Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аймақтағы атқарылған істерге оң бағасын берді
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аудандағы жұмыс сапарын Бірлік ауылында орналасқан «KazIrAgro» ЖШС-ның жұмысымен танысудан бастады. 2006 жылы құрылған кәсіпорын тәулігіне 3 тонна мақсары майын өндіру әлеуетіне ие. Мұнда өткен жылы 190 мың килодан аса өнім өндірілген. Серіктестік директорының орынбасары Марина Фетисованың айтуынша, қазіргі кезде өнімнің 70 пайызы Қытайға, 10 пайызы Ресейге экспортқа шығарылса, қалған 20 пайызы еліміздің өңірлеріне жөнелтілуде екен. Елуден аса жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отырған өндіріс жұмысына жоғары баға берген облыс әкімі К.Көкірекбаев әулиеаталықтарға ауыл шаруашылығы бағытындағы техника өте-мөте қажет екендігін еске салып, бұл тұрғыда ирандық инвесторлармен бірлесе жұмыс істеу керектігін тілге тиек етті. Себебі, олар мақсары майын өндірумен қатар, комбайн құрастырумен де айналысады. Осыған орай өңір басшысы құны 50 мың долларды құрайтын комбайнды аталмыш компаниямен бірлесіп, Шу пайдалану локомотив депосында құрастыруды ұсынды.
Бұдан кейін облыс басшысы бастаған топ жоғарыда аталған ауылдағы жаңадан ашылған дәрігерлік амбулаторияға атбасын бұрды. Типтік жобадағы бұл нысан 15 келушіге арналған. Оның құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 66 миллион 748 мың теңге бөлініпті. Заманауи үлгімен бой түзеген мекеме ғимараты күту залы, медициналық қалдықтарды сақтау қоймасы, емдеу бөлмелері, процедуралық кабинет секілді 11 бөлмеден тұрады. Барлығы заманауи үлгідегі медициналық жабдықтармен жарақтандырылған. Жеке қазандығы да бар. Қажетті 250 тонна қатты отынның бүгінгі күні 95,8 тоннасы түсіріліпті. Сәні мен салтанаты келіскен нысанды аралап көрген өңір басшысы мердігерлік мекеме – «Промхиммонтаж» серіктестігіне ризашылығын білдіріп, қызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Аймақ басшысының ауданға жұмыс сапарының екінші күні Ескі Шу ауылдық округіндегі «Дүкенбай» шаруа қожалығында жалғасын тапты. Нұртан Ашимов жетекшілік ететін қожалық биыл алғаш рет 10 гектар жерге қант қызылшасын егіп, одан мол өнім алып отыр екен. Игі істің өзі де куәсі болған облыс әкімі К. Көкірекбаев: –Ағымдағы жылы облыс бойынша 9,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілді. Осыдан үш жыл бұрын бұл көрсеткіш бар-жоғы мың гектарды ғана құраса, 2015 жылы оның көлемі 2,5 мың, былтыр 5 мың гектарға ұлғайтылды. Ал кезінде Әулиеата өңірі 16-18 мың гектарға дейін қызылша еккен. Енді алдағы уақытта бұл дақыл түрін егуді мықтап қолға алғанымыз жөн. Халықтың басым бөлігі тәтті түбірден түсетін табыстың көл-көсір екенін әлі де болса білмей отыр. Мәселен, биыл облыстық бюджеттен 420 миллион теңге бөліп, оның 200 миллион теңгесіне тұқым алсақ, ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға 220 миллион теңге жұмсадық. Қант қызылшасын жинағанда одан түскен пайда 4 миллиард 800 миллион теңгеге жетті. Сол себепті қарапайым халық тәтті түбір егуге бел шеше кірісуі қажет. Екіншіден, жалпы еліміздің қантқа деген қажеттілігі 450 мың тонна екен. Алматы мен Жамбыл облыстарын қоса алғанда қант қызылшасынан 50 мың тонна қант өндіріледі. Ал бізге Кубадан әкелініп жатқан сары қанттың сапасы отандық өнімнен әлдеқайда төмен. Сондықтан ішкі сұранысты қанағаттандырып, сол арқылы мол табысқа кенелу үшін қант қызылшасын егетін шаруалар санын арттыру керек, – деп, егіншілер ісінің алға баса беруіне тілектестігін жеткізді. Өңір басшысы, сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін аудан 70 гектарға жуық алқаптан жиналған 1500 тоннадай тәтті түбірді Меркі қант зауытына өткергенін тілге тиек етті. Осы ретте ширек ғасыр бойы осы дақыл түрін егіп, өсірумен айналысқан ауыл ақсақалы Кеңесбек Буданбаев өңір басшысына қант қызылшасын егетін жерді күз айынан бастап дайындау керек деген ұсынысын жеткізіп, «Сонда егін бітік шығып, оның өнімділігі де едәуір жоғары болады» деді. Бұдан кейін облыс әкімі К.Көкірекбаев инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізіліп жатқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына келіп, бірқатар жеке кәсіпкерлердің басын қосып, арнайы жиын өткізді. «Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақ аумағында 7 өндіріс орнын салуды жоспарлап отырған 6 қатысушы тіркелген. Жалпы, мұнда 15-ке жуық кәсіпорын ашылады деп күтілуде. Олар толығымен іске қосылғаннан кейін, 2000-нан аса жұмыс орны ашылады» – деген Кәрім Нәсбекұлы қазір мұндағы ішкі инфрақұрылымның орындалуы 65-70 пайызға жетіп отырғанын және әкімшілік ғимаратының құрылысы қараша айының соңына дейін толықтай аяқталатынын жеткізді. Облыс әкімі К. Көкірекбаев алдағы уақытта аталған аумақта өндіріс орындары көбеюіне байланысты оларға қызмет көрсететін шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын көптеп ашуға тапсырма берді. Кәсіпкерлерге бұл тұрғыда ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында өңір кәсіпкерлерінің басын қосқан облыс басшысы өз ұсыныстарын ортаға салды. Әңгіме барысында арнайы экономикалық аймақта шағын және орта бизнес нысандарын салуға ниет білдіруші кәсіпкерлер де табылды. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы» басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұржан Сұлтаналиев бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылған жұмыстары туралы баяндап берді. Сондай-ақ, ол арнайы экономикалық аймақта шағын және орта бизнес үшін ұсынылатын әлеуетті жобалар мен олардың даму мүмкіндіктері жөнінде түсіндіріп, өз кәсібін ашуға ниеттенген кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін жеткізді. Бүгінгі күнге дейін аудан тұрғындары үшін негізгі күнкөріс көзі – темір жол ғана болып келді. Ал «Тараз химиялық паркі» аумағында кәсіпорындар шоғыры іске қосылуына байланысты жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылатыны анық. Десе де, мұнда қарабайыр жұмысшыға қарағанда білікті мамандарға деген сұраныс көп болатыны түсінікті. Осы орайда АЭА-ына қажетті мамандық иелерін аудандағы колледждерде даярлау мәселесі де шешілуге тиіс. Басқа да өзекті мәселелер талқыланған жиында Кәрім Нәсбекұлы арнайы экономикалық аймақтың сыртқы инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, кәсіпкерлердің қосымша өндіріс орындарын ашуына барлық жағдайды жасау керектігін еске сала келе, аудан әкімі Қ.Досаев пен облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қ.Аралбековаға «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына инвесторлар тарту жұмыстарын барынша жандандыруды тапсырды. Облыс басшысы осы күні Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің жұмысымен де танысты. 339 оқушы білім алатын оқу орнының іргетасы 1938 жылы қаланған екен. Мектеп директоры Гүлбағила Сейдахметованың айтуынша, мұнда жоғары санатты – 11, бірінші санатты – 12 және екінші санатты 11 мұғалім қазақ және орыс тілдерінде екі ауысым бойынша білім береді. Мектеп ғимаратына ағымдағы жылы 48,3 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кәрім Нәсбекұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді түсіндіру және насихаттау бойынша жасалған стендтермен танысып, тиісті мекемелер басшыларына алдағы уақытта ауданның киелі жерлерінің картасын әзірлеп, әр мектепке орналастыруды, сондай-ақ, өлкетану бұрышын ашып, мектеп түлектерін, олардың бүгінгі жеткен жетістіктерін жазып көрсетуді тапсырды. Мектеп мақтаныштары туралы мәліметті осындағы оқушылар жан-жақты білуі тиіс. Аталған бағдарламалық мақаланың мән-маңызы нені көздейтіні жөнінде қойылған сауалдарға білім қызметкерлері мүдірмей жауап берісті. Осы арада облыс басшысы онда айтылған ой, тұжырымдарды жаттап алу мен санаға мықтап сіңіріп, түйсікпен сезінудің екі бөлек нәрсе екенін атап көрсетіп, «Ұлт Көшбасшысының аталған мақаласына шынайы рухани тұрғыдағы көзқараспен қарау керек», – деді. Бұдан кейін Кәрім Нәсбекұлы Шу қаласындағы қалалық аурухананың қазандығын «көгілдір отынға» ауыстыру жұмыстарының жай-күйімен танысты. Мекемеге «GazBurner» маркалы екі қазандық орнатылған. Жалпы, жылу жүйесін газға ауыстыру үшін облыстық бюджеттен 27 миллион теңге бөлініпті. Облыс әкімі К. Көкірекбаев жұмыс сапарының соңында аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өзінің орынбасарлары мен басқарма басшылары және аудан тұрғындарының қатысуымен актив жиналысын өткізді. Басқосу барысында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында туындайтын міндеттер басты әңгіме арқауы болды. Аудан әкімі Қ.Досаев ағымдағы жылдың 9 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштері туралы баяндап, бірқатар іргелі істерге тоқталды. Қайрат Әскербекұлының айтуынша, аудандағы орта өнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 7 миллиард 160 миллион теңге болса, бұл жалпы шығарылған өнім көлемінің 20,3 пайызын құрайды екен. Сондай-ақ, ауданда ағымдағы жылдың 9 айында 458 қылмыстық іс тіркеліп, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 50,3 пайызға азайған. Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс әкімі К.Көкірекбаев аудан еңбеккерлері Елбасының тапсырмалары мен алға қойған міндеттерін уақтылы әрі сапалы орындауда қолда бар мүмкіндіктерді қалт жібермей пайдаланып, соның арқасында даму көрсеткіштерін де едәуір арттырып отырғанын атап өтті. Бұдан кейін облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж.Баубеков «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында биыл атқарылған жұмыстарды сараптап, оған аудандардың қосқан үлестері жөнінде баяндап берді. Оның мәлімдеуінше, облысымызда 40 білім беру ұйымдары еңбек нарығында сұранысқа ие 58 мамандықты анықтаса, оның ішінде 388 шулық 19 мамандық бойынша білім алып шыққан екен. Осы ретте облыс басшысы жуырда ғана Елбасының облысымызға жұмыс сапары кезінде халықты жұмыспен қамту шараларын мейлінше күшейтіп, жұмыссыздардың санын азайтуды тапсырғанын ескертіп, басқарма басшысына бірқатар міндеттер жүктеді. Актив жиынында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Р.Тұрмаханбетова «Үштілді білім берудің және білім беру нысандарының жай-күйі» туралы құлағдар етсе, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Б. Желдікбаев «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолын жөндеу жұмыстарының барысын баяндап берді. Аталған бағыттағы жолдың қазіргі алаңдатарлық жағдайын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ол жолдағы шұрық тесік шұңқырлардан көз сүрінеді. Мұның өзі жолаушылардың жүйкесін жұқартып, уақыттарын зая кетіруде. Жол-көлік оқиғалары, автокөліктердің қозғалыс тетіктері мерзімінен бұрын істен шығуы жиі орын алуда. Қысқасы, өткен ғасырдың 60 - жылдарының басында салынған асфальт жолдың әбден тозығы жеткен. Осыған дейін бұл мәселе облыс әкімдігінің аппараттық жиынында да айтылып, «Қазавтожолдың» жол жөндеу кезінде жіберген олқылықтары сын тезіне алынған болатын. Жол мәселесі осы жолы да өңір басшысының назарынан тыс қалмады. Ал өз кезегінде Берік Дәулетханұлы жол жөндеу барысында кеткен қателіктер үшін жауапты мамандар тиісінше жауапқа тартылатындығын жеткізді. «Қазіргі кезде Шу ауданынан Мойынқұм ауданына барар жолдағы шұңқырларды жөндеуге 5 бригада жұмылдырылса, Тәтті ауылынан Меркіге дейінгі жолға екінші бригаданы жібердік. Бұл жұмыстар қараша айының соңына дейін толықтай жүзеге асырылатын болады» – деді ол. Шулықтарды ұзақ жылдар бойы әбігерге салған дәл осы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары келесі жылдың мамыр айынан басталады. Осы ретте, облыс әкімі: «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында таяу жылдары 6000-ға жуық адам жұмыс істейтін болады. Шу қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан экономикалық аймаққа бару үшін темір жолдан өтуге тура келеді. Бұл тұрғындар үшін көп қиындық тудыратыны белгілі. Сондықтан осы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» жолын жөндеу кезінде оны Шу қаласының сыртымен жүргізу керек. Сонда экономикалық аймаққа бару да ыңғайлы болар еді» – деп, өз ұсынысын білдірді. Бұдан кейін облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова кәсіпкерлікті қолдау тетіктеріне, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мүсілім Қасымов қысқы жылыту маусымына дайындық барысына қатысты мәселелер туралы баяндаса, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» директоры Мавлюда Бокаева жиналғандарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында хабардар етті. Актив жиынының соңында аймақ басшысы ауданда атқарылған жұмыстардың ауқымды екенін алға тартып: – Байқауымша, Қайрат Әскербекұлы ауданға қызметке келгелі көптеген түйткілді мәселелердің түйінін тарқатыпты. Ұзақ жылдар бойы шулықтардың жанайқайына айналған ауданның ішкі жолының жағдайы да едәуір жақсарып, ел игілігін көре бастаған. Айта кететін бір жайт, аудан әкімшілігінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында «Аудандық жобалық офис» құрылыпты. Бұл басқаларға да үлгі болуға тиіс. Одан бөлек, бірқатар жаңа нысандар халыққа есігін айқара ашқан. Міне, осылайша аудан әкімі халықтың көкейіндегіні дөп басып, дұрыс бағытта келе жатыр. Бұл өзіңнің туған жерің, демек халық сенен көп нәрсе күтеді, – деді. Басқосу барысында облыс әкіміне тұрғындар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алды. Кәрім Нәсбекұлы ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға өзінің оң бағасын берді.
Шу ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ерғали қартайған, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді