«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үш тұғырлы тіл – ұлт тың кемел келешегіне жасалған қадам

Үш тұғырлы тіл – ұлт тың кемел келешегіне жасалған қадам
ашық дереккөз
Үш тұғырлы тіл – ұлт тың кемел келешегіне жасалған қадам

Көптілділік қазақ тілінің даму көкжиегін кеңейтеді, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл –әмбеге аян іс. Бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық индексін иемденген озық 10 елде көптілділік жақсы дамыған. Солардың сегізіндегі негізгі тіл – ағылшын тілі. Еуропалықтардың 54 пайызы кем дегенде бір шет тілінде, 25 пайызы – 2, 10 пайызы 3 шет тілінде сөйлейді екен. «English First» халықаралық рейтингі бойынша халқы ағылшын тілі жақсы дамыған елдерде тұрғындардың жан басына шаққандағы табысы жоғары, жастардың жұмыссыдығы аз, адами капитал деңгейі биік, бизнес-климаттың жақсы екендігі анықталып отыр. Ең бастысы, үштілді білім беруді іске асыру халықтың барлық топтарын біріктіреді, қазақ және орыс тілінде сөйлейтін қауымның ортақ ақпараттық өрісте топтасуына, бірін-бірі неғұрлым жақсырақ түсінуіне, жүрекпен ұғысуына мүмкіндік береді. Біздің діттегеніміз де сол емес пе? Жалпы үштілділік не үшін қажет? Иә, бұл мәселе бүгінгі күні, дәл қазіргі сәтте өте өзекті. Алайда бұл мәселені жаппай қолдау қоғамымызда әлі де нақты тұжырымдалған жоқ. Әсіресе, ата-аналар жағы тілімізді жоғалтып аламыз ба, балаларымыз екі тілде сөйлеуі керек пе деген секілді үлкен үрей құшағында. Шын мәнінде бұл мәселе тәуелсіздігімізді алып, өз алдымызға ел болып қалыптасқан сәттен бастап көтерілген-ді. Тоқсаныншы жылдардың өзінде біздің томаға-тұйықтық жағдайында қалып қоймауымыз үшін әлемдік білім кеңістігіне кірігуіміз қажет болды. Бұл мәселе сол кезде туындады. Бүгін емес. Егемен ел болып іргемізді бекіткен күннен бастап өз заңдарымыз пайда болды. 1997 жылы еліміз тарапынан Сурбон қаласында Лиссабон конвенциясына қол қойылды. Салада түбегейлі өзгерістер басталды. Аталмыш конвенцияда 12 жылдық орта білім беруге көшу жайы да қарастырылған. Дегенмен оған бірден емес, біртіндеп көшу, бейімделу үдерісі жалғасуда. Бұл жай бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да жария етілді. Халық енді естіп біліп жатқан жоқ. Мәселенің астарына үңіліп, байыбына жетіп, түбегейлі шешім қабылдауға әбден жетерліктей мерзім ғой бұл. Осы орайда ата-аналарға айтарымыз, балаңызды ешкім де туа сала бірден мектепке алып кетпейді, алты жасқа дейін өз қолыңызда, жеке тәрбиеңізде болады. Осы уақыт аралығында баланың тілін ұстартып, діліне берік етіп тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарымызды бойына молынан сіңіріп те үлгереміз емес пе? Содан кейін мектебіне бере бер. Тіпті бес тіл үйретсе де, ешбірі мұндай тәрбиемен жетілген ұл-қыздарымыздың ділін де, тілін де бұза алмайды деп ойлаймын. Иә, мемлекет балаларға мектепте білім беру кепілдігін өз мойнына алады. Ал баланың өз ана тілінің уызына жарып өсуі ата-ананың қолында емес пе? Өз басым ауылда, қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған Талас өңірінде туып, өстім. Біздің кезімізде мектептерде неміс тілі оқытылды. Ал ағылшын тіліне сол кездің өзінде сұраныс болды. Бұл мәселеде ағылшын тілдік ортасы болуы міндетті деп ойламаймын. Жалпы, бірнеше тіл білген де, білмеген де жеке тұлға үшін аса қиындықтар туғыза қоймайды. Бұл жерде ана тіліміз қорланып та жатқан жоқ. Адам көп тіл білсе, оның еш артықтығы жоқ. Көптілділік керек. Еліміз, жеріміз гүлденіп дамуы үшін. Бұл жерде мемлекеттің ерекшеліктері де ескеріліп отыр. Елімізде тіршілік етіп жатқан жүздеген ұлыс өкілдеріне, шетелдік қонақтарға қазақ тілінің қасиетін, ұлттық құндылықтарымызды, бай салт- дәстүрлерімізді қызығарлықтай етіп әдемілеп жеткізіп, тартымды әңгімелеп беруіміз үшін де кезінде Абай жазғандай, орыс және шет тілдерін білуіміз керек. Ол дүниеге кең жол ашады, өрісімізді де кеңейтеді. Мұның бәрі бүгінгі күннің талабынан туындауда. Кім кімнің де көп тіл білуге қызығушылығы, ынтасы болса жеткілікті. Осы орайда көптілділік әдістемесі бізде және оларда қатар енгізілді десек те, Ресейде сәл ертелеу қолға алынғанын атап өтуге тиіспіз. Ағылшын тілін үйрену қазақтарға аса қиындыққа да түспейді. Өйткені, сөйлеу мәнері – транскрипциясы бір. Үштілділікті енгізу мәселесі педагогикалық-психологиялық, ғылыми-эстетикалық тұрғыда терең зерттелініп, дәрігерлік қорытындысы жасалған. Одан балаға келер ешқандай да ауырлық жоқ. Елдің бәрі диссертация жазбай-ақ қойсын. Түптің түбінде шетелге шығуы әбден мүмкін ғой! Олар біз жайлы аса көп білмейді. «Жапон» немесе «қытай» деп ойлап қалады. Сол кезде үндемей қалсаң, ыңғайсыздық туындайды. Ал өз елің, тілің, ділің, ұлттық ерекшеліктерің, табиғи көркем жерлерің көптігі туралы оларға өз тілдерінде жатық әңгімелеп берсең шетелдіктердің саған, сенің еліңе, жеріңе деген қызығушылығы арта түседі. Қазақ тілін үйренуге де ықылас танытуы мүмкін. Екі арада сыйластық туындайды. Бұл жаман ба? «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Бұл мәселе біздің аналарымызға, бесік тәрбиесіне де байланысты. Балаңды бесікке сал да, бесік жырын айт! Ертегі емізіп өсір! Қазақша тілін сындыр, салт-дәстүр, діліңді бойына сіңір, сөйт те мектепке бер. Мектеп, мейлі, бес тілде оқытсын, одан баланың діліне, тіліне келер еш нұқсан жоқ. Ендігі жерде біз балаларымыздың ағылшын тілін игеруіне, ана тіліне де ұмытпай уақыт бөліп отыруына бірлесе жұмыла кірісуіміз керек. Қазіргі балалар ақылды, алғыр. Олардың бұған шамасы келеді. Білім негізі нақ осы балалық шақта қалыптасады. Ата-аналар өз балаларының қабілетіне, болашағына сенсе, олардың өмірде табысты болуын қаласа, тілдің үштұғырлылығы саясатына түсіністікпен қарауға тиіс. Балаңыз Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, барлық әлемде бәсекеге қабілетті боларын білсеңіз, жақсы жұмысқа орналасып бақуатты өмір кешетініне сенсеңіз, одан артық не керек. Олай болса, көптілділік, үш тұғырлы тіл ұлт келешегінің де, ұрпақ келешегінің де кілті екендігі әрқашан әрқайсымыздың қаперімізде жүргені ләзім.

Амангүл ЖАНҒАЗЫ, Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар