«Меркі әуендері» ансамблі мен «Әдемі-ау» би ұжымы Түркияда өткен халықаралық фестивальдан зор табыспен оралды
Түркияның Анкара қаласында Етимисгут муниципалитеті мэриясының ұйымдастыруымен өткен халықаралық «Анадолы күндері» мәдениет және өнер фестиваліне қатысқан бір топ өнерпаздарымыз жақсы көңіл-күймен оралды. Меркі аудандық «Меркі әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Т.Рысқұлов ауданының «Әдемі-ау» би ансамблі аталмыш фестивальде ел намысын қорғап, түрік ағайындар алдында қазақтың әні мен биін орындап, қошеметке бөленді. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп келе жатқан шарада биыл Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Түркия елдерінің өнерпаздары бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Түбі бір түркітілдес елдердің өзара ынтымақтастық, достық қарым-қатынасын нығайтып, бауырлас мемлекеттердің рухани мұрасын кеңінен насихаттау мақсатындағы бұл мәдениет және өнер мерекесі мәртебесі биік, мерейі асқақ шара екені біразға мәлім. Онда өнер көрсеткен өнер ұжымдары аянып қалмады. Олар бұл шараға ұзақ дайындалып, барынша жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысты. Бұл туралы Анкараға аттанған өнерпаздар делегатын бастап барған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева айтып берді.
– Барлығы тамаша өтті. Еліміздің атынан қатысатын екі ұжым болғаннан соң біз тек Жамбыл өңірінен ғана емес, барша қазақстандықтардың үкілі үмітін арқалап бардық. 50 мың көрермен жиналған Түркия еліндегі дүбірлі фестивальде тарихи Тараздың, тәуелсіз еліміздің мәдениетін, өнерін жақсы қырынан таныта білдік. Биыл 14-ші рет өткізіліп отырған халықаралық фестиваль барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында 14 тамыз күні Анкара қаласында «Қазақстан кеші» атты шара жүзеге асты. Оған облыс әкімдігінің қолдауымен Т.Рысқұлов ауданының «Әдемі-ау» бишілер ансамблі мен Меркі ауданының «Меркі әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблі арнайы барып қатысты, – дейді Эльмира Ермекбайқызы. Сондай-ақ ол жамбылдық өнерпаздарды Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы қабылдап, екі ел арасындағы мәдени байланыстар мен атқарылған жұмыстарға тоқталғанын, Түркиядағы халықаралық өнер мерекесіне өнерпаздарын жіберген облыс және аудан әкімдеріне ризашылық білдіргенін жеткізді. Елші делегация мүшелеріне шығармашылық табыс тілеп, Түркия Республикасында қазақ руханиятын насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстапты. Ол ғана емес, жерлестерімізді Етимисгут муниципалитетінің басшысы Энвер Демирел мырза да қабылдап, ризашылығын білдірген.
«Меркі әуендері» бұған дейін де көптеген республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, биіктен көрініп жүрген ұжым. Ансамбль Швейцария, Италия, Франция сияқты елдерде болып, концерттерін берсе, енді Анкарада қазақ әндерін әуелетті. Олар Түркияда Кенен Әзірбаевтың «Туған жер», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», Балуан Шолақтың «Ғалия», Нұрғиса Тілендиевтің «Көш керуен», Алтынбек Қоразбаевтың «Жайлауда», «Қазақтай ел қайда?» және халық әндерін шырқады. Ал халықтық атағын алғанына көп болмаса да, өз дарындарымен дараланып жүрген «Әдемі-ау» би ансамблі жиналғандар назарына қазақтың «кесе», «қара жорға» және шаман биі мен тәжік билерін ұсынды.
Жанғазы ахмет, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- 3 желтоқсан, 2024
Халық театрларының халі мүшкіл
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді