Баяғыда Бақ пен Қыдыр келе жатады. Бақтың қабақ еті салбырап, жанарын тұтас жауып тұрады екен. Бір күні олардың алдынан атан түйені мойнына салып, көтеріп алған бір дәу жолығады. Көзіне түскісі келген бейбақты жүрегімен сезген Бақ «мынау кім, көзімді ашшы, көрейін» дейді. Қыдыр Бақтың қабағын көтеріп, көзін ашқан кезде жанары қара күш иесіне емес, бұлақ басында су алып жатқан қаршадай қызға түседі. Ол қыз – Домалақ анамыз екен!..
Асанәлі ағамыз бұл аңызды кімнен естігенін, қай кітаптан оқығанын бір өзі ғана білер, ал, бізге анығы, ол мұны бір інісіне арнап айтыпты. Ол інісі Асекең айтқан аңызға таңғала отырып, маған жеткізді. Құдайдың құдіреті, енді, міне, сол аңызды мен Асекеңнің өзіне арнағалы отырмын. Бұл да тура Бақ пен Қыдырдың аңызы сияқты, айналып келіп Асекеңнің өзін тапты... Қазақстанның Халық әртісі (1976 жыл) және КСРО Халық әртісі (1980 жыл) Асанәлі Әшімовті алғаш рет экраннан көрдім. Экран дегенде, ол қаланың кең форматты кинотеатры емес, алыстағы Амангелді деген ауылдың кішкентай клубының әктелген қабырғасы болатын. «Қыз Жібек» фильмі түсірілгелі жатыр дегенді газеттерден оқып, «Бәрекелді!» дескен ел-жұрт, енді сол көптен күткен киносы экранға шығып, ауылға келгенде екінші рет қуанған. Фильм қазақтың пейіліндей кең, етек-жеңі мол, кең тынысты екен. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін, әсіресе, қазақ үшін мәңгілік мәнін жоймайтын мәселе де, міне, осы фильмде түпкіштей көрсетіліпті. Сосын сөз зергері Ғабит Мүсірепов сценарийін жазып, аса талантты режиссер Сұлтан Қожықов киноға түсіріп, дәулескер күйші, сазгер Нұрғиса Тілендиев музыкасын дайындап, қазақтың ғажайып қылқалам шебері Гүлфайрус Исмайлова суретін салған фильм, өлмес өнер иелері Кененбай Қожабеков (Сырлыбай), Ыдырыс Ноғайбаев (Қаршыға), Асанәлі Әшімов (Бекежан), Әнуар Молдабеков (Шеге), Құман Тастанбеков (Төлеген), Меруерт Өтекешова (Қыз Жібек) жасаған ұлттық галереямен тіпті асқақтап кетті емес пе?! Бірақ, осы дарындардың ішінен Асекең сомдаған Бекежан бейнесі, бүгінгі тілмен айтсақ, сол кездегі өнерсүйер қауым үшін нағыз «кумирге» айналған болатын. Неге бұлай? Бекежан бейнесінде шәлкем-шалыс жағымсыз мінез-құлықтар көп бола тұра, халық оны неге сонша құрметтеді? Бұл сауалдың сыры, әлбетте, өнердің шексіз құпиясын шебер меңгеруде жатқан сияқты. Ең бастысы, ол Бекежанның бойына жақсылық сәулесін де сыналап сыйдыра білген еді. Достасуы да, өштесуі де жылдам ет пен сүйектен жаралған пенделер сияқты, Асанәлінің Бекежаны да бірде аңқылдап күліп тұрып айбарлана қалса, енді бірде ақ батасын беріп тұрып қанын ішіне тартып сұрлана қалады. Онысының себебі де жоқ емес, өзі өлердей сүйген сұлуға Төлегендей батыр жігіттің өтімділігін ойлағанда, бойындағы ақкөңіл батырға тән аңғалдықты жауыздық жеңіп кете береді. Міне, сондықтан болар, ол Төлеген – Құманды фильм сценарийі бойынша сұр жебенің ұшымен жеңсе, ал, өнерде актерлік шеберлік дейтін екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін дарынымен жеңді. Әйтпесе, бой десе бой, ой десе ой, түр десе түр, мінез десе мінезі бар көркем жігіт Төлеген – Құманнан асып түсу оңай шаруа емес-тұғын. Асағаны кейін экраннан емес, туған жеріне, оның мәдени орталығы – Тараз қаласына жолы түскенде жиі-жиі «живьем» көре бастадым. Мысалы, елге бір келгенде бұрынғы Кенен Әзірбаев атындағы кинотеатрда көрермендермен кездесу өткізіп, киноөнерін бағалайтын жұртшылық алдында: – Мен Төлеген – Құманмен фильмде ғана бәсекелеспін, ал, былайғы өмірде Қыз Жібек – Меруерт екеуінің тілеуқор ағасымын. Екеуінің үйлену тойында Төлегенге күйеу жолдас болып, махаббат қуаныштарын дүркіретіп бірге өткізсек, тұңғыштарының есімін де мен қойғанмын, – деген болатын. Асекең, негізінен, психологиялық иірімдері терең пьесалар мен фильмдерде ойнайтын салмақты, ойлы актер болғанымен, жай өмірде әзіл-қалжыңсыз аттап баспайтын адам. Сол кездесуде болар: «Төлегенді «өлтіргенім» үшін кемпірлерден әбден «таяқ жедім» – деп, халықты ду күлдірген. «Мынау, – дейтін енді бір келгенде Мейірман Нұрекеевті көрсетіп, – қай жақтансыңдар?» – деп сұрасам, тілін бұрап – «Чилиденбіз», дейді, ал, онысы Қызылорданың кәдімгі Шиелісі...» – деп, күлкі тілеп отырған қазақтарды одан сайын мәз қылатын. Көрермендер «Қыз Жібектен» кейін жан дүниесі рухани қоңылтақсып қалмас үшін «Қазақфильмнен» тағы жақсы туындыны күтті. Көп ұзамай, ол арман да орындалды. Дүниеге «Атаманның ақыры» фильмі келді. Асанәлісінің жағымсыз болса да жақсы әсер қалдыра білетін бейнелеріне жаман үйреніп қалғандардың қалай қабылдағанын қайдам, өз басым «Қыз Жібектегі» қызба, алқын-жұлқын, ұрма-перме және анда-санда аңғал, ақкөңіл Бекежанның «Атаманның ақырында» байсалды, ақыл-парасатқа бай, сонымен бірге елдік пен ерлікке қызмет ететін айла-шарғысы да бар Шадияровқа айналғанын көрдім. Ұнағаны, әсіресе, фильм басталған кездегі ойға тұнған жанары болды. Бұл ойлы жанарды экраннан біраз уақыттар бойына көрсетіп тұру, бәлкім, тыз етпе, шыдамсыз біреулерге ұзақтау көрінген де шығар, бірақ, ол осы қарасында фильмге арқау болар терең мазмұнды тұңғиық көзбен «сөйлеп», сыршыл көзбен «жазып» жатты. Осы көріністен-ақ фильм атының менмұндалап тұрғанына қарамастан, оның оқиға желісі жалаң айқай-сүрең мен құрғақ атыс-шабысқа емес, парасатқа, ақылға, сабырға және ұтымды айла-тәсілге құрылғанын болжағанбыз. Әрине, картина өз оқиғасына лайық динамикамен бірте-бірте дамып, бірте-бірте қоюлана түскен. Мұның жайы патша көңіл көрерменге белгілі болса керек. Майда балалар жағы (ең адал көрермен балалар ғой) Шадияров ағаларының батылдығына қызықса, біз оның атаман Дутов пен оның сыбайласы Абылайхановпен жеке қалған сәтіндегі психологиялық драмасына қатты мән беріп, жүйке мен жүректің тартысын соншалықты шынайы бере білгеніне тәнті болған ек. Осы «Атаманның» арқасында Асекең еліміздің Мемлекеттік сыйлығына да ие болды. Бұдан кейін экранға «Транссібір экспресі» шығып, бұл фильмде айла-шарғысы мол дипломат-барлаушыға айналған Асекең мүлде жаңа қырынан танылды. Асекеңмен «Ассалаумағалейкүм!» деп қос қолдап амандасып, дастархандас болудың да сәті түсті. Мұның мәнісі былай, тоқсаныншы жылдардың орта тұсында Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып қызмет істейтін Әлібек Әмзеев марқұм болған әкесіне ас беріп, соған Асанәлі аға да атбасын бұрды. «Тәуелсіздік алдық» деп бөркімізді аспанға атқанмен, тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін ел тұрмысы түзеліп, жұрт реңі онша оңала қоймаған кез. Асекең сол қиындықтарға қарамастан алыстан ат сабылтып келді. Құдай қосқан қосағы туралы жан тебірентер сағынышқа толы кітабы да жаңадан жарыққа шығып жатқан тұс еді, дастархан басында осы өңірдегі бір-екі кішігірім бастық пен бір-екі кішігірім жазушыға қол қойып, сол дүниесін сыйлады. Мен қалыс қалдым. Аналар да «Егемен Қазақстанның» тілшісі қалып қойды ғой» демеді. Сұрамсақтанбайтын сақы мінезге басып, өздігімнен мен де сұрамадым. Ішімнен «Менің олардан кем емес екенімді Асекең білмеген шығар, әйтпесе бір кітабын аяды дейсің бе?» деп қоям. Бірақ, «Азамат ердің баласы аз ұйықтар да көп жортар» дегендей, жасөспірім кезімнен өнерін сыйлап өскен әз ағаның аузынан шыққан әр сөзді құлағымнан қағыс жібермеуге тырыстым. Кейде тұтас бір кітаптың беретінін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізуге болады. Соны күттім. Әңгімеден әңгіме туып, Асекең өзі түсірген және бел баласы Сағи екеуі қатар ойнаған «Шоқан Уәлиханов» фильмі туралы сыр шертті. Асекең, әрине, атақты актер болса да «Шоқан Уәлиханов» оның режиссер ретіндегі «тырнақалды» дүниесі еді. Әке мен ұл, яғни, Шыңғыс пен Шоқан арасындағы драмалық қайшылықты жеткізуден асқан қиын тірлік жоқ. Оның үстіне, әке Шыңғыс – Асанәлі аға да, ұлы Шоқан – Асанәлі ағаның ұлы – Сағи. Шыңғыстың ат үстінде отырып, ұлына қарай желе жортып келе жатқандағы ойлы жүзі көп нәрседен, яғни, «ұлым, сен бұрын кім едің, енді кім болдың, еліңнің қамын жейтін азамат болдың ба, жоқ па?» деген сияқты сан алуан сұрақтарды сөйлемей-ақ сездіреді. Міне, әңгіме осы тұсқа ойысқанда, Асекең асықпай ойланып, іргеден алыс жаққа (киіз үйде отырғанбыз) бір қарап алып: – Мен Сағиға айтар ойыңды, негізінен, көзбен жеткізуге тырыс дейтінмін. Өзіңдей ана орыстың баласына қарашы (фильмдегі Ф.Достоевскийдің рөлін ойнаған актерді айтты), «үндемей-ақ сөйлейді» деп үлгі қылатынмын, – деген еді сонда. Негізі мықты адамдар өзінен мықтыны мойындаудан өспесе, өшпейді ғой. Асекең де біреу байқап, біреу байқамаған әлгі орыс актерінің көзіндегі шаш ағартар қайғы-мұңды қапысыз аңдап, оны жас та болса ғажайып өнер құдіретімен шынайы бере білген актерге керемет сүйсінгенін айтып еді сонда. Бұл әңгімені дастархан басында отырған дарақылау тобыр көкпар көріп, бәйге тамашалауға шығар-шықпастан-ақ ұмытып кеткеніне кепілмін, ал, бірақ, мен әлі күнге дейін ұмыта алмай жүрмін. Бәлкім, мен күткен бір кітаптың беретін ғибратын жеткізген жалғыз ауыз сөз сол жиында осы болған шығар. Асекеңнің бір жақсы қасиеті – туған жеріне атбасын жиі-жиі бұрып тұратындығында. Оған халқы куә. Тараз қаласының орталығындағы Төле би даңғылымен Азиада алауын жүгіре басып алып өтті ме, өтті. Жас спортшыларға жетпістегі аталық ақылын айтып, ақ батасын берді ме, берді. Сарысу ауданындағы Ысты Тілік бабаға ескерткіш кешен ашылғанда да Кеңес Аухадиев екеуі Алматыдан арнайы келіп, елмен емен-жарқын шүйіркелесті ме, шүйіркелесті. Дәулескер қобызшы Ықылас Дүкенұлына Тараз қаласынан ескерткіш ашылғанда да текті тұлғаға тән мінезімен төбе көрсетіп, қуаныш бөлісті ме, бөлісті. Өзі туып-өскен Сарысу ауданындағы Жайылма ауылынан Алланың үйін салдырып, мешіт мұнарасынан естілген алғашқы азанды өз құлағымен тыңдап, алғашқы оқылған намазға қатысты ма, қатысты. Хазіретілі Лұқпан хакім «Уай, пендем! Мына екі нәрсені ұмыт: біреуге жасаған жақсылығыңды және біреудің саған жасаған жамандығын!» депті. Санай берсек, Асекеңнің қазақ халқына жасаған жақсылығы көп. Бірақ, оны міндет қылатын кісіңіз Асекең емес. Мақаланы қорытындылап, тобықтай түйінін айту үшін манағы Бақ пен Қыдыр туралы аңыздың ғибратына қайта оралсақ деймін. Асекеңе Бақтың көзі түскен. Бәлкім, сол кезде бала Асанәліден, бозбала Асанәліден, кемеліне келген актер Асанәліден бұрын Бақтың көзіне түскісі кеп, тыраштанғандар да болған шығар, бірақ, Қыдыр қабағын көтерген Бақтың көзі басқа емес, Асанәліге түсіпті. Ол Бақ кім? Әрине, Өнер! Ал, өнер қайдан шығады? Өнер елден шығады. «Ел іші – өнер кеніші». «Халық қаласа, хан түйесін сояды!» деген сөз де бар. Сол халықтың ішіндегі Асанәлінің өнерін таныған халық ұлдарын да Бақ пен Қыдырға теңеудің асылығы жоқ шығар. Мысалы, режиссер-профессор Асқар Тоқпановты алайық. Асқар аға Тоқпановтың ерекше қасиетінің бірі – адам танығыштығы екен. Ол ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген Асанәліні көріп: «Қазақстанда бір жақсы агроном кем болса, одан елдің ештеңесі кетпес, ал, бір мықты актерінен айрылса, онда еліміздің өнері мен мәдениеті үлкен байлығын жоғалтады», – депті. Одан кейін қазақ халқының бағына туған режиссерлер Сұлтан Қожықов, Шәкен Айманов... бұл кереметтер тізімін жалғастыра берсек, әңгімеміз бірталай жерге барары сөзсіз. Сосын «Қыз Жібектің» түсірілуіне қамқор болып, ал, «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» фильмдерінің идеясын айтып, нақты тапсырма берген Алаш алыптарының бірі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ше?!. Ақкөңіл Асекеңнің кейде кейбір керауыздардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып кете жаздайтын аңғал мінезі де бар, бірақ, өнерін бағалап, өзін сыйлап, аман-саулығын сұрастыра жүретін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ше?!. Осының бәрі Асекеңе көзі түскен Бақ емей, немене!?. Бірақ, Алла тағала құлдарына Бақты беріп те, алып та сынайды. Сол аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тағала Асанәлі Әшімов деген құлына Бақты берудейін берді, алудайын алды. Анасының, жарының, ұлдарының әзіз жанын Алла тағалаға бірінен кейін бірін тапсыру – жауыңа да тілемейтін қасірет. Бірақ, Асекең ағамыздың сексеуілдей сірі жаны бұл сынаққа да шыдады. Тіл-көзіміз тасқа, Бақтың көзі Асекеңе қайта түсті. Ендігісі баянды болсын! Әмин!
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді