Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері басшыларының жуықта Астана қаласының төрінде Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қоюы, үшжақты шарттың келер жылғы қаңтардан бастап күшіне енетіні бүгінде қазақстандықтар, оның ішінде облыс жұртшылығы арасында да зор серпіліс туғызып отыр.
Бұл мәселе Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының партия тобы мен тарих- жағрафия факультеті, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының «Қазпошта» акционерлік қоғамы бастауыш ұйымы бірлесе өткізген «Еуразиялық интеграцияның ақпараттық-зияткерлік мазмұны» тақырыбындағы дөңгелек үстел басқосуында басты әңгіме арқауы болды. Іс-шараны аталмыш оқу орнының оқу әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Расима Амандосова ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда бірқатар ғалым-оқытушылар аталған тақырып төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, философия және әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының оқытушысы Гүлжан Ыдырысова Еуразиялық экономикалық одақ құру белгілі бір іскер топтар субъектілері үшін ғана емес, қарапайым халық үшін де тиімді екеніне, оларға үш елге ортақ экономикалық нарыққа кәсіпкерлермен бірдей қол жеткізуге мүмкіндік туғызылатындығына, ал, институттың тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Жәнібек Көрпебаев ЕЭО-ға мүше мемлекеттер қатарына ену бастамасы соңыра аса қуатты ынталандырушы күшке айналып, елімізді ғаламдық алғы шептерге алып шығатындығына жан-жақты тоқталды. Басқосуға қатысушылар Елбасымыздың тікелей өзі іргенегізін қалап, алғашқы жақтаушысы болған бұл идеяның болашақта сәтімен жүзеге асып, еліміз өңірлерінің гүлденіп, дамуы мәселесінде айрықша маңызға ие игілікті іс болатынына бірауыздан сенім білдірісті.
Нұрсұлтан ЕРМЕКОВ, ТарМУ-дің студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді