Экспортқа шығарылады
Жуалы ауданында бүгінде сүт кластерін дамыту бағытында елеулі тірліктер тындырылуда. Облыс бойынша былтыр 292 мың тонна сүт өндірілсе, оның 45-50 пайызы өңдеуден өткен. Бұл ретте жуалылық кәсіпкерлер дүкен сөрелерін отандық өніммен толтыруға барынша атсалысып жатқанға ұқсайды. Біз бұған ауданда ұйымдастырылған баспасөз туры барысында көз жеткіздік.
Сапар барысында журналистер бірқатар ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысымен танысты. Олардың арасында Жандос Молдабеков басқаратын, 37 шаруаның басын қосқан «Қарасаз-2017» кооперативі де бар. «Қарасаздықтар» 440 бас мүйізді ірі қара малын сатып алу мақсатында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы алты пайыздық өсіммен несие алған. Бүгінде шаруашылықта 326 сауын сиыры ұсталады. Сүт өнімі негізінен «Жуалы сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткерілуде. Бұл орайда шаруаларға өнімнің әр литріне 10 теңгеден субсидия төленеді екен. Кооператив жуырда сыйымдылығы 2 тонналық, құны 5 миллион теңге модульді танкер сатып алыпты. Оған жұмсалған қаражаттың жартысы мемлекет есебінен субсидияланған. Шаруашылық басшысы келесі жылы өткізілетін сүт көлемін едәуір арттырамыз деп отыр. Сондықтан тұтынылған жаңа танкер аздық ететіндігін айтып қалды.
Біз бас сұққан келесі нысан – «Ақсай-2016» кооперативі аты айтып тұрғандай, былтыр құрылған, бүгінде 60 жеке кәсіпкерді біріктіріп отыр. Жетекшісі – Нұрқанат Әбзелбеков. Шаруашылық иелігінде қазір 670 бас мүйізді ірі қара малы бар, мұнда күніне 2-2,5 тонна сүт сауылуда. Баспасөз туры барысында «Әлібек» шаруа қожалығының жұмысы да назардан тыс қалмады. Қожалық жетекшісі Шаяхмет Қалдарбеков «Орынбасар» жеке кәсіпкерлігіне күніне 250 литр сүт өткізетіндерін айтты. Ал көктемде өткізілген сүт көлемі күніне 350-400 литрді құрапты. Сауыншы, бақташысын қосқанда, шаруашылық алты бірдей адамды жұмыспен қамтып отыр. 2003 жылдан бері Бауыржан Момышұлы ауылында сүт өнімдерін өндіретін «СМТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істеп келеді. Серіктестік жүзеге асырған жобаның құны 60 миллион теңгені құрапты. Бүгінде еңсесін тіктеп, елеулі жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген кәсіпорында сүт өнімдерінің түр-түрі өндіріледі. Соңғы бес ай ішінде мұнда 3,4 тонна сары май, 15,7 тонна ірімшік, 2,2 тонна брынза, 1,5 тонна чечил және 500 литр сусын өндіріліпті. Тауарларының сапасы мен дәмі тұрғысынан бәсі биік кәсіпорынның өнімі Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында саудаланады. Серіктестік директоры Лечи Оздамировтың айтуынша, биыл өнімдерін Ресейге экспортқа шығару жөнінде келісімшарт та жасасқан. Зауытта 15 адам жұмыс істейді. «Біз голландиялық, пошехондық қатты ірімшік және жұмсақ адыгей ірімшігін өндіреміз. Биыл өнімділік көлемі 37 пайызға өсті. Біздің тауарларымыз жүз пайыз экологиялық таза екендігіне кепілдік бар. Бәлкім тауарларымыздың бағасы қымбаттау шығар. Бірақ, бастысы адам денсаулығы екенін естен шығармау керек», – дейді кәсіпорын иесі. Зауыттың қуаты тәулігіне 10 тонна сүт өңдеуге жетеді. Жұмысты одан әрі жандандыра түсу үшін кәсіпорынға биыл мемлекет тарапынан 7,5 миллион теңге субсидия беріліпті. Мұнда 15 жыл бойы шығарылып келген лимонад сусынының да дәмі тіл үйіреді. Зауыттың бір құты шырынды сусынының бағасы 45 теңге ғана. Алайда, дүкендерде үш есе, тіпті одан да жоғары бағада сатылады. Зауыт өндірген шырынды сусындар Сарыағаш қаласында айрықша сұранысқа ие екен. Серіктестіктің алдағы уақыттағы мақсаты – тауар түрлері мен өнім көлемін еселеп ұлғайту және сәйкесінше жұмысшылар санын көбейту. БАҚ өкілдері ауданда өткен баспасөз турын «Бурный сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірімшік зауытында болумен түйіндеді. Сүт өңдейтін бұл кәсіпорын 1951 жылы «Бурный ірімшік зауыты» ретінде құрылған екен. Бүгінде ол мүлде басқа кейіпке еніп, жаңа әрі заманауи құрылғылармен жарақтандырылған. Кәсіпорын қазір күніне 22 тонна сүт қабылдайды, ал жаз айларында бұл көрсеткіш 62 тоннаға дейін жоғарылайды екен. Кәсіпорын басшысы Әбдібек Пошкаев үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде жылдық жоспарды орындап қойғандарын жеткізді. Енді алдағы 4 айда артығымен өнім өндіруді көздеп отыр екен. «Биыл біз үшін өте қолайлы жыл болды. Себебі, жыл сайын 43 тонна сүт алсақ, биыл оның көлемін 65 тоннаға дейін жеткіздік. Сонымен қатар жылда өнімдеріміз еліміз бойынша Алматы, Шымкент қалаларына ғана сатылатын. Биыл Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе қалаларына да жіберілуде. Негізінен зауыттың тәуліктік қуаттылығы 110 тоннаға есептелінген. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері осы қарқындарынан таймаса, кәсіпорынның толық қуатында жұмыс істейтін күні де алыс емес сияқты», – дейді ол. Зауыттың сапалы ірімшігі Ресейге де экспортталады.
Жуалы ауданы.
Қарлығаш есбергенова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді