2013 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Ондағы Қазақстанды 2050 жылы әлемдегі мықты 30 мемлекеттің қатарына жеткізу мақсаты елдегі, шеттегі қазақ жұрты үшін үлкен абырой, мақтаныш. Жер бетінің қай нүктесінде жүрсе де ана сүтімен сүйекке сіңген қасиет қазақты өз топырағына тартып тұрары сөзсіз. Стратегияда елдегі-сырттағы ұлттық мәдениетімізді дамыту, ұлттық интеллигенцияның негізін нығайту, тілімізді сақтау мәселесі көтерілген. 40-тан аса мемлекеттерде тұратын қазақ диаспоралары бұл Жолдауды назардан тыс қалдырған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, сырттағы 5 миллион қазақтың бұл құжаттан күтер үміті орасан зор!
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзге елде этникалық азшылық болып табылатын шетелдегі қазақтардың салт-санасын, тілін, дәстүрін сақтау, қорғау, дамыту ісін үнемі басты назарда ұстап келеді. Осы орайда «Шетелде тұратын отандастарды қолдау туралы» жарлыққа қол қойылып, Үкімет қаулы қабылдады. 2004 жылдан бері осы қаулы негізінде «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы шет мемлекеттерде тұратын қазақтардың оқушы балаларына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен халықаралық олимпиада өткізіп келеді. Қазақстанның жүрегі – Астана қаласынан басталған олимпиада мақсаты – қазақ диаспорасының дарынды балаларын анықтап, қазақ халқының тіліне, әдебиетіне, тарихына, мәдениетіне олардың танымдық қызығушылығын арттыру, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына тарту. Өткен он жыл ішінде жүздеген мектеп оқушылары елордадан бастап, қасиетті қазақ жерінің он өңірінде болды. Сондай-ақ, олимпиада жүлдегерлері жоғары оқу орындарында білім алып, атажұртының дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл шараға Мәскеудегі қазақ балалары да бірінші күннен өз қаражатымен қатысып келеді. Осыған әзірлік барысында қазақ диаспорасының балалары оқуға дайындалу орны, пайдаланатын оқулықтар табу сияқты қиындықтарға кездесіп жатады. Жол қаражаты да көп балалы, күнкөріс жағдайлары төмен жанұяларға оңай соқпайды. Десек те олар елімізге тілімізді көтеруге барамыз деп, жергілікті Үкіметке, елшілікке шағым түсіріп көрген жоқ. Әр қазаққа ана тілі өзі үшін керек, олар мұны жақсы түсінеді. Биыл да жас жеткіншектер Ақтау қаласында өтетін олимпиадаға баруға жиналуда. Ұрпағымыздың бойындағы ұлттық дәстүр жалғасын табу үшін шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарына қамқорлық қажет. Өркениетті елдер шетелдегі ұлттық мәдени орталықтарына бюджеттен қаржы бөліп, тұрақты қолдау жасайды. Бүгінде шеттегі қазақ диаспораларына бұндай қамқорлық ауадай қажет болып отыр. Қазақ диаспорасының қаймағы шоғырланған Ресей орталығы – Мәскеуде қазақтардың бас біріктірер шаңырағы жоқ. Жылда өткізетін Наурыз мерекесі кезінде мерекеге дайындалу, оны өткізу әр жыл сайынғы нарық бағасының өсуі баспана қажеттігін тудыруда. Қолдан келгенше облыс басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, мерекені Мәскеу төрінде тойлауға мән берілсе. Қазақстанның 14 облысы осы мәселені қолға алса, 14 жылда бір айналып келер көрнекті жұмыс болмай ма? Ресейдің Нахабино елді мекеніндегі ең алдыңғы қатарлы гольф-клубында кезінде Қазақстан Республикасының Президенті сыйлаған киіз үйі болды. Екі жыл қатарынан осы клубтағы киіз үйде,Мәскеудегі «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдау «Астана» қоры Наурыз мерекесін жоғары дәрежеде өткізді. Сөйтіп, осы клубқа келетін, Мәскеуде орналасқан барлық мемлекеттердің елшілік өкілдеріне халқымыздың тамаша дәстүрі мен ұлттық мәдениетінің әсем нақыштарын паш етті. Бұл киіз үйді сақтап қалу туралы кезінде баспасөз бетінде бірнеше рет мақалалар жазылды. Елдегі тиісті орындардан қолдау болса, бұл орынды әлі де болса қалпына келтіруге болады. Мәскеу қазақ диаспорасының зиялы өкілдері ел жақтан жеткен әр жаңалықты жанға жайлы самал желдей қабылдай отырып, қолда бар мүмкіндігімен тілін, ділін, мәдениетін сақтап қалуға жұмылуда. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынаста диаспора өкілдерінің де рөлі орасан зор, олар өз міндеттерін жақсы түсінеді. Сырттағы әр қазақ өз елінің елшісі! Соңғы кезде шетелдерде тұратын қандастарына ерекше көңіл аударып отырған мемлекеттер көбейіп келеді. Алысқа бармай-ақ көп ұлтты Отанымыз Қазақстанда тұратын ұлттар өкілдеріне өз мемлекеттерінің жасап отырған қамқорлықтарына назар аударалық. Мысалы Ресей, Израиль, Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы өз қандастары үшін орталықтар, діни орындар, мектептер салып, тегін оқулықтармен қамтып, тілдерін тегін оқытады. Тіл мамандарын жіберіп, мұғалімнің баспанасын, айлық қаражатын, жол ақысын түгел мемлекет өз мойнына алған. Елбасының 2014 жылғы 21 қаңтардағы № 741 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында» «Қазақстан шетелдердегі қазақ қауымдастықтары шоғырлана тұрып жатқан жерлерде қазақ тілі мен мәдениетін, олардың тарихи отанымен байланысын дамытуды қолдайтын болады» деп, анық жазылған нақты тапсырмасы туған тілінде білім алудан қол үзу шегінде тұрған, ұлттық мәдениеттен алыстап бара жатқан шеттегі диаспора өкілдерінің үміт шамын жарқырата түскендей. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері Қазақстан, Беларусь, Ресей мемлекеттерінің сыртқы, ішкі саясаты туралы бірігіп қабылдаған шешімдері, осы мемлекеттерде тұратын диаспора өкілдері өмірлеріне біраз жаңалықтар әкелетіні сөзсіз. Әсіресе, «ЕАЭО құрылғаннан кейін қандайда бір азамат осы үш мемлекеттің біріне барса немесе тұратын болса, бұрынғы зейнетақысы сақталып қалады, Ресей, Беларусь немесе Қазақстан тарапынан ешқандай кедергі, шектеу болмайды» деген шешім жолдары диаспора өкілдерінің де қуанышын тасытуда. Біз Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жер бетіндегі барлық қазаққа арналған деп түсінеміз. Оған шынайы қолдау көрсетеміз.
Мәскеу қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді