«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Соғыстан қайтпаған солдаттың соңғы хаттары

Соғыстан қайтпаған солдаттың соңғы хаттары
ашық дереккөз
Соғыстан қайтпаған солдаттың соңғы хаттары

14 – Міне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдық мерекесін де атап өттік. Сол соғыста мерейі үстем болып, бүкіл дүниежүзі мемлекеттері алдында мәртебесі өскен тоталитарлық Кеңес Одағы күйрегеніне – екі жылдан кейін ширек ғасыр. Бірақ батырлар есімі ешқашан ұмытылмақ емес, – Алтынбек аға Садырбаев әңгіменің әлқиссасын осылай бастады. – Менің әкем Жұмабектің ағасы Нәрен көкеміз 1944 жылдың қазан айында «хабар-ошарсыз» кетті. Үсенбай бабамыздан тараған үш ұл, бір қыз екен: Қадірбай, Садырбай, Бейсенбай аталарымыз және Рыскүл апа. Бейсенбай атамыздың жалғыз ұлы Нәрен көкеміз 1922 жылы маусым айында дүниеге келген. Атамыз 1931 жылы мезгілсіз дүниеден қайтады да, ол кісінің жары Бейсенкүл әжемізді әмеңгерлік жолымен Оразбек атты ағайын кісіге қосады. Ал, Нәрен көкемізді Бейсенбайдың ағасы Садырбай атамыз бен Балакүл әжеміз бауырына басады. Нәрен көкеміз Жамбыл атындағы орта мектептің 8-інші сыныбын бітірген соң, «Төрткүл» ұжымшарында жұмысшы болып еңбек жолын бастапты. Өйткені, уақыт талабы солай еді. 1941 жылдың 13 желтоқсаны күні Кеңес армиясының қатарына әскерге шақырылған. 1942 жылдың тамыз айына дейін ол кісіден үзбей хат келіп тұрған. Ал, тамызда келген соңғы хатында былай деп жырлайды.

«Сәлем де бірінші рет туған жерге, Қазақтың кең жазира сары белге. Өсірген бізді баулып жас түлектей, Ата-ана, туған-туыс, жалпы елге.

Қайран жер, туып-өскен Төрткүлім-ай, Босқа өткен туған жерде көп күнім-ай. Қадірін туған жердің білмейді екем, Сағынтты-ау екі көзді төрт қылып-ай.

Басында Төрткүл төбе тұр ма мешіт? Баяғы қалпында ашық есік. Жиылып күн жауғанда жас балалар, Асыр сап асық ойнап, шөпірлесіп.

Бәрі де, қазір менің көз алдымда, Елестеп, елес беріп тұр қалпында. Ызылдап өтіп жатқан, мына оқтардан, Дәл қазір байқаймын, жоқ қаупім де.

Себебі, жатыр жаным рахаттан, Тұңғиық ұшан-теңіз ойға батып. Окопта жауды күтіп жатсам-дағы, Өлімнен тәтті қиял болды артық.

Елестеп, елес беріп өткен шағым, Жылжып ағып жатқан ол бір ағын. Не көрдім, жиырмаға енді шықтым, Не боларын білмеймін болашағым?

Өмірдің біле алмадым, азы-көбін, Қала ма әлде шинель болып кебін. Болса да қырық жыл қырғын ажалды өлер, Жауыма еш уақытта кетпес кегім.

Алдында ата-анамның қызмет етпей, Ойлаған мақсатыма кетсем жетпей. Бұл жерде жазатайым бола кетсем, Арманым жүрген мынау естен кетпей.

Кетерде туған жерден жауын еді, Жиылған қоштасуға қауым еді. Мен қашып, топ кісіге тығылсам да, Жан апам мені іздеп тауып еді.

Айқай сап, «құлыным» деп құшақ жайып, Жығылды-ау алдыма кеп, жерге тайып. «Қой апа, жылама» деп тұрғызып ап, Бір жерге отырғыздым жуып-шайып.

«Жылама, қарағым!» деп Жұмабекке, Апамнан аулағырақ шықтық шетке. Құшақтап бір сүйдім де, маңдайынан, «Қайт, – дедім, – ертерек апамды ерт те»

Ешкімнің бір-бірімен ісі болмай, Кейбіреу құшақтасып, салып айқай. Қоштасқан бір-бірімен мұңды жандар, Декабрь кезінде, түсте шаңқай.

Біз жүрдік, ел шұбырды соңымыздан, Жүгірді-ау қатарласып көше бойлай. Жер лай, шалпылдатып, суды кешіп, Жыласып, қайран, бауыр артта қалды-ай!

Сол күні, бір-ақ білдім, жүргізгенін, Апама, бетімді де сүйгізбедім. Денемді ұстай алмай қоштасарда, Көзімнен шыққан жасты білгізбедім.

Бетімді сүйгізбедім неге апама? Жан апам мені ойламай, жата ала ма? Құшақтап, мауқын баспай кеткеннен соң, Өкінем осы күні өз қатама.

Ата-ана, сол қатеме кешірім ет, Болып тұр мына жағдай – бір құдірет. Тәуекел, не де болса артын күттік, Тайсалмай елді қорғау – біздің міндет.

Бағыты Смоленский шебімізде, Бұйрықты «өткізбе!» деп берді бізге Доғарып неміс күшін қайта қуу, Төндірмей зор қауіпті елімізге.

Алдымда қанды майдан арпалысқан Алда жау, арттан аяз жанды қысқан. Ұлым деп, аттандырдың сенімменен, Елімнің намысына келмес нұқсан.

Серт етем, таусылғанша қасық қаным, Жауымнан кек алғанша ұмтыламын. Ел үшін, Отан үшін арманым жоқ, Құрбан боп, әділ жолда шықса жаным.

Мен – солдат, оң қолымда автоматым, Барлаушы қызметім атқаратын. Тылына жаудың терең өтіп алып, Сыр алып, қарсы жауға аттанатын.

Қазіргі, міне, осы менің жайым, Сақтасын әр пендесін бір Құдайым. Нәренің жауға ойран салып жатыр, Сондықтан көп ойланып, жеме уайым».

Нәреннің соңғы хаты 1942 жылы тамыз айының 4-інде келген, «деревня Пашко, Смоленск облысы» деп жазылған. Ал, 1943 жылдың 22 қыркүйегінде «қара қағаз» келген. вх№5625ГорВ Ң от 22 сентября 1943 г. НКО СССР 255-й гвардейский Стрелковый полк 31 август 1943 г. №22 п/п 43828 В бой за социалистическую Родину, верный воинской присяге, проявив геройство и мужество был убит 9 августа 1943 году. Похоронен у деревни Пашки Смоленской области. Настоящее извещение является документом для возбуждения ходотайства о пенсии, приказ НКО СССР.

Печать Командир полка Гвардий подполковник подпись

Осы «қара қағаздан» кейін оны өлдіге санап, Құран-дұғасын бағыштап отырған сәтте, яғни 1944 жылдың тамыз айында Нәреннен тағы хат келеді. Өлеңмен жазылған. Госпитальдан жазыпты.

«Ақ қағаз, жеткізе гөр менен сәлем, Туған жер, сағынттың-ау қашан көрем?! Ала алмай елден хабар бір жыл бойы, Құлағым түк естімес болды-ау керең.

Қайран ел, туылған жер, туып-өскен, Жалғанда жарығым сен, шықпай естен. Елім деп, туған жерден талай ерлер Бұрын да қазіргідей заман кешкен.

Бар ма жан туған жерін аңсамаған, Жер-ау деп, көрсе-дағы зер салмаған. Бар шығар, бірақ ол да еске алады, Болса да ел қадірін біле алмаған.

Сол жерде отыр менің ата-анам, Мен бұтақ сол түбірден тарамданған Нәр алған сол түбірден керегінше, Мен ұлан минут сайын есіне алған.

Сол ұлан сәлем айтқан атым – Нәрен, Салғанын Жаратқанның көріп келем. Майданда ұзақ түнде, қатты аязда, Ата-анам бірге болды меніменен.

Себебі, сиынғаным – ата-анам, Жасынан тәрбиелеп, болған панам. «Апа» деп сөзге келсе көз жұмады, Майданның даласында ғазиз балаң.

О, ана, ардақты ана, қасиетті ана, Көрмедің не қиындық бізге бола. Ардақтау ұлы ананы міндетіміз, Кернеген көкірегі нұрға тола.

О, арман, жүрегіме неге орнадың, Осы ма, тағы бар ма зіл салмағың? Ажырап денсаулықтан, достан тағы, Қайғыны Қап тауындай арқаладым.

Туыстан бірге туған хабар алмай, Жаралы жас жүрегім жабырқады-ай. Ардақты ата-анам, елім, жұртым, Білер ме ем осы күні халі қандай.

Білемін сағынады бізді олар, Аһ ұрып көкірегі шерге толар. Кіжінер немістерге «сені ме!» деп, Ойраншы бүліктерге қазанбұзар. Нәреннен».

– Кезінде Жұмабек әкеміз іздеу салған, бірақ хабар болмады. Бекұлы мен Ұлықбек інілерім және Ақылбек балам іздеу салған. Соңғы адресі 225 гвардиялық атқыштар полкі, дала поштасы №43823 екендігі анықталды, – деп Алтынбек аға әңгімесін аяқтады.

Ұлықбек Жұмабек, подполковник, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің әскери кафедрасының аға оқытушысы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар