Ауылға да назар аударылса екен
Алпысбай Жұмаханов, «Пионер» ӨК төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, «Құрмет» орденінің иегері.
Елдің экономикалық дамуында инвестиция тартудың рөлі зор. Бұл әрі екіжақты тиімді. Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі ел экономикасындағы маңызды мәселелерді ұтымды шешіп келеді. Елбасының төрағалығымен өткен басқосуда шетел инвесторлары Қазақстанға инвестиция салуға ниетті екенін аңғартты. Осы орайда Қазақстанның танымалдығы жоғары екендігі еліміз үшін жоғары бедел. Оны қолдаймыз, қуаттаймыз. Қазақстанда аграрлық саясат қалыпты жағдайда десек те, ауылшаруашылығына инвестиция тарту көңілдегідей емес. Ұлан-байтақ жеріміз бола-тұра, ауылшаруашылығы өнімдерін сырттан алуымыз елімізге сын ғой. Бізде мүмкіндік бар.Тек қолдау керек. Агроқұрылымдар өндірген өнімдерді өңдеу мәселесі қалыпты жағдайда емес. Сондықтан ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар кешенін кеңейту керек. Ол үшін шетелдік инвестицияның қолжетімді нұсқасы болса, қандай ғанибет. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешіліп ауылшаруашылығына да инвестиция көптеп тартылғаны дұрыс болар еді.
Жамбыл ауданы.
Өңірлердің әлеуеті артатын болады Мақпал Абзалбекова, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару компаниясы» АҚ-ның бас менеджері. Елімізде инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың қамтамасыз етілуіне және олар үшін инвестициялық тартымды жағдайдың туғызылуына басымдық берілуі республикамыздағы әлеуметтік-экономикалық мәні зор жобаларға шетелдік және отандық кәсіпкерлердің, халықаралық қаржы ұйымдарының аса ауқымды инвестиция салуына игі ықпал етуде. Бұл тенденция күні кеше ғана Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары Кеңесінің жалпы отырысында да атап көрсетіліп, алдағы уақытта инвесторларға жасалатын қолайлылықтардың басым бағыттары нақтыланды. Әрі аталған басқосудың қорытындылары республика экономикасының дамып-өркендеуіне де айтарлықтай серпін әкелетіндігі талассыз. Ел аузында «Қазақстанның Швейцариясы» атанып кеткен Бурабайда өткен жиында қабылданған шешімдердің нәтижелері Мемлекет басшысының Жарлығымен Шу ауданы аумағында құрылған «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы» сияқты ірі мегажобаның тездетіп жүзеге асырылуына да игі ықпал етеді деп күтілуде. Өйткені, жалпы жобалық-сметалық құны 2 миллиард 725 миллион долларды құрайтын, құрамына 16 кәсіпорын кіретін, толық қуатында іске қосылған кезде жылына 2 миллион тонна көлемінде әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие химия өнімдерін өндіретін химиялық парктің отандық және шетелдік инвесторлар үшін де тартымды екендігі анық. Бүгінде, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару компаниясы» акционерлік қоғамының басшылығымен өңірдегі болашақ өндіріс орындары орналасатын жердің аумағында тегістеу жұмыстары жүргізілуде, су және газ құбыры мен электр желілері тартылуда, жол салынуда. Химиялық парктің инфрақұрылымы кешенінің бірінші кезеңінде жүзеге асырылуға тиіс жұмыс ауқымы аяқталысымен, келесі жылдан бастап, инвесторы қазірдің өзінде белгілі болып отырған алғашқы үш кәсіпорынның құрылысы қолға алынатын болады. Интеграция – ел игілігі үшін Роза Исаханова, «Французский дом BSB» ЖШС Тараз филиалының директоры. Еліміздің экономикалық өсуімен бірге бүгінде кәсіпкерлікпен шұғылданып, береке мен ырысқа кенеліп жүрген әріптестеріміз көп. Бір жағы заманның талабы да осы. Тек қана талмай еңбек ету керек. Оған мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын қосыңыз. Кәсіпкерлікті тек елдің ішінде ғана дамытпай, инновациялық түрде әлемдік деңгейге шығара білген абзал. Бұл бағытта мемлекетімізде мақтанып айтар жетістіктер жетерлік. Индустрияландыру аясында елімізде көптеген жобалар жүзеге асырылды. Оның дені шетелдік инвесторлардың атсалысуымен мүмкін болғанын айту ләзім. Бір жаққа қомақты салым салмай тұрып, алдымен оның келешегін, әлеуетін есептеп алу қарапайым әрі шартты нәрсе. Сондықтан шетел инвесторларының қалауы қазақ еліне тегіннен жасалып жатқан жоқ. Бұл мемлекетіміздің экономикалық көрсеткіштерінің арқасында мүмкін болып отыр. Шетел инвесторлары бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта қазіргіден де үлкен көрсеткіштерге жеткізіп, дамыта берері анық. Бұлай сенімді сөйлеуімізге жуырда ғана Көкшетау қаласында өткен ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 27-жалпы отырысында қаралған мәселелер мен онда айтылған ойлар ұйытқы болды. Сол алқалы жиында сөйлеген сөзінде Елбасымыз: «Әлемдік дағдарыстарға қарамастан, біздің экономикамыз орнықты даму қарқынын жоғалтпады. Біз инвесторларды барлық жағынан қолдаймыз және қолдау шараларын үнемі жетілдіріп отырамыз» деді. Екі жаққа да тиімді мұндай қолдау барда кәсіпкерлердің де аянбай тер төге берері анық. Бұдан кейін шетелдік инвесторлардың қазақ елінің индустрияландырудың екінші бесжылдығын сәтті жүзеге асыруына бұрынғыдан да қарқынды күш жұмылдырары сөзсіз.Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді