Бүгінде білім беру жүйесі жайлы сөз болғанда, ауыл мектептері, ауыл мектептеріндегі білім деңгейін көтеру мәселесі міндетті түрде қаузалады. Бірақ білімге нағыз ден қойған, талантты өрендердің сол ауыл мектептерінің партасынан түлеп ұшатынын ескере бермейміз. Оның үстіне қазіргі ата-аналардың дені балаларын үлкен қалада оқып, заман ағымына сай білім алса екен деп армандайтыны шындық. Ал шалғайдағы Сарысу ауданы Жайылма ауылдық округіне қарасты небәрі 68 түтіні бар Маятас ауылының тұрғындары бұл мәселеге бас қатырмайды десек артық айтқандық емес. Неге? Өйткені, ол ауылда Донда Сенбин атындағы орта мектебі орналасқан. Тарихы тереңнен басталатын білім ордасының ауданның білім беру саласында жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, мектеп түлектері 2015 жылдан бері ҰБТ көрсеткіші бойынша жоғары балл жинап, ұстаздары мен ата-аналарының мерейін үстем етіп келеді. Биыл да мектеп шәкірттері өз деңгейінде табылыпты. Тіпті аудан бойынша 8 «Алтын белгі» иегерінің бірі осы шағын ауылдағы кішкентай мектептен шығып отыр екен. Ол – Ақерке Кәрібекова есімді оқушы. Жас түлек бүгінде Қазақ ұлттық университетінің студенті атанып отыр. Ақеркенің үш сыныптасы ҰБТ-да жүзден жоғары балл жинапты. Осының арқасында биыл Донда Сенбин орта мектебінің аталған сынақ бойынша ортақ көрсеткіші 95,5 болып, жоғары деңгейге жеткен. Мектептен түлеп ұшқан жеті оқушының алтауы өзі қалаған мамандықтары мен жоғары оқу орнының грантын иеленген. Бұдан бөлек, мектеп шәкірттері көркем сөз оқудан сынға түсіп, республикалық Абай, Махамбет оқулары сынды тәрбиелік мәні бар байқаулардан жүлделі орынмен оралыпты. Шәкірттерінің ҰБТ додасынан сүрінбей өтуіне білікті ұстаздар – физика пәнінің мұғалімі Е.Нұрланбаев, математика пәнінің мұғалімі Т.Мақашев, тарих пәнінің мұғалімі Д.Бесінбаева және басқалардың еңбегі ерен екендігін атап өту ләзім. Оқушыларға сапалы біліммен қатар саналы тәрбие берудің құпиясын мектеп директоры, білікті ұстаз Ескермес Жантенов мырзадан сұраған едік. Ескермес Манапұлы: «Білім негізі – бастауышта деген сөз бар. Осы тіркес менің ұстаздық жолдағы өмірлік қағидам. Іргетасы мығым ғимарат кез келген дауылға, уақыт тезіне шыдап төтеп беріп тұрады емес пе? Сол секілді шәкірт тәрбиелеу ісінде ең алдымен олардың бастауыш сыныпта білім алуына барынша ден қою керек. Біз осыған күш саламыз. Бастауыш сыныпта дәріс беретін мұғалімдеріміздің барлығы жоғары санатты мамандар», деді. Даланың дана ұстазы әл-Фараби кезінде «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен. Ескермес Жантенов басқаратын ұжымның екінші қағидаты осыған саяды. Оқушыларға терең біліммен қатар өмірде өзіндік орнын тауып, айтулы азамат болып шығуы үшін Донда Сенбин мектебінің өзіндік тәжірибесі қалыптасыпты. Бұл тұрғыда мектеп басшысы: «Алысқа бармай-ақ, балаларымызды өз ауылымыздан шыққан айтулы азаматтардың өмірі мен шығармашылығы тұрғысында «Болмасаң да ұқсап бақ» атты байқауға қатыстырып, талантын шыңдаймыз», дейді. Осындай ниетке сай шағын ауыл талай таланттың талбесігі екен. Қазақтың жезтаңдай әншісі С.Жанпейісова, шебер биші Д.Сазабеков осы ауылдың түлегі. Мәселен, С.Жанпейісова атында жыл сайын жас әншілердің байқауын ұйымдастырса, Д.Сазабековтің ізбасарларын бимен жарыстырады екен. Жеңімпаз балғындарға демеушілер тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етіледі. Бала тәрбиелеудің дәстүрге айналған мұндай үрдісі расымен үлгі алуға тұрарлық іс екендігі даусыз. Биыл мектепке аудан әкімдігінің қолдауымен 12 миллион 700 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, білім ошағының шатыры жаңартылып, ішіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жоғары көрсеткішті білім нысанының ендігі бір мәселесі – арнайы спорт залы жоқ екен. Қыстың көзі қырауда дене шынықтыру сабағы сынып бөлмесінде өтіп жүр. Алдағы уақытта осы мәселе оң шешімін тауып жатса, құба-құп болар еді. Санаулы күндерден соң, аталмыш мектептің табалдырығын он бүлдіршін аттайды деп күтілуде. Олар алдыңғы буын аға, әпкелерінің жолын жалғап, мектептің кіреберіс қабырғасының оң жақ қапталына ілінген баннердегі Назым Хикметтің: «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?!» деген қанатты сөзін ұран етіп, білімге ден қояды деген сенімдеміз.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді