«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Латын әліпбиі жазба тарихымызда бұрын да болған

Латын әліпбиі жазба тарихымызда бұрын да болған
ашық дереккөз
Латын әліпбиі жазба тарихымызда бұрын да болған

 Гүлсім Найзабекова,

тарихшы, М.Горький атындағы орта мектептің директоры.

Сонау 1920 жылдардың екінші жартысында түркі әлемі латын қарпі негізінде ортақ әліпби қалыптастырмақ болғаны тарихтан белгілі. Нақтырақ айтсақ, 1926 жылы кеңестік түркі республикалары жаңа әліпбиді қабылдаған еді. Тіпті, сол кезеңдегі газет-журналдар да латынша шыға бастаған. Екі жылдан кейін, яғни 1928 жылы Түркия да латынша жазуға ауысқан болатын. Тарихшылар мен саясаттанушылар кеңестік билікті Одақ құрамындағы түркітілдес республикаларды кириллицаға көшіруге мәжбүр еткен Түркияның дәл осы қадамы болды деп есептейді. Сол кезеңде бауырлас елдердің ортақ әліпбиді қолдануының өзі үлкен қауіп туғызған еді. Сөйтіп, 1940 жылы кеңестік түркі елдер кирилл әліпбиіне көшірілді. Дегенмен, 1991 жылы Кеңес одағы ыдырағанда Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түркіменстан қайтадан бірден латын әліпбиіне өтіп алған болатын. Ендігі кезек бізде. Жалпы, түркітілдес мемлекеттер ғана емес, дүниежүзі елдерінің 80 пайызы осы латын қарпін қолданатыны баршаға мәлім. Сондықтан Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшу туралы нақты міндет қойғанда, нақ осы қадам – шын мәнінде рухани жаңғырудың қайнар бастауы болар еді деп қуандық. Қазақстандық қоғам да бұл жаңалықты жатсынған жоқ. Латын графикасындағы бірыңғай стандарттарды қабылдауға әзірліктің жедел басталғаны да – біздің рухани жаңару үрдісіне саналы түрде дайын болғанымыздың көрінісі. Дүйсенбі күні Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткізілді. Онда бірыңғай стандарттарды енгізуге байланысты жоба таныстырылды. Қазір осы жоба жұртшылық арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Біз бір нәрсені ескеруіміз керек, бұрынғы одақтас, қазіргі көрші мемлекеттер латын әліпбиін қабылдағанда бірқатар қателіктер жіберілгенін сол елдердің тіл ғалымдары айтқан еді. Тіпті, 1928 жылдан бері латын жазуын пайдаланып келе жатқан Түркия әліпбиінің өзінде кемшіліктер бары сөз болған. Біз осындай олқылықтарды қайталамауымыз керек.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар