«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мерзімінде көшудің мүмкіндіктері мол

Мерзімінде көшудің мүмкіндіктері мол
ашық дереккөз
Мерзімінде көшудің мүмкіндіктері мол

Лескүл ИБРАИМОВА, ТарМПИ-дың өнер жəне мəдениет факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Үстіміздегі жылғы 9 қазан күні Ақордада кириллицаны латын әліпбиіне ауыстыруды жүзеге асыру жөніндегі жұмысшы топ мүшелерімен кездесу өткізіліп, онда Елбасына 32 әріптен тұратын латын әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Мемлекет басшысы өзінің 2012 жылғы халыққа Жолдауында латын әліпбиіне көшу жөнінде айтқаны баршаға мәлім. Рас, жаңа әліпби нұсқасының халық арасында қызу пікірталасын тудырған мұның алдындағысына қарағанда біраз ерекшеліктері де бар. Тілдерді дамыту жөніндегі Ш. Шаяхметов атындағы республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы жаңа әліпби түзушілердің бірі болып табылады, аталған мекемеге қазақ тілін латын қарпіне көшіру бойынша шамамен 160-тай ұсыныс жолданған. Осыған байланысты Елбасы, сондай-ақ, арнайы жұмысшы тобының мүшелері қоғам тарапынан түскен пікірлерден қорытынды шығарып, латын әліпбиі нұсқасының жаңа жобасы дүниеге келіп отыр. Онда, атап айтқанда, қазақ тілінің арнайы дыбыстарының апострофтармен белгіленуі жастар арасында латынша тілдесу үдерісін едәуір жеңілдететін болады. Мысалы, «ә» әрпін латынша «а’» түрінде беруге болады. Аталған нұсқа жастар арасында кең қолданысқа ие, сондықтан үлкендердің де, жастардың да жаңа әліпбиге бейімделуі аса қиындық туғызбайды деп ойлаймыз. Латын әліпбиі Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Түркия секілді бірқатар мұсылман елдерінде қазірдің өзінде табысты қолданылу үстінде. Ал оған көшу мәселесі, бұл үшін Өзбекстанға – 22, Әзірбайжанға – 9, Түркияға – артық-кемі жоқ 30 жыл қажет болғанын ескерсек, біраз уақыт алатыны да анық. Сондықтан, біз Елбасының 2025 жылды күтпей, латыншаға көшуді қазірден бастап кетуді міндеттеуін әбден құптаймыз. Баршаға мәлім, қазақ жазу үлгісі 1929 жылы ресми түрде латыншаға ауыстырылып, он жылдай салтанат құрған-ды. Бүгінгі жасалып отырған қадам соншалықты таңсық емес, мұны түп-тамырға оралу деп есептейміз. Қазіргі уақытта бұл тұрғыда ауқымды жұмыстар жүзеге асырылу үстінде, кириллицадан латыншаға көшу мәселесінде көптеген ғалымдарымыз еңбекқорлық һәм табандылық танытуда. Барша қазақстандықтар да латын әліпбиіне ең қысқа мерзім ішінде көшудің үлгісін танытады деп ойлаймыз, соған нық сенімдіміз де. Біз латын жазу үлгісіне көше отырып, біріншіден, ана тіліміздің табиғилығын, тазалығын сақтап қала аламыз. Екіншіден, кірме сөздерге қатысты көптеген ережелер жойылады, ал бұл қазақ тілін үйренуді де едәуір жеңілдетпек. Үшіншіден, қазақ тілінің халықаралық аренадағы беделін арттырып, ілгері басуына, әлемдік мәдениеттің жетегіне еруімізге септесетін болады. Шетелдіктер тарапынан да біздің тілімізді оқып, үйренуге деген қызығушылық анағұрлым артпаса, кемімек емес. Қазір біз заманауи ғылым мен технологияны, ғаламторды игеруге талпыныс жасаудамыз. Ал мұның барлығы да латын қарпіне негізделген. Сондықтан біз заманға сай аяққа тұруға, алға ілгерілеуге тиіспіз. Көп ұлтты ел болғандығымыздан, қазақ жазу үлгісінің латыншаға көшірілуі ел ішіндегі, сыртындағы да бірлігімізді рухани тұрғыда да нығайтып, жақындастыра түспек. Әрі еліміздің барлық салада табысты дамуына орасан зор мүмкіндіктер туғызатын болады. Бұл мәселе ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері тарапынан әлі де екшелініп, нақтыланады деп күтеміз. Осыған байланысты айтарымыз, халықтың келешегіне тікелей қатысы бар тағдырлы мәселеге жастарды да араластыру керек сияқты. Бүгінгі аға және орта буын өкілдері жобалап беріп жатқанымен, әліпбиді пайдаланатын негізінен кейінгі буын жастар ғой. Шын мәнінде бұл нұсқа жастар арасында кеңінен танымал, жалпы, халық үшін де солай боларына бек сенімдіміз.

Ұқсас жаңалықтар