Жыл сайын әр өңірде жаңа әлеуметтік нысандар, әсіресе, білім ошақтары көптеп бой көтеруде. Солардың бірі – 2012 жылы салынған 600 орындық Сарыкемер мектеп-гимназиясы. Жаңа білім ошағына директор тағайындар кезде таңдау бірден Мұхит Нәметқұловқа түскені бекер емес. Жас та болса, ол бұған дейін мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы секілді қызмет жолдарынан өтіп, біраз ысылған еді. Зәулім әрі сәулетті мектеп алғашқы күннен бастап оқушылар мен ата-аналарға бірден ұнаған-ды. Себебі, мекеменің материалдық-техникалық базасы қазіргі талапқа сай жасақталған. Спорт, мәжіліс залдары, екі шеберхана, үш компьютерлік кабинет, 36 оқу бөлмесі де білім жүйесінің жоғары талабына жауап бере алатын деңгейде. Лингафон, мультимедиялық кабинеттердегі технологиялар сапалылығымен ерекшеленеді. Қазір аталмыш мектепте 748 оқушы білім алуда. Оларға 78 мұғалім білім береді. Олардың 11-і жоғарғы, 18-і бірінші санатты ұстаздар. Биылғы жаңа оқу жылының өзінде 3 жас маман – орыс және ағылшын тілі пәнінің мамандары жұмысқа қабылданыпты. Педагогикалық ұжым жоғары санатты мұғалімдер – Гауһар Пірімқұлованы, Раушан Әбуованы, Жанар Пірімқұлованы, Насихат Тұрысбекованы, Айзада Жамалованы өз ісінің білгірі санайды. Солардан тәлім алып, жетістіктерге жетіп жүрген жас мамандар да жоқ емес. Соның бірі – республикалық байқаудан үшінші орын алған, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Эльмира Серкебаева. Шет тілінен сабақ беретін Д.Әжібаева да облыстық деңгейде өткен мұғалімдер олимпиадасында екінші орын иегері атаныпты. Білікті ұстаздардың шәкірттер алдындағы беделі де зор. Мектеп басшысы Мұхит Жанұзақұлы да наурыз айында өткен облыстық «Үздік директор» байқауында жеңіске жеткен еді. 2016 жылы мектеп-гимназия атауына ие білім ошағының қол жеткізген жетістіктері ескерусіз қалған жоқ. Мұхит Нәметқұловқа педагогтардың тамыз кеңесінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Табысты мектеп» аталымы бойынша 500 мың теңгелік сертификатты тапсырды. Бұл – білікті басшы Мұхит Нәметқұловтың жастығына қарамастан білім ошағын абырой биігіне жетелеген ізденімпаздығының, педагогикалық ұжымның табанды еңбегінің жемісі. Жоғары талап үдесінен шыға білген ұстаздардың басты табысы – мектеп-гимназия түлектерінің биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балы – 94,92 пайызды құрағаны. Қазір сол мектеп бітірушілердің 80 пайызы түрлі жоғары оқу орындарының студенттері атанған.
Есіркеп Серікбайұлы, ауданның Құрметті азаматы.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді