік кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, құпиясына терең бойлаған режиссер осы уақытқа дейін жетпістен астам спектакль қойыпты. Әсіресе, оның соңғы жылдары еліміздің көптеген театрларында әлемдік драматургияның алыптары Шекспирдің «Ричард ІІІ», «Лир патша», «Ромео мен Джульетта», Софоклдың «Эдип патша», Еврипидтің «Троя арулары», Ж.Ануйдың «Медея» мен «Антигона» тәрізді күрделі дүниелерін сахнаға шығаруы үлкен мәдени оқиғаға айналды. Ол – қазақ театр өнеріне өзгеше ізденістермен келген жаңашыл режиссер. Бүгінгі көрермендер талғамына сай, олардың жүрегінен орын алатындай тақырыптарды іздеуге талпынады. Бүгінгі кезеңдегі адамдардың басынан өтіп жатқан өзекті мәселелерді сахналауды және көрерменді сол проблемаларға етене араластыру мақсатында қойылым формасын іздейді, зерттейді. Сондықтан да болар, Қ.Қасымов сахналаған қойылымдар ғұмырының ұзақ болып, театр репертуарынан өзіндік орнын сақтайтыны. Режиссер, мейлі классиканы, болмаса, аударманы, әйтпесе қазіргі қазақ шығармаларын қойса да, ол үшін ең маңыздысы, туындының бүгінгі күнмен өзектілігінде. Қазіргі заман тақырыбын сезіну арқылы жаңа заманға сай спектакльдің пішінін тудырады. Ол әрбір пьесадан бұрын-соңды ешкім байқай бермейтін жаңа нәрсе тауып отырады. Жалпы, Қасымов еліміздегі бетке ұстар, өз ойы, тұжырымы, көзқарасы бар және осыларды сахналық тілмен керемет жеткізе алатын режиссерлердің бірі екені ақиқат. Қуандық Қасымов 1957 жылы Қордай ауданы Қордай ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) оқып, драма театры және кино актері мамандығын бітірді. Актер Қуандық Қасымов облыстық қазақ драма театрының сахнасында қайталанбас бейнелер жасап кеткені белгілі. Ол рөлдер өзге зерттеуді талап ететіні сөзсіз. Орындаушылық өнермен айналысып жүріп режиссураға да қызығушылығы ояна бастайды. Бұл ойларының нәтижесі О.Бөкейдің «Құлыным менің», Б.Римованың «Мұрагерлер» атты қойылымдарымен ұласады. Әрине, тырнақалды жұмыстары бірден жұртшылықты өзіне қаратты дегеннен аулақпыз. Бірақ, осы спектакльдерді дайындау барысы Қуандық ағамыздың режиссураға деген махаббатын оятқаны сөзсіз. Сонымен қатар, дәл осы кезде Мәскеуге жол түсіп, В.Маяковский атындағы театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі, режиссер А. Гончаровтың тәлімін алды. Елге оралған Қ.Қасымовтың қойған алғаш дүниесі Е.Әлімжанның «Бір қазаққа – бір қатын!» комедиясында алға тартқан негізгі идеясы қазақтың «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дегеніне саяды. Режиссер кейіпкерлердің іс-әрекеті мен қимыл-қозғалыстарынан туатын орынды күлкілі көріністер мен мизансцена құруда қызықты шешімдер таба білген. Қ.Қасымов пьесаның жанрлық ерекшелігін жете ұғынғандықтан, спектакльде жеке дара комедиялық мінездер жасап, тосын жағдайлар туғызып, сәтті сахналап шығара білетін қабілетін танытты. Режиссурадағы алғашқы қадамдарын облыстық қазақ драма театрының сахнасында бастаған Қ.Қасымовтың шығарған М.Байжиевтің «Құдалар», Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Сократ түні», Д.Исабековтің «Пері мен періште», Ш.Мұртазаның «Ноқтаға басы сыймаған», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», Ф.Бөлековтің «Кемпірлер байға тигенде», Ә.Әмзеұлының «Кейуана», М.Хасеновтың «О, махаббат!», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», Е.Уахитовтың «Алтын дуал», У.Шекспирдің «Ричард III», О.Бодықовтың «Жан азабы», С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық», Б.Ұзақовтың «Жандауа», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», А.Бекбосынның «Домалақ ене», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» сынды өзге де спектакльдері оның күрделі шығармалармен еркін жұмыс жасай алатын қабілетін көрсетті. 2003 жылы Ә.Әмзеевтің пьесасы бойынша қойылған «Кейуана» атты спектакльде сұрапыл соғыстың сұмдығы мен тауқыметін мойнымен көтерген абзал ананың темірдей мықты тұлғасын қалыптастырған. Пьеса мәтіні мен кейіпкерлер санын қысқартқан режиссер шиеленісті ең басты қаһарман ана Қалидің трагедиялық күйіне негіздеген. Кейуана Қали – аналардың сұрыпталған, үлкен, жиынтық бейнесі. Қали рөліндегі Анар Сағымбекованың көрерменнің назарын өзіне аударуы, ананың трагедиясын психологиялық толғаныспен аша алуы жас актрисаның шеберлігін байқатты. Режиссер өзіндік бояу, үлгі іздеу мақсатында суретшімен бірге символды, шартты декорация жасайды. Сахнаның дәл ортасына орналастырылған жылжымалы бес жұлдыз соңына дейін оқиға ағымы бойынша әр алуан қызмет атқарып, негізгі әрекет орнына айналған. Жұлдызға ілінетін қызыл түсті жалаулар – махаббат, сенім, соғыс, қан, қайғыны меңзейді. Сонымен қатар, сахна төбесінен түсіп тұратын солдаттардың бас киімі соғыс белгісі де, олардың әрқайсысының үстінде жанған шырақ еліне оралмай қалған ерлерді еске алудың белгісі дегенге саяды. Қуандық Қасымовтың соңғы жиырма бес жылда сахналаған спектакльдеріне ой жүгіртетін болсақ, оның қыруар істер тындырғанына көз жеткіземіз. Ізденімпаз режиссердің классикалық дүниелерге деген қызығушылығын байқауға болады. Оның Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуы», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегі» қойылымдары қазақ театр тарихынан өз орнын ойып алды десек артық айтқандық емес. Облыстық қазақ драма театры сахнасындағы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінде режиссер негізгі екпінді Жантық бейнесіне түсіріп, оқиға желісін де, тартыс ағымын да, қойылымдағы барлық зұлымдықты осы кейіпкер төңірегінде өрбітіп, тіпті финалын да Жантықтың тікелей қатысуымен аяқтайды. Осы ойы арқылы режиссер сонау көне заманнан бері өмір сүрген зұлымдық әлі күнге дейін өз ықпалын күшейтпесе бәсеңдеткен емес деген ойды алға тартады. Режиссер тарих пен бүгінгі күннің терең байланысын ескерген. Жантық рөліндегі Ж.Әлімбеков режиссер ұсынған трактовкадан ауытқымай, пиғылы арам адамның бейнесін шынайы ашады. Ал қойылым соңында Жантықтың арам пиғылын сезіп қалған Қодар қанжарды соған қарай бағыттай бергенде қу зымиян Баянды дереу тоса қалуынан бейкүнә бойжеткен аңғал батырдың қолынан мерт болады. Дәл сол сәтте ыза-өкінішпен зарлаған Қодардың үстіне түскен аулар, оның енді бұл дүниедегі жалғыздығын әрі торға түскен аңның бейнетін басынан өткізетінін білдіретін ұтымды табылған шешім. Ал 2008 жылы облыстық қазақ драма театрында мүлдем жаңа интерпретациямен қойылған «Қыз Жібек» нағыз ізденістің нәтижесі. «Қыз Жібек» сынды классикалық дүниенің тың режиссерлік шешіммен камералық сахнада саунд-драма жанрында қойылуы ұлттық өнеріміздегі үлкен жаңалық болды. Режиссер эпостық материалға сүйене отырып, Жібек пен Төлеген тағдырының ең негізгі сюжеттік желісін ғана алып, жас ғашықтардың кездесуін, Бекежанның қызғаныш кесірінен жасаған әрекеттерін, Төлегеннің өлімін небәрі қырық бес минут ішінде көрсетіп шықты. Сахнада бар-жоғы тоғыз орындаушы өнер көрсетеді. Камералық қойылымнан шаманизм белгілерін де, вокалдық композиция элементтерін де, би мен әнді де, актерлік ойын мен режиссерлік тапқырлықты да, сценографиялық шарттылық пен ұтымды мизансценалық шешімдер де жаңаша интерпретацияда шешілген. Төбедегі шаңырақтың қос ғашықтың өліміне себепкер болған Бекежанның үстіне түсуін режиссер Қ.Қасымов символға құрған. Жас ару билеп жүріп, ақ матаның арасында ғайып болып ортада тек сәукелесі қалғанымен Жібектің өлімін белгілейді. Ал Жібектің көзін бұрымдарымен байлап екі жігіттің жебелерін алып билеуі, ақыры біреуін лақтырып жіберіп Төлегеннің ақ орамалы байланған оқты жоғары қарай көтеруі де әсерлі шыққан. Жастардың некелерін қию салты да әдемі шешілген. Спектакльдің негізгі ойын режиссер бимен, пластикамен, музыка ырғағымен беруге күш салған. Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің атақты ариясы «Гәкку» мен еліміздің көне «Қара жорға» биі шығарманың лейтмотивына айналған. Қойылымды әуенмен өңдеген Е.Құсайынов ұлттық музаканың нақышын қалдырып, заманауи ырғақта беруі де тақырыптың негізгі тартысын аша түсті. Ал Төлеген мен Бекежан арасындағы жекпе-жек кезінде дауылпаздың қағысымен орындалған динамикалы ырғақ екі батырдың Жібек үшін ешнәрседен аянбайтынын көрсеткендей. Көпшілік сахнасының орындауындағы өсек-аяң да пыш-пыштаған келіншектердің, сыбырлаған еркектердің дауыс какафониясы арқылы өзге бір түрде баяндалады. Бір мезетте көшкен ауылдың, келесі көріністе қыңқулап ұшқан аққуларды бейнелеген актерлер қимылы әдемі. Қатысушылар саны аз, қойылым ұзақтығы қысқа, эксперименттік шешімдерге толы әрі ұлттық фольклор мен салт-дәстүрден мол хабар береді. Кезінде бұл қойылым Каирде өткен эксперименталды театрлар фестиваліне қатысып жоғары баға алғаны баршамызға аян. Ұлттық нақышқа бай, этнографиялық элементтермен көмкерілген бұл спектакль шетелдегі өнер сүйер қауымды қазақ сахна өнерімен таныстырып, жаңа режиссерлік интерпретация мен актерлік шеберлік мектебінің жоғарғы деңгейін көрсеткен еді. Қ.Қасымов ағылшынның ұлы драматургы У.Шекспирдің шығармашылығына да батыл түрде барып, республика театрларында «Ричард III» (Тараз), «Король Лир» (Ақтөбе) мен «Ромео мен Джульеттасын» (Орал) сахналады. Осы аталған әр қойылым да кезінде елімізді дүр сілкіндірген жаңалықтар болды. 2007 жылы Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының сахнасында шығарған «Ромео мен Джульеттаның» интерпретациясы да өзгешелігімен ерекшеленді. Шымылдық ашылғанда, сахнаның бір бұрышында Капулетти жанұясы креске табынып шоқынып тұрса, мұсылманша киінген Монтеккилер намаз оқу үстінде. Осы алғашқы көрініс арқылы режиссер екі отбасының бір-біріне деген қастығының төркіні – дін екенін анық көрсетіп, бүкіл қойылымды осы идеяға бағындырады. Режиссердің бұл ойынан пьесаның трагедиялық бояуы қалыңдап, әлеуметтік тартыс күшейе түскен. Спектакльдің сахналық үлгісін жасаған Қырғыздың халық суретшісі М.Шарафидинов сахна кеңістігін толық пайдаланып, актерлерге еркін әрекет жасауға толық мүмкіндік жасаған. Режиссер мен суретшінің пластикалық шешімі бойынша оқиғалардың барлығы теңіз жағасында, сынған қайық пен жерге шаншылған ескектер арасында, күн сәулесі сирек түсетін күндер мен түндерде өтеді. Қойылымда басынан аяғына дейін естілген теңіздің шулаған дауылы мен шағалалардың дауысы екі жанұяның жауыздығы да қатал табиғаттың ықпалымен өшпей тұрғандай әсер қалдырады. Жарық сәулені де режиссер ұтымды пайдалана білген. Әсіресе, Тибальттің Меркуционы, Ромеоның Тибальтты өлтірген кезде сахнаның қан қызылға боялуы трагедия сарынын тереңдете түседі. Ал төрде орналасқан кеменің басы – бірде жас бозбалалардың ойындарына арналған төбешіктер болса, бірде Джульеттаның балконы, екінші көріністе жас қыздың бөлмесі, спектакльдің аяғында екі ғашық өздерінің өлімін тапқан қабіріне айналады. Режиссер сахнада видеоны да сәтті қолданған. Ромео Джульеттаны есіне түсіргенде арт жақтағы фоннан арудың бейнесі көрінеді және керісінше Джульетта сүйгені туралы айтқан кезде жігіттің бейнесі шығады. Сондай-ақ, антракт кезінде шымылдыққа сол видео арқылы түсірілген Ромео мен Джульеттаның бейнелері көрерменді үзіліс кезінде де махаббат әлемінен жібермейді. Осы қойылымдағы Қ.Қасымовтың бұл шешімі трагедиялық және лирикалық сарынды қоюландыра түскен. Соңғы жылдары режиссер Қ.Қасымовтың шығармашылық жолын қарап отырып, оның көне грек трагедияларына жиі ат басын бұрып, еліміздің біраз театрын классикалық шығармалармен толықтырып жүргендердің қатарынан табылатынын көреміз. Облыстық орыс драма театрында Жан Ануйдың «Антигонасы» мен Солтүстік Қазақстан облыстық театрында «Эдип патшасын» Батыс Қазақстан облыстық театрында Еврипидтің «Троя аруларын», Махамбет атындағы Атырау облыстық театрында Еврипидтің «Медеясын», Айгүл Иманбаеваның жекеменшік «АИ» театрында, грек шығармасы болмаса да сол тақырыптағы Жан Ануйдың «Медеясын» сахналауы классикалық драматургияны бүгінгі күнмен өзектес мәселелермен байланыстырудың мүмкіндігі зор екенін көрсетіп жүр. Жоғарыда айтылған қойылымдарымен Қ.Қасымов Керчь қаласында өтетін «Босфорские огни» халықаралық антика өнерінің фестиваліне қатысып, әрдайым жүлделі орынға және екі мәрте бас жүлдеге ие болуы театр тарихы үшін үлкен жетістіктердің бірі ретінде қабылданады. Бұл оның режиссерлік ой-тұжырымының, көркемдік шешімдерінің әрдайым тың да жаңаша болатынының дәлелі. Сондай-ақ, әр қойылымнан режиссердің көне мәтіндер арқылы бүгінгі күннің сауалдарына жауап іздегенін де байқау қиын емес. Әр қойылымымен режиссер эксперименттерге батыл барады, қатып қалған заңдылықтардан қашады. Бас-аяғы жинақы сахнада әрекетті динамизмге құрып, спектакльдерін жанр табиғатына сай сахналауының нәтижесінде артистер болмысындағы тың орындаушылық қабілеттерін ашып береді. Спектакльдерінде жаңа ізденістер, символикалық шешімдер кеңінен пайдаланып, көрерменнің көкірегіне ордалы ой ұялатады. Қорыта айтқанда, Қ.Қасымовтың режиссура саласындағы тың ізденістері күллі республикамыздағы театр өнерінің кескін-келбетіне өзіндік қомақты үлесін қосып жүр. Өнер өрісін кеңейтуде аянбай тер төгуден жалықпаған театр қайраткері халық санасына классикалық бейнелер арқылы ой тастап, өмірлік бағыт табуға атсалысуда. Қойылымдарында ешкімге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән режиссерлік ой-тұжырым, содан туған сахналық шешім бар. Қиын да қызықты режиссер мамандығының қыр-сырына терең бойлаған Қуандық Қасымовтың талай биік белестерден көрінген сәттерінің куәсіміз. Оның өнерге деген құштарлығы мен әрдайым ізденіс үстінде жүруі әлі талай тұшымды туындылар тудыруға мұрындық болатыны сөзсіз.
Анар Еркебай, театртанушы.
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- 3 желтоқсан, 2024
Халық театрларының халі мүшкіл
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді