«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуында серпіліс бар

Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуында серпіліс бар
ашық дереккөз
Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуында серпіліс бар

Астана қала­сындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг Жамбыл өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды

SCK_1003Астана қала­сындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг Жамбыл өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды. Баспасөз-мәслихатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты. Аймақ басшысы 2017 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстармен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуі жайлы айтып, БАҚ өкілдерін толғандырған сұрақтарына жауап берді. Қазіргі таңда облыстарда Үшінші жаңғыру бағдарламасын орындауға басымдық беріліп отырғаны анық. Жамбыл өңірінде де осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның арқасында ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық саласында оң серпін сақталып отыр. Мәселен, өңірлік өнім бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 0,5 пайызға артып, 231 миллиард теңгені құрады. Ал бұл көрсеткіш жан басына шаққанда 207 мың 500 теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті деңгейінен 4,7 пайызға өскен. Инвестиция көлемі де 0,9 пайызға көбейген (130,7 миллиард теңге). Бұл өсімге Қордай ауданындағы әскери қалашық құрылысына тартылған инвестицияның есебінен қол жеткізілді.

– Облыс бюджеті кірістер бойынша 164 миллиард теңгеге орындалды. Мемлекеттік бюджетке 53,7 миллиард теңге салықтар мен міндетті төлемдер түсті, ол жоспардан 17,7 пайызға артық. Ал жергілікті бюджетке түскен – 33,5 миллиард теңге. Бұл көрсеткіш болжамнан 13,7 пайыз көп. Жалпы, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджетке салықтар мен төлемдер 7,5 миллиард теңгеге артық қамтамасыз етілді. 8 айдың қорытындысы бойынша бюджет шығыстары 97,1 пайызға орындалды.

8d7ef814974f3c13c29338c7cf83274f_XL 505724 20170927133202 HytSyqr7FMsӨңірде өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 0,6 пайызға өсіп, 227 миллиард теңгені құрады. Тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді жетілдіру өндірісі 13,4 пайызға (27,6 миллиард теңге), электрмен қамту, газ, бу беру және ауаны баптау 0,9 пайызға (40,1 миллиард теңге), сумен қамту, су бұру, қалдықтарды жинау мен бөлу 4,1 пайызға (2 миллиард теңге) өскені байқалуда. Дегенмен, өндірістің өңдеу өнеркәсібінде 1,5 пайызға (157,1 миллиард теңге) төмендеуіне жол берілген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жақында ғана облысымызға келген жұмыс сапары барысында химия өнеркәсібінің дамуы әлеуеті мен өңірде индустриялық және инфрақұрылымдық бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуының маңыздылығын атап көрсетті. Индустрияландыру бағдарламасының арқасында облыста 158 миллиард теңгеге 53 жоба жүзеге асырылды және 7 мыңдай жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында тиісінше 6 мың жаңа жұмыс орны ашылуын қамтамасыз ететін сомасы 557 миллиард теңгені құрайтын 34 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ағымдағы жылы 17,3 миллиард теңгеге 13 жоба іске асырылады және 1350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Облыста ресейлік «ЕуроХим» компаниясының ауқымды инвестициялық жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Жобаның жалпы құны 2,4 миллиард АҚШ долларын құрайды. Зауыттың қуаттылығы жылына 1,4 миллион тонна кешенді минералдық тыңайтқыш өндіруге есептелінген. Сондай-ақ, фосфат дикальциясын, калий сульфатын, кальций хлоридін, күкірт қышқылын, тағы басқаларын өндіру жоспарлануда. Компания тарапынан бұл іске қазірдің өзінде 230 миллионнан аса АҚШ долларын құрайтын инвестиция құйылып отыр. Жоба жүзеге асқан кезде 1200 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Жылына 1 миллион тонна тыңайтқыш шығару бойынша минералдық шикізатты химиялық қайта өңдеу кешенінің құрылысы басталды. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі кезде облыста қуатты химиялық кластер құру жұмыстары жүргізілуде. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы аумағында бірінші кезекте инфрақұрылымдар құрылысы аяқталып келеді, «Глифосат (гербицид) және үшхлорлы фосфор өндірісі», «Пестицид өндірісі», «Құрғақ бутилді натрий ксантогенаты өндірісі», «Табиғи газды тереңдеп қайта өңдеу зауытының құрылысы», «Сутегі тотығын өндіретін зауыттың құрылысы», «Майлау, суыту сұйықтықтарын, коррозия ингибиторларын, техникалық майларды, жұқа синтезді технологияларға негізделген басқа да өнімдерді өндіретін зауыттың құрылысы» секілді 7 жобаны жүзеге асыру бойынша АЭА-ның 6 қатысушысы тіркелді. 1300-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылуын қамтамасыз ететін жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 274 миллиард теңгені құрайды. Бүгінде АЭА аумағында «ХИМ-плюс» ЖШС қытай инвесторларымен бірлесе қазірдің өзінде глифосат, үшхлорлы фосфор, каустикалық сода және хлор өндіретін химиялық кешеннің құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізуде. Оны 2018 жылдың соңында іске қосу жоспарланған, – деді Кәрім Көкірекбаев. Өңірдің үдемелі экономикалық дамуына Қордай ауданындағы құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын титан-магнитті тау-кен байыту комбинатының құрылысы бойынша ірі қазақ-қытай жобасының септігі тиіп отырғанын айта кету керек. Облыс әкімінің айтуынша, осы бағытта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде сәйкесінше үш жақты меморандумға қол қойылған екен. Қордай ауданындағы «Тымлай» кен орнына геологиялық барлау жүргізілген. – Соңғы өнімнің сатып алушысы ретінде «Эйвик секьюрити» қытай авиакомпаниясы анықталды, бұдан бөлек, Қытайда жарғылық капиталы 10 миллиард юань болатын инвестициялық қор және аталмыш жобаны инвестициялау үшін арнайы гонконгтық компания құрылды. 2017 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша, қорда инвестициялау үшін 2 миллиард юань бар. Осы үш жобаға тартылған инвестицияның көлемі 4,2 миллиард АҚШ долларынан асады. Мәселен, егемендіктің алғашқы кезеңінде «Қазфосфат» ЖШС қала түзуші жалғыз кәсіпорын болса, қазір индустриаландыру картасы есебінен облыста жалпы инвестиция көлемі 159 миллиард теңгені құрайтын 53 кәсіпорын іске қосылған. Мұның өзі 6200 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызып отыр. Аталмыш кәсіпорындар өндірген өнім көлемі облыстың жалпы өнеркәсіптік өнімінің 11 пайызын құрайды. Жамбыл өңірі жаңартылған энергия көздері саласында пионер болып табылады. Облыста жалпы қуат 118 МВт болатын су, жел, күн электр стансаларының 9 нысаны іске қосылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «СПК Тараз», «Самрұқ-Қазына Инвест» ЖШС және Ұлыбританиялық «UnitedGreenEnergyLimited» компаниясының қатысуымен қуаттылығы 50 МВт, құны 23,2 миллиард теңге болатын Орталық Азиядағы ең ірі «Бурное Солар-14» күн электр стансасы салынды. Бұл – біздің еліміздегі «жасыл экономиканы» дамытуға қосқан үлесіміз, – дей келе, Кәрім Нәсбекұлы ЭКСПО идеясын жүзеге асыруды жалғастыру үшін 50 МВт-тық «Бурное Солар-24» стансасының екінші кезеңінің құрылысы жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Жалпы, өңірде тұтас алғанда, алдағы үш жылда жалпы қуаттылығы 247 МВт болатын электрстанса құрылысын салу көзделіп отыр. Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде «HigerQuazar» компаниясымен «Тараз» индустриялық аймағында жылына 300-ге дейін электробус шығаратын зауыт құрылысын жүргізу жөніндегі меморандумға қол қойылғанын айтып өтті. Жобаның жалпы құны 3 миллиард теңгенің көлемінде. – Осы жылдың басында Алматыда экологиялық таза электроавтобустарды шығаратын зауыт пайдалануға берілгені баршаға мәлім. Кәсіпорында «Quazar» деп аталатын екі электробус жасақталған. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу барысында «HigerQuazar»-дың бір электробусы қала ішінде қатынап жүрді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне тоқталғанда, осы шарада Австрия, Германия, Нидерланды, Испания, Англия, Ресей, Канада, Венгрия, Финляндия сынды шет мемлекеттер ұсынған 105 жобаны қазіргі кезде облыс кәсіпкерлері мұнай өңдеу, газ және көмір өндіру, электр қуаты, қуат үнемдеу, қалдықтарды басқару, су жүйелерін тазарту, ауа құрамын бақылау сынды түрлі салаларына енгізу жолдарын қарастырып жатқанын айта кетуіміз керек. Жалпы, жылдың тарихи оқиғасы – ЭКСПО-2017 көрмесінің Елордамыздың төрінде өткізілгенін барша қазақстандықтар секілді жамбылдықтар да мақтан тұтады. Облыс тұрғындарының халықаралық шараны тамашалауға деген қызығушылықтары да жоғары болды. Өңірімізден 187 мыңнан аса жамбылдықтың көрмені тамашалауға келуі – осы сөзімнің айғағы, – деді Кәрім Көкірекбаев. Облыс әкімі ел экономикасын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар өңірдегі әлеуметтік ахуалдың жақсаруына оң ықпал етіп отырғанын тілге тиек етті. Соның бірі – «Нұрлы жол» бағдарламасы. Кәрім Нәсбекұлының сөзіне сүйенсек, аталған бағдарлама аясында өткен жылы 25 жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 10,2 миллиард теңге бөлініпті (білім беру саласы бойынша – 5 жоба, жылумен жабдықтау бойынша – 3 жоба және ИКИ бойынша 3 жоба жүзеге асырылды). Осы жылы 8 жоба іске қосылып жатыр екен. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 3,5 миллиард теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін осы қаржының 2 051 миллион теңгесі немесе 82,2 пайызы игерілген. Бағдарламаның арқасында 2200-ден аса жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 267 шаршы метрден аса тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілген. Бүгінде 258 пәтерлік 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде (17,7 мың шаршы метрі жалдамалы пәтерлер), оның 3-еуі осы жылы аяқталмақ (178 пәтер немесе 11,5 шаршы метр). – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа ықшам аудан мен «Тараз сити» деп аталатын заманауи тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізу үшін 462 гектар жер телімі берілді. Онда 15 700 отбасына арналған 358 көппәтерлі үй мен 922 жеке тұрғын үйлерді салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде 9,8 миллиард теңгеге инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп те қойды. Іскерлік байланыстарды нығайтудың арқасында өңірде кәсіпкерлік саласында серпін байқалады. Атап айтсақ, 122 мың жамбылдық шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қосып отыр. Соның арқасында белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10,7 пайызға артқан. Салықтық түсімдердің 35 пайызы – солардың үлесінде. Бірінші тоқсанның өзінде шағын және орта бизнес өкілдері 55 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсеткен. Бұл көрсеткіш өңірлік жалпы өнімнің 20 пайызын құрайды, – дей келе, өңір басшысы кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеспен айналысатындардың үлесін арттыруды, ол үшін бизнеске қолайлы жағдай туғызуды тапсырғаны белгілі. Тіпті, елімізде отбасылық бизнес пен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың арнайы жобасы жасалды. Сонымен қатар, облыста «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде де ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, бағдарлама жүзеге асырылғалы бері 897 жобаны іске қосуға әртүрлі қолдау шаралары арқылы 90 миллиард теңге бөлінді. Ағымдағы жылы қаңтар-шілде айларының аралығыда екінші деңгейлі банктер шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 14,9 миллиард теңге несие берілді. Бұл сома өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе көп. – Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттің бірі – агроөнеркәсіп кешенін экономиканың жаңа драйверіне айналдыру. Мемлекеттік қолдаулардың арқасында соңғы жылдарда біз ауыл шаруашылық саласы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастадық. Мәселен, биылдың өзінде 104,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, көлемі 2,6 пайызға өсті. Ет өндіру 7,6 пайызға, сүт өндіру 3,2 пайызға, жұмыртқа өндірісі 20 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылық дақылдары 630 мың гектарға орналастырылды. (өткен жылдан 38,5 мың гектарға артық). Біз, Аграрлық университеттің ғалымдарымен бірлесе отырып, бидай тұқымының сұрпын ауыстырып, жаңа технология енгіздік. Нәтижесінде, соңғы екі жыл қатарынан әр гектардан 24-25 центнерден дәнді дақылдар алдық. Жалпы өнім көлемі екі есе артып, 1 миллион 200 мың тонна астық жиналды. Бұл – облыста бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Қазір біз басым дақылдар – қант қызылшасы, жүгері, мақсары, соя алқаптарын ұлғайту үшін тиісті жұмыстар жүргізудеміз, – деген облыс әкімі биыл өңірде қант қызылшасы алқабын 9,5 мың гектарға жеткізілгенін, кеңес дәуірінде облыста 43 мың гектар қант қызылшасы егіліп, 946 мың тонна өнім алынғанын айтып өтті. Мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы өңірде 5 мың гектар жерден 116 мың тонна қызылша жиналып, орташа өнімділік 232 центнерді құраған екен. Биыл 180 мың тонна өнім жиналып, одан 18 мың тонна қант шығару жоспарланып отырған көрінеді. Сол үшін Меркі қант зауытында 1 миллиард теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Кәрім Нәсбекұлы облыста күрделі мәселенің бірі – ылғал және су үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық беріліп отырғанына тоқталды. Соның арқасында бұрын болмаған үдемелі алма бақ алқаптары 325 гектарға жеткізілген. «Елбасы облысқа жұмыс сапары барысында көптеген ауыл шаруашылық жерлерінің пайдаланылмай жатқандығына тоқталып, оларды қайтаруды тапсырды. Өңірде соңғы бес жылда пайдаланылмай жатқан 553 мың гектар (егістік 182 мың гектар) ауыл шаруашылық жерлері анықталып, мемлекетке қайтарылды. Оның 539 мың гектары экономикалық айналымға қайта тартылды. Аграрлық салаға инвестициялар тарту мақсатында 295 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері әзірленді. 2017 жылдың сегіз айында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлығы 827,5 гектар жер бөлінді», – деді өңір басшысы. Шаруаларға көрсетілген мемлекеттік қолдаулардың арқасында өрісте мал саны көбейгенін сөз еткен облыс әкімі кеңес үкіметі кезінде өңірде 3 миллион қой-ешкі болса, қазір жекеменшік қорада сонша қой барын атап айтты. Сондай-ақ, жылқы, ірі қара, түйе, шошқаның саны жылдан-жылға өскеніне тоқталып, өңірдің өзін-өзі етпен қамтамсыз етуге және экспортқа шығаруға жағдайы жететінін жеткізді. – Облыста етті өңдейтін «Меркі ет», «Оңтүстік Халал Тағамдары» (Біріккен Араб Әмірліктерінің «ADEAS Development» компаниясы қатысуымен) және «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасы сияқты ірі кәсіпорындар іске қосылды. Өткен жылы шет мемлекеттерге 451 тонна ет экспортталды. Биыл оны 700 тоннаға жеткізбекпіз. Ет кластерін дамыту үшін Мойынқұм, Меркі аудандарында ресейлік «Агрофирма Түрікпен» және малайзиялық «Агростан Фермс» серіктестіктері әрқайсысы 3 мыңнан 5 мыңға дейін ірі қара мал бордақылауға арналған кешендер соғуда, – деген Кәрім Көкірекбаев облыста 151 ауыл шаруашылық кооперативі құрылғанын, онда 540 жұмыс орны ашылғанын тілге тиек етті. Кооперативтер жұмысын айтқанда бір ғана «Меркі сүт зауыты» төңірегінде 42 қожалық бірігіп, тұрғындардың сүт өткізуіне барлық жағдай жасалғанын айта кету керек. Бұл өз кезегінде зауыттың жүктемесін 30 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайтып отыр. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы өңірде әлеуметтік салаға серпіліс әкелді. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін үстіміздегі жылы 9 миллиард 871 миллион теңге бөлінген. Бұл 14 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде. Ағымдағы жылдың 8 айының өзінде 17126 адам жұмыспен қамтылған. – Бағдарлама өз нәтижесін беруде. Соның арқасында жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде тұрақтанды. Алайда, Елбасы облысқа келген сапарында нәтижелі жұмыспен қамту мәселесінің шешілмей отырғанына назар аударып өтті. Бүгінде экономикалық белсенді тұрғындардың (524 мың адам) 42 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Сондықтан, өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың есебін нақтылау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Үй-үйді аралау арқылы осы санаттағы адамдарды қайта нақтылап, базалық мәліметтер өзектендірілетін болады. Салық органдарында тіркелуге жататын азаматтар жеке, шағын кәсіпкерлік субъектілері санатына ауыстырылады. Әлеуметтік салаға тоқталсақ, білім саласында бюджеттен білім нысандарын соғуға 6,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл 14 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 4-еуі жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. 2010 жылы облыста тек 2 жекеменшік балабақша жұмыс істесе, биыл оның саны 94-ке жетті (92 балабақша, 2 шағын орталық), онда 8 мың 400-ден аса бала қамтылған. Жалпы, өңірде мемлекеттік – жеке меншік әріптестік қарқын алып келеді. Соңғы үш-төрт жылда Таразда 2 жеке меншік кардиохирургиялық орталық ашылды. Олардың әрқайсысында жылына 1 мыңға жуық ота жасалуда. Жеке кәсіпкерлерді тартудың арқасында 2 миллиард теңге жеке инвестиция есебінен «Атлетик» спорт кешені соғылды. Шу қаласында 470 миллион теңге қаржы жұмсалған «Тарлан» спорт кешені пайдалануға берілді. Осындай 4 нысан «Қазфосфат», «ЕуроХим-Қаратау» компаниялары және жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен соғылып, спорт саласына 5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынды. Мұның барлығы да «Туған жерге тағзым» жобасы аясында атқарылуда. Бүгінгі күні облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сапалы іске асыру бойынша пәрменді шаралар қабылданған.Өңірлік жобалық офиспен «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» кіші бағдарламалар бойынша 73 жоба енгізілді. «Руханият» орталығы ашылып, 8 жаңа өлкетану бағыты жасалды, оған 34 мың оқушы мен студент тартылды. Барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылы «Рухани жаңғыру» тақырыбымен басталды. Біздің өңір тарихында рухани жаңғыруға негіз бар. Оның дәлелі ретінде Елбасының бастамасымен Астанадан бастау алып, 2000 жылдан астам тарихы бар көне Тараз жерінде жалғасқан Қазақ хандығының 550 жылдығын айтуға болады. Қазақ хандығының 550 жылдығы тарихымызда ұлттық код екені анық. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына облыстың 8 киелі орны анықталып, ұсынылды (Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені, Ақыртас бекінісі (VIII-IX ғғ.), Ежелгі Тараз қалашығы (І-ХІХ ғғ.), Тектұрмас кешені (ХІV ғ.), Қарахан кесенесі (ХІІ ғ.), Айша бибі кесенесі (ХІ-ХІІ ғғ.), Бабажы Хатун мазары (ХІ-ХІІ ғғ.), Байзақ батыр Мәмбетұлы кесенесі). Облыстың тарихы, мәдениеті мен киелі орындары туралы 11 сериялы деректі фильм түсірілді. «Жамбыл облысының өнері мен қол шеберлігінің энциклопедиясы» шығарылды. Ағымдағы жылы Бектөбе (7,0 миллион теңге) Георгиевск (5,0 миллион теңге) Тамды (7,0 миллион теңге) Саудакент (5,0 миллион теңге) ортағасырлық қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Ақыртас қалашығының туристік инфрақұрылымы кеңейтілді. Осындай инфрақұрылым алдағы уақытта 6 нысанға жүргізілетін болады. Алдағы үш жылда 107 мәдениет нысаны жөнделіп, материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында азаматтық қоғам институттары белсенді тартылуда. Әр ауданда меценаттар клубы құрылуда. Өңір кәсіпкерлері өз бастамасымен 1,5 миллиард теңгенің әлеуметтік жобаларын ұсынбақ, – деп облыс әкімі өңір дамуының 2017 жылғы 8 айдағы қысқаша қорытындысымен таныстырып өтті. Жалпы, облыс экономикасын дамытуға бағытталған шаралар ең алдымен, елдің әл-ауқатын жақсартуға – өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейтіні белгілі. Брифингке қатысқан БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтар да осы мәселелер төңірегінде болды. Өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев барлық сауалға нақты әрі дәйекті жауап берді.

Ұқсас жаңалықтар