«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ән әуелеп, күй күмбірледі

Ән әуелеп, күй күмбірледі
ашық дереккөз
Ән әуелеп, күй күмбірледі

Облыстық филармония басшылығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында композитор, дауылпаз дирижер, Алты Алаштың ардақты ұлы, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Өз елім!» атты концерттік бағдарламамен жаңа маусымның шымылдығын түрді. Әсем әндер әуелеп, күйлер күмбірлеген концерт барысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Мұхтар Рахманқұловтың жетекшілігімен қазақ ұлт аспаптар оркестрі әншілерді сүйемелдеп отырды. Өз кезектерінде «Алатау» фольклорлық, «Кәусар» вокалдық ансамбльдері, ҚР мәдениет қайраткері Анна Вундер, Оңал Азаматова, Маралбек Бабақұлов, Торғын Орынбаева, Ғани Мәтебаев, Мәдина Сағынбекова, «Мерей» дуэті және өзге де әншілер өнер көрсетіп, залға жиналған көрермендерді ән қанатында тербетті. Кеш барысында Нұрғиса Тілендиев туралы 10 минуттық деректі фильм көрсетілді. Концерттің шымылдығы «Ата толғау» күйімен түрілгені де көңілге қонды. Сондай-ақ, «Әлқисса», «Аңсау», «Қабан жырау», «Көш керуен», «Махамбет» секілді әйгілі күйлер де көрермендердің көңілін толқытты. Ал Нұрғиса Атабайұлының «Алатау», «Өз елім!», «Сарыжайлау», «Әже туралы ән», «Жүрегім менің», «Күндер-ай», «Аралдағы жеңеше», «Біздің ағай тамаша» сынды жүрек қылын шертетін, ностальгиялық сезімдерді тербейтін ғаламат әндерді шырқалғанда жұртшылық қошеметін аямай, қосыла шырқап отырды. Әнмен әдіптеліп, күймен көмкерілген концертте қазақ елінің аяулы ұлының ғаламат туындылары орындалғаны көңілді тоғайтады. Жақсы ән де жақсы сөз секілді жан семіртеді. Әсем әннің ырғағында сезімдері толқындай тулап, рухани кемелденген тараздықтар әні мен мәні, сәні жаны жарасқан сиқырлы сазды сағынғаны анық аңғарылып тұрды. Осыдан-ақ қазақтың жан жүрегімен өнерге, өлеңге жақын екенін аңғаруға болады. Мұны біз жұртшылықтың жанарынан сезінгендей күй кештік.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар