Көп тілегімен қолға алынған мектептің қабырғасы көтеріліп келеді
- author «Ақ жол»
- 20 тамыз, 2017
- 234
Қызыларық ауылдық округінің аумағындағы іргелес орналасқан екі елді мекен: Қызыларықта – 570, ал Сұрымда 430 адам тұрады. Қос ауылдың 200-ге жуық жасөспірімдері Қызыларықтағы осыдан 60 жыл бұрын салынған 80 орындық мектепте оқиды. Ескірген, тозығы жеткен ғимаратта жас ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім, саналы тәрбие беру мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Ауылдың көзі қарақты азаматтары жаңа мектеп салу туралы мәселені аудандағы алқалы жиындарда ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқан болатын. Игілікті істің сәті биыл түсті. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Қызыларық ауылында мамыр айында 150 орындық мектептің құрылысы басталды. Нысанның жобалық-сметалық құны 487 миллион теңге. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 283567 мың теңге қарастырылған. Құрылысты бұл істе тәжірибесі мол «Талас құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Ауылдың ортасындағы атшаптырым алқапта екі қабатты бірнеше ғимараттың қабырғалары күн өткен сайын биіктеп келеді. Үй салуда тәжірибелері мол 35 құрылысшы екі ауысыммен жұмыс істеп, белгіленген тапсырманы мерзімінен бұрын еңсеруге күш салуда. Қажетті қуатты техника жеткілікті. Мұның өзі қол жұмыстарын барынша азайтуға игі ықпалын тигізуде. – Біз үстіміздегі жылы бөлінген қаржыны жыл соңына дейін толық игереміз. Екі қабатты ғимараттардың шатырларын түгел жабамыз. Ауа райы қолайлы болса, сылақ жұмысын да қолға аламыз. Мұның өзі бізге келесі жылы жүзеге асырылатын жұмыс ауқымын азайтуға мүмкіндік береді. Құрылысқа облыс және республика аумағында өндірілген материалдар қолданылуда. Қазақстандық үлес бізде 100 пайызды құрайды, – дейді «Талас құрылыс» ЖШС телім басшысы Владимир Шибен. Серіктестік жұмысқа біраз жергілікті азаматтарды тартқан. Күз айларында тағы да он шақты адамды жұмысқа қабылдауды көздеп отыр. Тараздан келіп, жұмыс істеп жатқан мамандарға барлық жағдай жасалған. Жұмыстың сапалы жүргізілуіне ерекше көңіл бөлінеді. Авторлық және техникалық қадағалаушылар нысан басында жиі болып, кемшіліктерге жол бермеуге күш салуда. – Көптеген мердігерлер инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізуді ғимараттардың құрылысы бітетін кезде қолға алады. Соның салдарынан олар уақыттан ұтылады. Біз бұл жұмысты қазірден бастап жүзеге асырудамыз. Бұл бағыттағы бірқатар шаруа еңсерілді, – дейді «Талас құрылыс» ЖШС атқарушы директоры Асан Айтқұлбек. Білім ордасы келесі жаңа оқу жылының қарсаңында пайдалануға беріледі. Ауылдың еңселі де әсем, алып ғимараттар бой түзеп, жаңа келбетке ие болатын кезі алыс емес. Тұрғындар мен жасөспірімдер осы күнді тағатсыздана күтуде. – Балалар – біздің болашағымыз. Олардың сауатты, тәрбиелі, жан-жақты азамат болып өсуі – әрбір ата-ана үшін үлкен қуаныш. Жаңа мектепте оған мол мүмкіндіктер болатыны сөзсіз. Қос ауылдың тұрғындарының осындай мектеп салып жатқан Елбасына, облыс және аудан басшыларына деген алғысы шексіз, – дейді Қызыларық ауылдық округінің әкімі Ерлан Сейдалиев.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Жуалы ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді