Елімізде, оның ішінде облысымызда да қыркүйектің алғашқы жексенбісінде мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Яғни бұл күн – жер қойнауындағы бай қазынамызды игеріп, ел игілігіне ұсынушылардың кәсіби мерекесі. Газ бен мұнай өнеркәсібі қызметкерлерінің күні Ресей, Армения, Беларуссия, Қырғыз мемлекеттерінде де аталып өтіледі. Ал еліміздегі осынау игілікті істі сәтімен үйлестіріп отырған «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы республикамыздың газдандырылған он облысындағы тұтынушыларына табиғи газдың негізгі жеткізушісі болып табылады. Компания 2002 жылы құрылған. Биыл өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтпек. «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының негізгі міндеті – халықты көгілдір отынмен сенімді әрі үздіксіз қамтамасыз ету. Біздің өңірімізге аталған акционерлік қоғамның Жамбыл өндірістік филиалы газ жеткізеді. Бүгінгі күні облыстағы 10 ауданның 8-і газдандырылғанын атап өту ләзім. Өңірдегі газ желісінің жалпы ұзындығы 4500 шақырымды құрайды, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген елді мекендердің саны да жылдан-жылға арту үстінде. Атап айтқанда, өңірдегі 373 елді мекеннің 168-іне газ жеткізілген. 2017 жыл – филиал қызметкерлері үшін айтулы жетістіктерімен де есте қалмақ. Яғни биыл 1,848 мың отбасы газға қол жеткізді. Газдандырудың мұндай қарқыны тек өткен ғасырдың 80-ші жылдарында ғана байқалған болатын. Ал газдандырылған пәтерлер мен жеке үйлердің саны облыста 177,874 мыңнан асты. Табиғи газды 341 өнеркәсіптік кәсіпорын мен 4835 коммуналдық тұтынушы нақты өндірісте қолдануда. Биыл кәсіпорындар мен мекемелер, сондай-ақ өңірдің тұрғын үй секторы тұтынатын отынның көлемі 1,2 миллиард текше метрді құрады. Бүгінде облыс орталығының газ жүйелеріне жаңарту және жаңғырту жұмыстарын жүргізу саладағы басым бағыттардың бірі болып отыр. Тараз қаласындағы мың шақырымға жуық жерасты және жерүсті газ жүйесі желілерінің көбі бұдан 30-40 жыл бұрын жүргізілген әрі әбден тозығы жеткен. Оларды жаңалап, іске қосу үшін болат құбырларды электрхимиялық жемірілуден сақтайтын жерасты электрхимиялық қорғау стансаларын көптеп салудың қажеттігі де айқын сезілуде. Бұл мәселені шешу үшін болат газ желілерін жемірілуге төтеп беретін, бұрау мен майыстыруға, ең белсенді химиялық ортаға төзімді полиэтилен құбырлармен алмастыру қарастырылған газ жүйелерін жаңғырту жобасы жасалды. Бұдан бөлек, жоба бойынша үш сатылы (жоғары-орташа-төменгі қысымды) газдандыру жүйесінен екі сатылы (жоғары-орташа қысым) жүйеге ауыстыру да қаралған. Мұндай жүйе тұтынушыға да, жеткізушіге де ыңғайлы. Төменгі қысымды ұзын-сонар жерүсті құбырларының жоқтығы жүйеге табиғи құбылыстарды сездірмейді. Орташа қысымды жерасты газ құбырлары қатты желге, қалың қарға, талдардың құлауына, көліктің басып кетуіне төзімді. Тағы бір атап өтерлік жай, бүгінде қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалса, нақты белгілі бір үйдің ғана газын өшіріп, көшедегі немесе кварталдағы көршілер үшін ешқандай қиындық туындатпайтын, сондай-ақ шалғай учаскелерге газдың бірқалыпты жетуін қамтамасыз ететін әр үйдің өз шкафтық пункті бар. Тараздағы желілерді жаңғырту жұмыстары 2012 жылы басталған, 2020 жылға дейін жалғасатын болады. Бес кешенді жұмысты іске қосу барысында 2012-2016 жылдары 712 шақырымнан астам жерасты полиэтилен газ құбырлары жүргізілді, 14601 шкафты пункт құрылды, жаңартылған газдандыру жүйесіне барлығы 23,2 мың абонент қосылды. Бүгінде жаңғырту жүріп өткен көшелердің бұрынғы сәулеттік және эстетикалық айшық, келбетін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен қаланың Шөлдала, Құмшағал, басқа да тұрғын-жай алқаптарын газдандыру мақсатында газ құбырларын тартудың құрылыс-құрастыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар аталған алқаптардың таратушы газ құбырларын жобалау бойынша да жұмыстар басталды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде қосымша тағы да 1000 абонент газдандырылмақ. Талас ауданының – 5, Сарысу ауданының 4 елді мекеніне газ құбырларын тарту құрылысы жоспарланды. Сондай-ақ бюджет қаржысына Байзақ ауданының – 21, Жамбыл ауданының – 13, Шу ауданының – 18, Талас ауданының – 3, Жуалы ауданының 15 елді мекеніне газ құбырларын жүргізу құрылысының, Сарысу ауданының 14 елді мекенін газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Орайлы сәтті пайдалана отырып, мұнай-газ кешені қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өздеріне және отбасыларына амандық, жұмыстарына табыс, бірлік пен береке тілеймін!
Болат МҰРТАЗАЕВ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді