«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жәдігерлер де сыр шертеді

Жәдігерлер де сыр шертеді
Ашық дереккөз
Жеңістің 80 жылдығы мен Б.Момышұлының 115 жылдығына орай Тараз қаласындағы «Даңқ» залында Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының музейі ашылған болатын. Бұл игі іс Баукеңнің келіні, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Зейнеп Ахметова мен немере інісі Бекет Момынқұлдың бастамасымен жүзеге асырылып еді.

Музей жетекшісі Бекет Әбділдәұлының айтуынша, бүгінгі күні осында Баукеңнің өмір және шығармашық жолымен танысуға арнайы келетіндердің қатары артқан. Соның бірі ретінде Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков те музейге арнайы келіп, Бекет Әбділдәұлының бастамасына қолдау білдіріп, мұражай жәдігерлерімен танысты.

– Сіздің төл әдебиетіміз бен журналистика саласына қосқан үлесіңіз зор. Елге сіңірген еңбегіңізді аймақ жұрты жақсы біледі. Енді, міне, қазаққа ортақ тұлға – Бауыржан Момышұлының музейін Тараз қаласына көшіріп, жаңаша жабдықтадыңыз. Сонымен қатар Баукеңнің ізінен ілескен жерлес генерал інілерін де осында жинақтап, Батырлар мен Генералдар елінің насихатшысына айналғандайсыз. Бұл бастамаңызды қолдаған, қуаттаған жұрттың үміті ақталды. Әрі өзіңіз биыл 70 деген белесті бағындырып, жазушылар мен журналистер ортасында үлкен құрметке бөленіп жатыр екенсіз. Осының барлығының бір арнада ұштасып, игі істе түйіскені қуантарлық іс болды, – деп атап өтті өз сөзінде Ерұлан Сәбенұлы.

Ал қонағына ағынан жарылған Бекет Әбділдәұлы осы істі қалай жүзеге асырғанын бастан-аяқ баяндай келіп, мұндағы жәдігерлермен таныстырып шықты.

Жалпы, мұражайда батыр Баукеңнің әулет шежіресінен бастап, әскери өмірімен толық таныса  аласыз. Музейде майдангердің «Маузер» тапаншасы да тұр. Оны ол көзі тірісінде өз қолымен облыстық тарихи-өлкетану музейіне тарту еткен. Сондай ақ, мұражайдан жанынан тастамаған қылышының көшірмесін де көруге болады. Жеке заттарынан жазу үстелі, жарық шамы, компасы мен пианиносы да бар. Осы жерден Кеңес Одағының Батыры Алтын жұлдызы мен Ленин орденінің көшірмелері, айдаһар бейнеленген қылышы, сондай-ақ, сирек кітаптары мен суреттері де қойылған.

Көрменің бірегей жәдігері – Бауыржан Момышұлы Қызыл Армия қатарына алғаш 1932 жылы шақырылған және запасқа шығып, елге 1956 жылы оралған өзімен бірге чемоданы мен соғыс кезіндегі батальон, полк, дивизияның құпия құжаттары сақталған темір сейфі болған. Жауынгердің жастық шағынан сыр шертетін суреттері де көп. Жалпы облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған музейге 230 жәдігер қойылған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар