«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді

Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді
ашық дереккөз
Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді

Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды. Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. – Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің айрықша бақылауымда болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы ретте, Елбасы латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні бар екеніне тоқталып, бұл мәселені бірлесе шешу қажеттігін айтты. – Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды. Кездесу барысында Қазақстан Президентіне атқарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов баяндады. Елбасы жиынға қатысушылардың есебі мен пікірлерін тыңдап, айрықша мән беруді қажет ететін жекелеген мәселелерге тоқталды. – Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауға тиіс екеніне ерекше тоқталды. – Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін айтып, Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.

Ұқсас жаңалықтар