Жуалылық дихандар биыл да мол астық өсірді
Жуалының ауа райы ежелден қатал. Соңғы жылдары көктемнің кеш тууы әрі суық болуы егіннің дұрыс өсіп, жетілуіне үлкен кедергі келтіруде. Егіншілер осыған қарамастан мол тәжірибесін ұтымды пайдаланып, бар қажыр-қайраттарын жұмсап, күтілгендегідей өнім өсіруге күш салуда. Мұның өзі нәтижесіз емес. Аудан масақты дәнді дақыл өсіруде жыл сайын облыс бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Үстіміздегі жылы мұнда ақ егіс 33390 гектар алқапқа орналастырылған болатын. Оның 12 мың гектары күздік бидай, 21260 гектары жаздық арпа және 130 гектары жаздық бидай. Қазірге дейін ауданда 30 мың гектарға жуық алқаптың астығы жиналған.
Әр гектардан орта есеппен 23 центнерден дән алынуда. Осы мерзімде қамбаларға жалпы 65 мың тоннаға жуық астық құйылған. Жылдағы дәстүр бойынша дихандарға мемлекет тарапынан қолдау, көмек көрсетілуде. Астық жинау үшін жеңілдетілген бағамен 780 тонна дизель отыны босатылған.
Агроқұрылымдар әуелі өздерін қажетті тұқымдық және жемдік материалмен қамтамасыз еткеннен кейін қалған бөлігін өткеруде. Ауданда масақты дәнді дақыл өсіруде жыл сайын жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүрген агроқұрылымның бірі – Қарасаз ауылдық округінің аумағындағы «Жайық» шаруа қожалығы. Шаруа қожалығы егін және мал шаруашылығымен шұғылданады. Үстіміздегі жылы олар күздік бидайды – 329, арпаны 122 гектар алқапқа орналастырған. Агротехникалық шараларды сақтаған олар биыл да лайықты өнім өсірді. Қазір «Бақатей» алқабындағы дәнді дақылдың соңғы гектарларының өнімі жиналуда. Түсім әр гектардан орта есеппен 23 центнерден айналуда. Комбайншылар Бағдат Жандаралы, Асқар Қойғара және Нұрлан Сейталиев алқап басына таңертең ерте келіп, кеш қайтып, күнделікті 15 гектар алқаптың бидайын орып, бастыруда. – Халқымыз «Еңбегіне қарай өнбегі» деп текке айтпаса керек. «Бақатей» алқабындағы ойлы-қырлы алқапта егін өсіру және оны жинау оңай емес. Дихандарымыз осыған қарамастан өсірілген өнімді ысырапсыз жинап алу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Соның нәтижесінде қазірге дейін жалпы түсім 500 тоннаға жетті. Оның 70 пайызын келесі жылға тұқымға және мал азығындық жемге қалдырамыз, қалғанын сыртқа сатамыз. Оны өткеруден елеулі пайда түсіруді көздеп отырмыз, – дейді «Жайық» шаруа қожалығының жетекшісі Сейіт Жайықбаев.
Жуалы ауданы.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ақылжан мамыт, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді