«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кооператив – ауыл шаруашылығын дамытудың басты тетігі

Кооператив – ауыл шаруашылығын дамытудың басты тетігі
ашық дереккөз
Кооператив – ауыл шаруашылығын дамытудың басты тетігі
IMG_4372Ұлан-байтақ жері бар еліміздің аграрлық әлеуеті орасан. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің үстіміздегі жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы»: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналу керек» деген міндет қойды. Бұл бағытта елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Осыдан 2 жыл бұрын Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңы қабылданды. Мұның өзі саланы әртараптандыруға, ұсақ агроқұрылымдарды ірілендіруге серпін беруде. Кооператив – агро-құрылымдардың өздерінің жалпы экономикалық, әлеуметтік және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында еріктілік негізінде бірігетін дербес қауымдастық. Кейінгі кезде ауыл шаруашылығы еңбеккерлері жаңа құрылымының артықшылығын айқын сезініп келеді. Мемлекеттен несие мен субсидия кооперативке бірінші кезекте беріледі. Демек, кооперативке мүше болған қожалықтар мен жеке тұлғалар несиені қысқа мерзімде әрі қиналмай алады. Бұл іспен кооператив басшылары шұғылданады. Бұрын мал өсірушілер жемшөп дайындауда үлкен қиындықтарды бастан кешіретін. Қазір олардың мүшелері мұндай кедергілерден де құтылды. Қажетті жемшөп қолдағы барлық техниканы жұмылдыру арқылы бірлесіп әзірленеді. Сол кезде оның өзіндік құны да едәуір төмен болады. Бұл іс Жуалы ауданында да жанданып келеді. Ауданда 12 ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив құрылып, жұмыс істеуде. «Ақсай» – 2016 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрамына 29 жеке тұлғаны біріктірген. Оларға «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы 102 миллион теңге несие берілген. Оған олар 446 бас мүйізді ірі қара сатып алған. Аналық бастардан 128 бұзау алынған. Өндірілген сүтті «Жуалы сүт компаниясы» ЖШС-на өткізуде. Құрамында 38 жеке тұлғасы бар «Қарасаз – 2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүт өндірумен айналысады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қолы жеткен 100 миллион теңге несиесіне кооператив мүшелері 326 бас мүйізді ірі қара сатып алған. Қазір күнделікті 0,5 тонна өндірген сүтін «Жуалы сүт компаниясы» серіктестігіне өткізуде. – Біз алынған несиеге келешекте тағы 114 бас мүйізді ірі қара сатып аламыз. Олар толық төлдеген кезде, сүт зауытына күнделікті 5 тоннаға дейін сүт жөнелтілетін болады. Жақында кооперативке Шығыс Қазақстан облысынан сыйымдылығы 3 тонна шикізат салқындататын танкер әкелінеді. Мұның өзі өткізілетін сүт сапасын жақсарта түсуге игі ықпалын тигізетіні сөзсіз, – дейді «Қарасаз – 2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Жандос Молдабеков. «Мыңбұлақ – 2017» АШӨК сүт өндірумен шұғылданады. Осындағы 43 жеке тұлғаға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы алған 100 миллион теңге несиелеріне 325 бас мүйізді ірі қара сатып әкелген. «Жуалы – Алатау» АШӨК құрамындағы 15 шаруа қожалығы сүт кластерін құру жолында жұмыс жүргізуде. «Нұрлыкент – 2017» АШӨК көкөніс егумен айналысады. «СелСемЦентр» АШӨК Ресейден арпаның супер элита тұқымын әкеліп, ақ егістің түсімін арттыруды қолға алуда. «Шақпақ», «Көкбастау» кооперативтері де сүт өндіруді дұрыс жолға қоюда. Бұған қоса, Ақтөбе және Қошқарата ауылдық округтерінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін кооперативтер құру үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жаңа құрылымның тағы бір артықшылығы – кооператив мүшелері өздерінің өндірілген өнімдерін кедергісіз өткере алады. Осы мақсатта коммуналдық және басқа да бірнеше сауда орындарымен келісімшарттарға қол қойылған. Нарықтық экономикада бәсекеге қабілеттінің ғана бағы жанады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері бағасы қолжетімді, сапалы тауарлар өндіруге күш салады. Өндіріске инновациялық технологияларды кеңінен енгізуге ерекше көңіл бөледі. Кооперативтерде өндірілген өнімдер келешекте еліміздегі нарықпен қатар, экспортқа да көптеп шығарылатын болады.  

Жуалы ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ақылжан мамыт, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар