«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мектеп құрылыстарын дер кезінде аяқтай аламыз ба?

Мектеп құрылыстарын  дер кезінде аяқтай аламыз ба?
ашық дереккөз
Мектеп құрылыстарын дер кезінде аяқтай аламыз ба?

Енді бірер аптадан кейін тағы бір жаңа оқу жылы басталады. Қазір ата-аналар мен жас жеткіншектердің кітап-дәптерлерін түгендеп, сөмкелерін жаңалап, киім-кешек алып, сабаққа баруға дайындалып жатқаны анық. Ал мектептер кезекті оқу жылына әзір ме? Біз осыны зерделеп көрдік.

Апатты жағдайдағы мектептер саны азаяды

Облыста жалпы 451 мектеп бар. Соның 9-ы апатты жағдайда деп танылған. Елбасы алдымен апатты жағдайдағы мектептерді қалпына келтіруді және үш ауысымда оқытуды жоюды тапсырғаны белгілі.

Сондықтан өңірде бірінші кезекте осы түйткілдің түйінін тарқатуға баса мән берілуде. Мәселен, 2016 жылы Ұлттық қор есебінен –1, жергілікті бюджет есебінен – 2 мектептің құрылысына қаржы бөлініп, жаңа нысанның іргесі қаланған еді. Осы мектептер жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Соның бірі – Тараз қаласындағы «Салтанат» шағын ауданындағы 1 мың оқушыға арналған орта мектеп. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Сарысу ауданы Досбол ауылындағы және Талас ауданы Қараой ауылындағы 50 орындық білім ошақтарында да аяқталмаған ұсақ-түйек шаруалар қыркүйекке дейін бітеді деп жоспарланып отыр. Тапсырыс беруші тарап мердігер компанияларға жұмысты алдағы жаңа оқу жылына дейін қалайда аяқтап беруді міндеттеп отыр. Алғашқы қоңырау соғылар күн жақын, мердігерлер де асығуда. Апатты жағдайдағы мектепте бала оқытудың зардабын Меркі ауданы Аралқыстақ ауылының тұрғындары тартып келген еді. Енді олар осы қиындықтан құтылатын болды. Мектеп салу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазір онда 50 орындық жаңа ғимарат бой көтерген. Нысан биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал Талас ауданы Қасқабұлақ ауылындағы 120 орындық орта, Қордай ауданындағы Соғанды және Көктөбе ауылдарында әрқайсысы 50 орындық негізгі мектептердің құрылысы 2018 жылы аяқталады. Аталған 4 мектептің құрылысына облыстық бюджеттен жалпы 802,429 миллион теңге қаражат қарастырылған. Апатты жағдайдағы қалған екі мектептің құрылысы 2019 жылға дейін кезең-кезеңімен шешіледі деп күтілуде. Атап айтқанда, Қордай ауданында бір мектептің мемлекеттік сараптама қорытындысы дайындалса, Т.Рысқұлов ауданында бір мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде екен. Ендеше, іске сәт!

Үш ауысымның азабы

Дерекке сүйенсек, облыста үш ауысыммен оқытатын 5 мектеп бар. Биыл аталған санаттағы бір мектептің құрылысын аяқтауға және үш жаңа мектептің құрылысына Ұлттық қор есебінен 2 369,140 миллион теңге бөлініпті. Соның нәтижесінде Меркі ауданы Қ. Сарымолдаев ауылындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысы мерзімінен бұрын аяқталып отыр. 600 орындық мектептің құрылысына республикалық бюджеттен 1 миллиард 179 миллион теңге қаражат бөлінген еді. Қаржының жеткілікті бөлінуі мен мердігер компанияның жауапкершілігінің арқасында оқушылар заман талабына сай мектепте білім алатын мүмкіндікке ие болды. Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы №24 орта мектептің 300 орындық қосалқы ғимараты, Тараз қаласы Шөлдала иініндегі 900 орындық және Байзақ ауданы Байзақ ауылында 300 орындық білім ошақтарында құрылыс жұмыстары қызып тұр. Олар 2018 жылы пайдалануға беріледі. Апатты жағдайдағы тағы бір мектептің құрылысы 2018 жылғы бюджеттің есебінен шешіледі деп жоспарлануда. Ол – Байзақ ауданы Ақшолақ стансасындағы 120 орындық орта мектеп. Бүгінгі күнге бұл құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліпті.

Білім бөлімдерінің қуанышы

Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын білу үшін бірқатар аудандарға хабарластық. Жамбыл аудандық білім бөлімінің мамандары биыл ауданда екі мектепке күрделі жөндеу жүргізілгенін айтты. Олар – Құмтиын ауылындағы Ильич атындағы, Аса ауылындағы Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептер екен. Байзақтықтар Сарыкемердегі Ю.Гагарин атындағы орта мектептің күрделі жөндеуден өтіп жатқанынан хабардар етті. Нысандағы жоспарлы жұмыстардың 80 пайызы орындалыпты. Жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталады дейді мамандар. Меркі аудандық білім бөлімінің басшысы Сәкен Есенов Тәтті ауылында М.Мәметова атындағы орта мектепке 98 миллион теңге, «Балдырған» балабақшасына 53 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сарысулықтардың да жаңалығы көп екен. Аудандағы үш білім нысанының жөнделуіне облыстық бюджеттен 291 миллион теңге қаржы бөлініпті. Тіпті шалғайдағы Жайлаукөл ауылында Жайлаукөл орта мектебі де күрделі жөндеуден өтіп жатыр екен. Күрделі жөндеу жұмыстарының игілігін Игілік ауылындағы «Балбөбек» және Ә.Бүркітбаев ауылындағы «Ертөстік» балабақшасының бүлдіршіндері де көретін болады. «Мұны балаларға жасалған қамқорлық деуге болады. Әсіресе шалғайдағы Жайлаукөл орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне ауыл тұрғындары риза», – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов.

Түйін:

Биыл облыста жалпы 22 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Оның 14-і мектеп, 2-еуі колледж, 5-еуі балабақша, 1-еуі мектептен тыс мекеме. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 3158,214 мың теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар 135 білім нысаны ағымдағы жөндеуден өткізілді. Оған 425 миллион 527 мың теңге қаражат қаралған. Аталған нысандар дер кезінде сапалы жөнделсе, игілікті іс екені анық. Әсіресе, жаңа немесе күрделі жөндеуден өткен мектепке баратын оқушылар өздері үшін жасалған қамқорлықты жақсы түсінеді.

Есет досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар