Кәсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші. Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту үшін 40-тан астам мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүйелі жүзеге асырылуда. Мұның өзі нәтижесін беріп, ел экономикасының серпінді дамуына игі ықпалын тигізіп отыр. Аудандағы мен басқаратын «Құлан жолдары» ЖШС 2001 жылы құрылған болатын. Кәсіпорын аудан, облыс және республика аумағында жол салу және жөндеумен шұғылданады. Біз осы мерзімде 12 шақырым жолды күрделі, 150 шақырым жолды орта және мың шақырымнан астам автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуден өткіздік. Он алты жылда 4 миллиард 650 миллион теңгенің жұмысын игеріп, жергілікті бюджетке салыққа 300 миллион теңге құйдық. Жыл сайын жүйелі жөндеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде аудандағы автомобиль жолдарының жағдайы сексен пайызға жақсарды. Қазір серіктестікте 62 адам тұрақты жұмыс істейді. Өткен жылы 650 миллион теңге игерсек, үстіміздегі жылы 460 миллион теңгенің жол жөндеу жұмысын ұтып алдық. Біз кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын нығайтуға айрықша көңіл бөлеміз. Өзіміздің асфальт шығаратын, тас уататын, құм елейтін зауыттарымыз бар. Биыл техникамыздың саны 82 бірлікке жетті. Бұл бізге белгіленген тапсырманы уақтылы әрі сапалы орындауға мүмкіндік беріп отыр. Биыл компания «Тасшолақ-Жалпақсаз» автомобиль жолының 9,2 шақырымын, Ақыртөбедегі газ толтыру стансасы аумағындағы 4,6 шақырымды орта жөндеуден өткізді. Қарақат, Ақбұлақ, Көкдөнен, Жақсылық ауылдарындағы бірқатар көшелер орта жөндеумен қамтылды. Қыста жыл сайын облыстық мәндегі – 150, аудандық мәндегі 115 шақырым автомобиль жолына күтім жұмысын жүргіземіз. Бүгінде жолшыларымыздың бір тобы Шу ауданы аумағындағы «Тараз химпаркі» еркін экономикалық аумағындағы жол жөндеу жұмыстарына атсалысуда. «Ізденіс түбі – игілік». Біз өндіріске инновацияны кеңінен енгізуге күш саламыз. Жұмсалатын шығынды азайтып, жөндеу сапасын арттырудың жолдарын үздіксіз іздестірудеміз. Келешекте өз жұмысымызда «Ресайклер» жаңа технологиясын қолданысқа енгізетін боламыз. Бұл әдіс бойынша ескі асфальт қопарылып, оған цемент пен битум араластырылып төселеді. Мұндай жол ұзақ уақыт қолданыста болады әрі шығын аз жұмсалады. Ауданда ИСО-9001 сапа менеджменті жүйесін біздің кәсіпорын бірінші болып енгізген болатын. Қазір қажетті құрылыс материалдарының сексен пайызын өзімізде әзірлейміз. Мұның өзі шығынды азайтып, елеулі табыс табуымызға игі ықпалын тигізуде. Жолшылардың жалақысы уақтылы беріледі. Орташа айлық жалақы – 80 мың теңге. Біраз жыл бұрын ауданда балабақша тапшылығы елеулі проблемалардың бірі еді. Сондықтан да мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында осыдан 2 жыл бұрын өз қаржымызға Құлан ауылында жүз орындық балабақша салып, пайдалануға бердік. Биыл оның қасына қосымша ғимарат салып, осында тәрбиеленетін бүлдіршіндердің саны 150-ге жетті. Қазір «Аяна» балабақшасында 32 маман жұмыс істейді. Әлбетте, заманауи үлгідегі балабақшаның іске қосылып, онда бүлдіршіндердің тәрбиеленуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, құландықтарды үлкен қуанышқа бөледі. Кейінгі кезде қосалқы шаруашылық құрып, балабақшаны азық-түлікпен қамтамасыз етуге қам жасаудамыз. Серіктестік қарамағындағы екі гектар алма бауының жемісі осында жеткізіледі. Бұған қоса сегіз сауын сиыр ұстап отырмыз, он екі өгізше бордақылануда. Келешекте мал саны арттырылатын болады. Бұл ісіміз бүлдіршіндерге бағасы қолжетімді, сапасы жоғары экологиялық жағынан таза өнім ұсынуға мүмкіндік береді. «Ел қуанышы – ер бақыты». Ел керегін түгендеу үшін келешекте әлі талай игілікті жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оларды сәтті атқаратынымызға нық сенімдіміз.
Қонысбай Сағынбек, «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді