Ауыл тұрғындарының дені егін және мал өсіріп, өздерін-өздері жұмыспен қамтуда. Бүгінде елді мекендерде жекеменшікте жүздеген ірі қара, жылқы және мыңдаған қойлары бар отбасылар аз емес. Мұның өзі елімізде азық-түлік молшылығын жасаумен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға да игі ықпалын тигізуде. Көлтоған және Кеңес ауылдары аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылынан шалғайда орналасқан. Ауылдықтар мемлекеттік бағдарламалардың арқасында малды, оның ішінде ірі қараларды көптеп сатып алуға күш салуда. Соның нәтижесінде қазір аталған ауылдарда бірқатар отбасылар – 60, ең аз дегені 5-6 сиыр ұстап отыр. Олар жыл-он екі ай өндірген өнімдерін сүт дайындаушыларға өткізеді. Жоғарыдағы екі ауылдан сүтті Нұрмахан Жүнісәлиев және оның ұлы Шерхан арнайы жабдықталған екі автокөлікпен жинап, Б.Момышұлы ауылындағы сүт қабылдау пунктіне жеткізеді. Нұрмахан Жүнісәлиев – Көлтоған ауылының тумасы. Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген ол еңбек жолын туған ауылында зоотехниктен бастап, кейін бас зоотехник болды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында ірі агроқұрылымдар тараған кезде бірден осы кәсіпті қолға алды. Міне, содан бері 18 жыл өтіпті. Алғашқы кезде екі елді мекеннен 60 отбасы ғана сүт өткізсе, қазір олардың саны 300-ден асты. Жазда Нұрмахан ұлы екеуі күнделікті аудан орталығындағы сүт қабылдау пунктіне 6 тонна өнім өткізеді. Қазір сауын сиырлардың суалуына байланысты олар күнделікті 1,5 тоннадан астам сүт жинауда. Тараздағы сүт өңдейтін «Көкжиек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Б.Момышұлы ауылындағы қабылдау пунктінде 15 тонналық тоңазытқыш бар. Сүт – тез бұзылатын шикізат болғандықтан ол зертханада тексеруден өткізілгеннен кейін бірден тоңазытқыштарға құйылады. Салқындатылған өнім арнайы автокөліктермен Таразға жөнелтіледі. Осында өнімді қабылдап алу, зертханадан өткізу, тоңазытқышқа құйып, арнайы автокөліктермен жөнелтумен 30-ға жуық адам айналысады. Бұл жұмыста жыл-он екі ай бір үзіліс болмайды. – «Бес саусақ бірдей емес». Ел іші болған соң алғашқы кезде өткізетін сүтінің қаймағын қалқып алатын, оны көбейту үшін су қосатындар да кездескен. Әйтсе де мен бұл істің маманы болғандықтан сүттің сапасын түсіне қарап бірден білемін. Біраз ескертулер жасап, ұялтқаннан кейін мұндай келеңсіз оқиғалар мүлдем азайды десе болады. Біз әр өткізушіден оның литрін 80 теңгеден қабылдаймыз. Оларға әрбір 15 күн сайын төлем жасалады. Жазда айына 10 тонна сүт өткізетін отбасылар да бар. Олар бір айда 800 мың теңге табады. Әлбетте, аз ақша емес. Тұрақты әрі сапалы шикізат өткізетін ағайынды Нұрғали және Жанғали Нүкісбеков және Қуан Сейділдаев сияқты азаматтар өзгелерге өнеге көрсетіп келеді, – дейді Нұрмахан Жүнісәлиев. Жуалының, оның ішінде Боралдай жақтың ауа райы аса қатал. Қыста мұнда кейде апталап боран соғып, жол жабылып қалады. Нұрмахан Сәдуақасұлы мен баласы Шерхан талай рет жолда қалып кеткен. Бірақ соған қарамастан олар тұрғындардан өнімдерін уақтылы жинап, өткізуге күш салып келеді. Қазір Нұрмахан мен Шерхан қос ауылдың ең жақын, жанашыр азаматтарына айналып кеткен. Шалғай ауылдардың тұрғындарына аудан орталығына жиі қатынауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан да сүт өткізушілер күнделікті тұрмыста тұтынатын қант, шай, ұн және майға Нұрмахан мен Шерханға тапсырыс береді. Олар тапсырыстарды сатып алып, үйлеріне тегін жеткізіп береді. Тұрғындарға бұл да үлкен көмек. Жүйелі және табанды жұмыс жүргізу нәтижесінде Көлтоған және Кеңес ауылдарынан жеткізілетін өнім сапасы да жыл сайын жоғарылап келеді. Қазан, қараша және желтоқсан айларында сүттің базистік майлылығы 3,8-4 пайызға дейін көтеріледі. Мұндай сүттен өңделген кезде жоғары сапалы өнім шығарылатыны айтпаса да түсінікті.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді