Евгений Жагалтаев облысымызға келіп, жеке концертін қойды
Есімі елімізге белгілі шоумен, кәсіпкер, «Авторадио Казахстан» радиохабарын жүргізуші, талантты әнші, сазгер Евгений Жагалтаевтың кезінде жерлесіміз, әнші Айбек Сейітовтің алғашқы продюсері болып, «Беркут» атымен бірқатар әндерінің бейнеклипін түсіруіне де дәнекер болғанын біреу білер, біреу білмес. Оның қазақстандық әнсүйер қауымға танымал «Persona Contra» думан-шоуымен эфирге қайта шығуы да тыңдармандары үшін ерекше оқиға болды. Ең бір атап өтерлігі сол, бұл радиобағдарлама бір жыл ішінде-ақ халықтық мінберге айналып үлгерді.
Еліміздің музыка кеңістігінде өзіндік орны бар әншінің бұрнағы күні «Баласағұн» орталық концерт залында «Жаңбырға айналу» («Стать дождем») атты концерттік бағдарламасы табыспен өтті. Бұл жолы өзінің тобымен келіп қойып, екі сағатқа созылған концерт жиналғандарды айрықша әсерімен баурады. Е. Жагалтаев облысымызда «Азия елі» халықаралық жерлестер фестивалінің алғашқы өткізілімінің бас продюсері де болған-ды. «Осы фестивальдің үстіміздегі жылғы тамыз айында өтетін екінші өткізіліміне де шақырту алып отырмын. Бірақ, басқа да ұйымдармен келіссөздер қолбайлау болатын түрі бар. Әзірге Таразға жолым түсетіні-түспейтіні белгісіздеу болып тұр. Кезегін күткен шаруаларымды бір ыңғайлы ете алсам бұл жаққа міндетті түрде келетін боламын. Концерттік тобымыздың ағылшынша атауы қазақша «Қара адам» дегенді білдіреді. Таразда тағы да кездескенше» деп жылы қоштасты бізбен әнші.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді