«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Болашақ – білімді ұрпақтың қолында

Болашақ – білімді ұрпақтың қолында
ашық дереккөз
Болашақ – білімді ұрпақтың қолында

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аудан әкімдерінің мектеп есігін ашпайтынын атап көрсетті

ОРТАША БАЛЛ – 72,4 ПАЙЫЗ

Білімді ұрпақ – ел ертеңі. Сондықтан Елбасы жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына айрықша назар аударып келеді. Мемлекет тарапынан білім саласына бөлінетін қаржының жылдан-жылға арта түсуі соның бір айғағы. Әлемдегі дамыған үздік 30 мемлекеттің қатарына ену үшін де білімді ұрпақ керек. Облыс әкімі аппаратының кезекті селекторлық кеңесінде «2014 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы туралы» мәселе күн тәртібіне шығарылды. Онда облыстық әкімдіктің білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова хабарлама жасады. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш берген 6773 мектеп бітірушінің 6683-і қатысқан. Бұл – 99,3 пайызды құрайды. Тестілеуге қатысқандардың 5498-і қазақ тілінде, 1185-і орыс тілінде тапсырған. ҰБТ қорытындысы бойынша облыстың орташа балы -72,4 пайыз. Аудандар арасында Жуалы 80,57 балл жинап, көш бастаса, былтыр бірінші орынды иеленген Т.Рысқұлов ауданы 65,39 балмен ең төмен көрсеткішке сырғыған. Байзақ ( 67,8 балл) және Қордай (66,44 балл) аудандарында да тест көрсеткіші мәз емес. «Алтын белгі» жалпы орта білімі туралы аттестатына үміткер 265 мектеп бітірушінің 102-і ғана өз білімдерін дәлелдепті. Облыстың бас педагогы «Алтын белгі» алу үшін 24 үміткерге бір, 28 үміткерге екі-үш балдан жетпей қалғанын, бір балл жетпей қалған 24 үміткердің жұмыстары Білім және ғылым министрлігінде қаралып жатқанын атап көрсетті. «Үздік аттестатқа» үміткер 114 бітірушінің 18-і өздерін оған лайық екендерін дәлелдеп шықса, 12 үміткерге бір балл, 20 үміткерге екі-үш балл жетпей қалыпты. Ал, 100-ден жоғары балл алғандар саны – 810. Жоғары көрсеткіш саналатын 120-123 балды 18 мектеп бітіруші алыпты. Облыс бойынша ең жоғары 123 балды Тараз қаласындағы №1 гимназияның бітірушісі, «Алтын белгі» иегері Хан Анастасия алған. Тараз қаласындағы «Айша бибі» атындағы облыстық дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік мектеп интернатының орташа балы – 106,3 және №45 гимназияның орташа балы –101,8 пайызға жетіп, білім беру мекемелері арасында алдыңғы орындарға шыққан. Алайда, 1016 мектеп бітіруші шекті деңгейден өте алмаған. Химия, биология, физика, география, орыс тілі, дүниежүзі тарихы, ағылшын тілі және орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәндері бойынша былтырғы ҰБТ-ға қарағанда білім сапасы жоғарылаған. Облыстық білім басқармасының басшысы осындай мәліметтерді алға тартты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Мемлекет басшысы тарапынан да, Үкіметтен де білім саласына айрықша көңіл бөлінетінін, облыста білім беру мекемелерінің жаңарып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мұғалімдердің жалақысы жылдан-жылға көтеріліп жатқанын атап көрсете келе, ҰБТ көрсеткішіне көңілі толмайтынын жеткізді. С.Құрманбекованы аппарат кеңесінде оқу жылының білім қорытындысы қаралып отырғандықтан осы салаға жауапты орынбасарының қатыспағаны үшін сын тезіне алды. Сонымен қатар, қалалық, аудандық білім бөлімінің басшыларын қатыстыра отырып, осы мәселе бойынша бірнеше рет жиын өткізілгенімен ешқандай қорытынды шықпағанын алға тартты. «Білімі бар оқушы өзін дәлелдейді. Зейнеткерлікке шыққандар мектеп директоры болып неге отырады? Жұмысын дұрыс атқара алмайтын аудандық білім бөлімінің басшылары қызметінен кетсін. Білім саласындағы бүкіл ұйымдастыру жұмыстарына, жақсы көрсеткіш беруге сіз жауаптысыз» деді облыс әкімі. Аудан мектептерінің ҰБТ-дағы төмен көрсеткіші үшін аудан әкімдері де жауапкершіліктен тыс қалмайды. Аудандарда бұрынғыдай мыңғырған мал, ырғын егіс жоқ екеніне қарамастан аудан әкімдерінің мектеп есігін ашпайтынын атап көрсетті Кәрім Нәсбекұлы. Ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткіштері төмен бірқатар аудандардың әкімдері, салаға жауапты орынбасарлары мен білім бөлімдерінің басшылары түсінік берді. Т.Рысқұлов ауданында тест сағат 10.30-да басталған. «300 орындық алып лайнерге де жолаушыларды тексеріп, өткізу 40 минутта жүргізіледі» деп ҰБТ жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмаған білім бөлімінің басшысы мен аудан әкімінің орынбасарына сын айтылды. Облыс әкімі тарапынан мұндай сын Меркі және Шу аудандарының әкімдері мен білім бөлімінің басшыларына да айтылды. Қордай, Байзақ және Жамбыл аудандарында да жағдай мәз емес. Облыс әкімі ҰБТ-да көш бастаған Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеевке, білім бөлімінің басшысы Сағындық Әбілдаевқа және Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназиясының директоры Валентина Писмакқа алғыс айтты. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен облыстық әкімдіктің білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбековаға тест нәтижесі туралы анықтама беруді, қала және аудан әкімдеріне ҰБТ нәтижесін әкімдіктің алқа мәжілістерінде талқылауды міндеттеді.

МЕДИЦИНА – АДАМДЫ, ВЕТЕРИНАРИЯ – АДАМЗАТТЫ САҚТАЙДЫ

Кеңестің күн тәртібіне шығарылған «Ветеринарлық шаралардың орындалу барысы туралы» мәселе бойынша облыстық әкімдіктің ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев хабарлама жасады. Хабарламашы «Ветеринария туралы» Заң талаптары бойынша атқарылып жатқан жұмысты баян етті. Қазақстанның Кеден одағына қосылуы, Дүниежүзілік сауда ұйымына алдағы уақытта кіретініне орай ірі қара мал етінің экспорттық әлеуеттік дамыту жобасын іске асырылуына, эпизотиялық, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты өте ауқымды жұмыс атқарылатынын атап көрсеткен ол, мал дәрігерлік сала бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмысты слайд арқылы айтып берді. Салаға кейінгі үш жылда ел қазынасынан 4 189,3 мың теңге бөлініп, оның 3163,6 мың теңгесі «Эпизотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге», 1025,7 мың теңгесі материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінген. Жергілікті бюджеттен осы үш жылда 1099,0 мың теңге жұмсалған. Осындай қаржылай қолдаудың нәтижесінде өңірдің эпизотиялық ахуалы біршама жақсарыпты. Басқарма басшысы сарып, сібір жарасы, басқа да жұқпалы індеттерге қарсы және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтарындағы атқарылып жатқан іс-шараларды сөз етті. Сондай-ақ, малды бірдейлендіру жұмыстарын да слайд арқылы баяндады. Облыста мүйізді ірі қара малын бірдейлендіру жұмысы аяқталса, уақ мал мен жылқыны бірдейлендіру одан әрі жалғасуда екен. Осы уақытқа дейін уақ мал 71, жылқы 68, шошқа 74, түйе 63 пайыз бірдейлендіріліпті. Уақ малды сырғалау Таласта-10, Меркіде-24, Жуалы ауданында- 25 пайызды құрады, жылқыны чиптеу Сарысу ауданында бірде-бір малға салынбаса, Мойынқұмда-6 және Шу ауданында-12 пайызды құраған. Облыс әкімдігінің салаға жасап жатқан қолдауының нәтижесінде облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 28 типтік биотермиялық шұңқыр, 18 мал сою алаңы соғылғанын, биыл тағы да 13 биотермиялық шұңқыр, 2 мал тоғытпасы жасалатынын, бұдан бөлек 8 биотермиялық шұңқырдың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жоспарланғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық ветеринариялық инспекциясының басшысы Сәрсенбай Солтанбеков қосымша хабарлама жасады. Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікенов кенеге қарсы қолға алынып жатқан шаралардан, Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев төрт түлік малдың жай-күйі туралы хабардар етті. Облыс әкімі «Малды бірдейлендіру жұмыстары аудандарда неге әрқалай?» деп сұрақты төтесінен қойды. Кейбір аудан әкімдеріне өздерінің аумағындағы орман шаруашылығының тіршілігінен хабарсыз екенін, шекарадан малдың контрабандалық жолмен өтуіне тосқауыл қою қажеттігін де қатаң ескертті. Алдағы уақытта ветеринария саласы мен шекара мәселесіне байланысты арнайы жиын өткізу керектігін атап көрсетті. Кеңес жұмысын қорытындылай келе Кәрім Нәсбекұлы Жаңатас қаласында «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқан жұмыстарды қадағалауды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке, ондағы көрнекіліктерді реттеуді облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетоваға тапсырды. Аудан әкімдеріне дін мәселесі бойынша жиын өткізіп, күннің қатты ысуына байланысты өрт қауіпсіздігін қатаң қадағалауды міндеттеді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар