«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Заманыңызға сауатыңыз сай болсын

Заманыңызға  сауатыңыз сай болсын
ашық дереккөз
Заманыңызға сауатыңыз сай болсын

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «АСУ» қоғамдық бірлестігінің еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға, қала мен ауыл тұрғындарына, жастарға тегін құқықтық көмек көрсетіп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды.

Былтыр Тараз қаласындағы Төңкеріс аймағының, 7, 8, 9 шағын аудандар мен Сүлейменов көшесінің тұрғындарына Тұрғын үй кодексі, үйді жалға беру, мұрагерлікке қалдыру, тұрғын үй қатынастары туралы заң талаптары түсіндірілсе, мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне заңға сәйкес құқықтары мен оларға қойылатын талаптар тұрғысында әңгімелер өткізіліп, көптеген сұрақтарына нақтылы жауап қайтарылды. Бірлестік заңгерлері Салтанат Назымбекова, Асқар Қуандықов, Владимир Симахин облыстық және қалалық зағиптар қоғамдарында қабылдаулар ұйымдастырып, құқықтық көмектер көрсетті. Нарколог-дәрігер Дәулет Сырлыбаев есірткінің зияны, оның адамға әкелетін қасіреті туралы әңгіме өткізсе, заңгер Асқар Қуандықов есірткіні дайындау, тұтыну және өткеру кезінде ұсталғандардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын түсіндірді. Үкімет 2011 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Осы бағдарламаны қаланың көптеген тұрғындары мен ауылдағы жұмыссыз жүрген азаматтар біле бермейтінін ескерген «АСУ» қоғамдық бірлестігі аудандарда ауыл әкімдері мен жұмыспен қамту орталығы, аудан әкімдіктері құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімдері мамандарының басын қосып, семинар-кеңестер өткізді. Басқосуларда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшылары Зәпира Медетова мен Ғалижан Мейірманов «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының 1-3 бағыттарын түсіндірсе, «ҚазАгроМаркетинг», «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамдары облыстық филиалдарының директорлары Әбілек Қуанышбеков пен Өксікбай Оразымбетов кәсіпкерлікті бастау үшін несиені қалай алуға болатынын және оның берілетін көлемі туралы айтып берді. Облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысов бағдарламаның жүзеге асырылуы барысы, оның талаптары мен заңды түрде орындалуы жайлы әңгімеледі. Техника ғылымдарының кандидаты Жәлел Шымыр «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы туралы баяндама жасады. Қоғамдық бірлестік төрағасы Мәскеу Ноқрабеков көмекші құрал ретінде аудан әкімдері мен жұмыспен қамту орталығы мамандарына арналған буклеттер, парақшалар таратып, ауыл тұрғындары арасында түсінік жұмыстарын қалай жүргізу қажеттігі туралы кеңестер берді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін бірлестік заңгерлері сол аудандарға барып, ауыл әкімдері мен жұмыспен қамту орталығы мамандарынан тест қабылдап, семинар-кеңестерде түсіндірілген мәселелерді қалай меңгергендігін таразылап білді. Өткен жылы бірлестік заңгерлері 30-дан астам адамға құқықтық көмек көрсетіп, сот процестерінде олардың құқығын қорғады. Кейбір арыз-шағымдар бойынша мемлекеттік органдардың есебінде тұратын тәртібі қиын жасөспірімдерді қамқорлыққа алып, оларға көмек беріп, қоғамдық жұмыстарға тартты. Биыл да ауыл және қала тұрғындарына құқықтық көмек көрсету жалғасуда. Жыл басынан бері бірлестікке 22 адам келіп, құқықтық көмек алды. Олардың арасында ІІІ топтағы мүгедек А. Ниғматуллин жұмысқа тұруға көмек сұраса, ІІ топтағы мүгедек А. Әжіғалиев тұрғын үй-жайын заңдастыруда көптеген кедергіге тап болып отырғанын жеткізген-ді. Осындай сұрақтармен келген азаматтардың көтерген мәселелері шешімін табуда. Өткен жылы және биыл Жер кодексі және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңға көптеген өзгерістер енгізілген болатын. Жер телімін алу, оны дұрыс әрі тиімді пайдалану күн тәртібінде тұрған мәселе. Дегенмен әлі де жетілмеген, түйіні қиын істер көп. Осы мәселені қалай жолға қоюға болады, не істеу керек, қалай заң тұрғысында шешуге болады деген сұрақтар бойынша бірлестік мамыр айында Байзақ ауданында семинар-кеңес өткізді. Ауыл әкімдері, аудан тұрғындары, шаруа қожалықтарының төрағалары, мекеме басшылары қатысқан семинар-кеңесте тұрғындардың көптеген сұрақтарына нақты жауап берілді. Пайдалы заң кеңестері мен көрсеткен құқықтары үшін қала мен ауыл тұрғын­дары бірлестік қызметкерлеріне алғыс айтып, ризашылықтарын білдіруде.

Жансая Сабырова.

 

Ұқсас жаңалықтар