Төрт жылға жуық уақыт Жамбыл облысын басқарып келе жатқан Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаев — қазақылығы басым, іскерлігі мығым азамат. Көне Тараздың көркеюіне бар қарым-қабілетін салып, ел-жұртының да ризашылығына бөленуде. Елбасының да сенімін ақтап жүр. Сөзге де шешен. Екі тілге де қамшы салдырмайтын жүйріктің бірі. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, алқалы жиындарда үнемі үстемдікті ана тіліне беруге ұмтылатыны қуантады. Бұл қылығы ұлттық рухы төмен кейбір әріптестеріне жұғысты болғай! Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жыл аяғындағы облыстың жетістіктерін баяндады. БАҚ өкілдерінің түрлі сауалдарына тыңғылықты жауап берді. Жиын соңында облыс басшысымен жолығып, өзі басқарып отырған өңір жайлы аз-кем сұхбат құрған едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ЕЛ ЫРЫСЫН АРТТЫРМАҚ
— Кәрім Нәсбекұлы, жақында іссапармен Қытайда болып келдіңіздер. Ойға алған мақсаттарыңыз орындалып, тиімді жобаларға қол жеткіздіңіздер ме? — Біз Қытай мемлекетінің екі провинциясымен бауырмалдастық аясында жұмыс істеп келеміз. Біреуі — Шаньси провинциясы. Екіншісі — Сиян деген қала. Ол жерлерде 38 млн. халық тұрады. Бұл екі қаланың екі мың жылдық тарихы болса, біздің Тараздың да екі мың жылдық шежіресі бар. Атақты Жібек жолының басы осы Сиян қаласынан басталады да, Тараз қаласын кесіп өтеді. Біз осы көне дәстүрді жаңғыртып жатырмыз. Негізгі сауда — ауыл шаруашылығы өнімдері. Жоғарыда аты аталған Қытайдың екі қаласы алма бағына қатты көңіл бөледі. Себебі бүкіл әлемді тіл үйірер алмасымен баурап отырғаны сөзіме дәлел. Осыны ескергендіктен, екі арадағы байланыс күшейіп келеді. Күн сәулесінен алып отырған қуатты да олармен бөлісіп отырмыз. Біз барған Шаньси деген қалада асылтұқымды бұқалар асырайды. Абердин-Ангус, Герефорд секілді. Солардан тұқым алып, өздерінде тендер өткізіп, сол тендер арқылы сиырларды ұрықтандырады екен. Сөйтіп, асылтұқымды мал басын көбейтуде. Бұл жерде бұқаларды неге айтып отырмын? Қытайларға бұқаларын азықтандыру үшін екі жарым миллион жоңышқа керек. Жемшөпті Америкадан алдырып отыр. Тасымалдауға отыз күн уақыт кетеді. Қарап отырсаңыз, қаншама шығын. Қытайлықтар біздің жерімізді көріп, зерттей келе мынадай байламға келіпті: Шу ауданындағы жер олардың азық өсіруіне қолайлы жер болып шығыпты. Басқа аймақ келмейді. Экономикалық тиімділігін сараптай келе олармен келісімшартқа отырдық. Алдағы уақытта 80 мың гектарға жоңышқа салсақ па деген жоспарымыз бар. Байқасаңыздар, бір ғана жоңышқаның өзінен қаншама адамға жұмыс табылғалы отыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, туризм жайлы айта кетейін. Қазақ хандығының 550 жылдығы Астанада басталып, Таразда жалғасқаны белгілі. Осы кезеңде мен Шаньси провинциясы губернаторымен кездесіп, «Кезінде біздің ата-бабаларымыз жаяу жүріп-ақ іс тындырды ғой. Соны жаңғыртайық. Тарихымыз бір. Жібек жолы бойында, көне Таразда той өткелі жатыр. Соған сіз түйемен, атпен сауда керуенін жібере аласыз ба?» — деп өтініш жасадым. Губернатор қуана келісімін берді. Осылайша 6400 шақырымға 136 түйе, 12 ат-арба, жүзге жуық қытай, он төрт тонна шайымен жаяу-жалпылап бір жыл жүріп келді. Туризмге жол осылай ашылды. Қазіргі таңда біздің облысқа ол жақтан келушілер өте көп. Бұдан бөлек Тараз педагогика институты, басқа да жоғары оқу орындары мамандары олармен бірлесе жұмыс жасауда. — Баяндамаңызда «Қазақ хандығының 550 жылдығы тарихымызда ұлттық код екені анық» деген сүбелі ой айттыңыз. Енді сұрақ: көне Тараз өңірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сапалы іске асыру бойынша қандай игі істерге мұрындық болып жатыр? — Рухани жаңғыруға негіз — біздің өңір тарихында ежелден бар өнеге. Өңірлік жобалық кеңсемен «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» кіші бағдарламаларына 73 жоба енгіздік. Ал Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына облыстың 8 киелі орны анықталып, ұсынылды. Олардың қатарында Меркі-Жайсан түркі ғұрыптық кешені, Ақыртас бекінісі, «Ежелгі Тараз қалашығы», Тектұрмас кешені, Қарахан кесенесі, Айша бибі кесенесі, Бабаджа хатун мазары және Байзақ батыр Мәмбетұлы кесенесі бар. Ол аз десеңіз, облыстың тарихы, мәдениеті мен киелі орындары туралы 11 сериялы деректі фильм түсірілді. «Жамбыл облысының өнері мен қол шеберлігінің энциклопедиясы» шығарылды. Ағымдағы жылы Бектөбе, Георгиевск, Тамды, Саудакент ортағасырлық қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Ақыртас қалашығының туристік инфрақұрылымы кеңейтілді. Осындай инфрақұрылым алдағы уақытта 6 нысанға жүргізілетін болады.
ПАЙДАЛАНЫЛМАЙ ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ЖҰМЫС ЖАСАУДА
— Мемлекеттік бағдарламалардың қара-пайым халыққа берері көп екені айдан анық. Осы бағдарламалардың облыс көлемінде атқарылуын үнемі бақылауда ұстап отырасыз ба? — Мен ғана емес, Президентіміздің өзі қатаң қадағалап отырған сала бұл. Сондықтан әрине деймін. Мысалы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын табысты іске асыру облыстың экономикасының өсуіне оң әсерін тигізуде. Өткен жылы бағдарлама шеңберінде Ұлттық қордан 25 жобаны жүзеге асыруға 10,2 млрд.теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 8 жобаны іске асыру ойда бар. Осы мақсатта Ұлттық қордан 3,5 млрд. теңге қарастырылған. Бағдарламаның арқасында екі мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы 267 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 258 пәтерге арналған 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа шағын аудан және «Тараз-Сити» заманауи тұрғын үй кешенін тұрғызуға 462 га жер бөлінді. 358 көп пәтерлі тұрғын үй мен 922 жеке үйге салуды жоспарлап отырмыз. 9,8 млрд. теңгеге инженерлік инфрақұрылым қорытындыланды. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері 897 жобаны қолдау үшін барлық құралдарға 90 млрд. теңге бағытталды. Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында екінші деңгейдегі банктер шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 14,9 млрд. теңге несие берді, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 1,8 есеге артық. Шағын және орта кәсіпорындарда 122 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Жұмыс істейтін субъектілердің саны 10,7 пайызға (59,5 мың бірлікке) көбейді. — Елбасы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында көптеген ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылмай жатқандығына тоқталып, оларды қайтаруды тапсырып еді сізге. Сол жайлы айта кетсеңіз. — Облыста соңғы 5 жылда пайдаланылмай жатқан 553 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері анықталып, мемлекетке қайтарылды, оның 539 мың гектары экономикалық айналымға қайта тартылды. Аграрлық салаға инвестиция тарту мақсатында 295 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері әзірленді. Ағымдағы жылдың 8 айында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлығы 827 гектар жер бөлінді. Сондай-ақ, индустриялық-инновациялық дамуда Жамбыл облысы оң нәтижелерге қол жеткізуде. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығының аясында 557 млрд. теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылып, 6 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл сомасы 17,3 млрд. теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылуда. Олар орындалып жатса, 1350 жұмыс орны ашылады. — Кәрім Нәсбекұлы, енді өңірдегі ауыл шаруашылығына қарай ойыссақ. Биылғы жыл Жамбыл облысы үшін жемісті болды деп айта аласыз ба? — Олай мақтануға әбден болады. Ауыл шаруашылығы саласы жақсы көрсеткіштерге жетіп келеді. Биыл 104,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, көлемі 2,6 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы дақылдары 630 мың гектар алқапқа егілді. Біз аграрлық университеттің ғалымдарымен бірлесе отырып, бидай тұқымының сұрыпын ауыстырып, жаңа технология енгіздік. Нәтижесінде соңғы екі жыл қатарынан әр гектардан 24-25 центнер дәнді дақылдар алдық. Жалпы өнім көлемі екі есе артып, 1 млн. 200 мың тонна астық жиналды. Бұл — облыста бұрын-соңды болмаған көрсеткіш қой. Бұған қуанып отырмыз.
ЕЛ ЕРТЕҢІНЕ СЕНІМ МОЛ
— Біздің білуімізше, сіз басқарып отырған өңірде қант қызылшасын көбейту жобасы іске асырылуда. Келешекте облыс қант қызылшасымен өзін-өзі толықтай қамтамасыз ете ала ма? — Кеңес үкіметі кезінде Жамбыл облысына 16 мың гектар жерге қант қызылшасы егілген. 1990-2000 жылдары бұл жұмыс мейлінше тоқырап қалды. Біз соңғы үш жылда 1 мың гектардан бастап, 5 мың гектарға дейінгі жерге тұқым септік. Жиналған 116 мың тонна қант қызылшасын қант зауытына өткізіп, 12 мың тоннадай өнім алдық. Биыл қант қызылшасы алқабының өзі 9,5 мың гектарға көбейді. Былтыр 5 мың гектар жерден 116 мың тонна қызылша жиналып, орташа өнімділігі 232 центнерді құраған еді. Биыл 180 мың тонна өнім жинап, одан 18 мың тонна қант шығаруды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа жету үшін Меркі қант зауыты 1 млрд. теңгеге қайта жаңғыртылды. — Қазақ атамыз «Ет дегенде бет бар ма?» деп бекер айтпаған ғой. Одан аттап кеткеніміз жарамас. Ет өнімдерін экспорттау жағына тоқталсаңыз. — Облыс етпен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жетті. Ендігі мақсат — мал өнімдерін экспортқа шығару. Бұл жұмыс та қарқын ала бастады. Ет өнімдерін қайта өңдейтін «Меркі ет», «Оңтүстік халал тағамдары» және «Әулиеата Феникс» құс фабрикасы сияқты кәсіпорындар іске қосылып, соның арқасында былтыр шет мемлекеттерге 451 тонна ет экспортталды. Енді бұл көрсеткішті 700 тоннаға жеткізу межесі тұр. Жалпы, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында облысқа 15,8 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 6,3 млрд. және облыстық бюджеттен 9,5 млрд. теңге бөлінді. Ет кластерін одан әрі дамыту үшін Мойынқұм, Меркі аудандарында ресейлік «Агрофирма Түрікпен» және малайзиялық «Агростан Фермс» серіктестіктері әрқайсысы 3 мыңнан 5 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылайтын кешендер соғуда. — Соңғы сауал. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сіз басқарып отырған өңірге жасаған сапарында Жамбыл облысында нәтижелі жұмыспен қамту мәселесінің шешілмей отырғанына ерекше назар аударған еді. Соның нәтижесін білсек бола ма? — Әлеуметтік салада «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» ерекше назарда тұр. Бағдарламаны жүзеге асыруға үстіміздегі жылы 9 млрд. 871 млн. теңге бөлінді. Бұл 14 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Ағымдағы жылдың сегіз айында 17126 адам жұмыспен қамтылды. Бағдарлама өз нәтижесін беруде. Жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде тұрақтанды. Ашығын айтайық, бүгінде экономикалық белсенді тұрғындардың 42 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бұл ретте, өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың есебін нақтылау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Үй-үйді аралау арқылы осы санаттағы адамдарды қайта нақтылап, базалық мәліметтер өзектендірілетін болады. Салық органдарында тіркелуге жататын азаматтар жеке, шағын кәсіпкерлік субъектілері санатына ауыстырылады. — Сұхбатыңызға үлкен рақмет!
Сұхбаттасқан Нағашыбай Қабылбек.
(«Қазақстан заман», 9 қазан 2017 жыл).
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді