«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Досболдағы Оқушылар қыркүйекте жаңа мектепке барады

Досболдағы  Оқушылар қыркүйекте  жаңа мектепке барады
ашық дереккөз
Досболдағы Оқушылар қыркүйекте жаңа мектепке барады
Елбасы апатты жағдайдағы мектептерді қалпына келтіріп, үш ауысымда білім беруді жоюды тапсырғаны белгілі. Жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін бірінші кезекте осы мәселеге баса көңіл бөліп отыр. Соның арқасында аудандағы 50 жылдан бері тұрған, ескі әрі тар білім ошағында оқып келген Досбол ауылының оқушылары биылғы оқу жылында жаңа мектепке баратын болды. Досбол орта мектебі – облыстағы апатты жағдайдағы білім ошақтарының қатарында. Былтыр облыстық бюджеттен 294 миллион теңге қаражат бөлініп, 50 орындық жаңа мектептің іргесі қаланған еді. Құрылыс жұмыстарын мердігер – «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кестеге сай жүргізді. Құрылысқа 40-қа жуық жұмысшы тартылған. Олардың тең жарымы – Досбол ауылының тұрғындары. Досбол ауылында 60 түтін, 310 тұрғын бар. Бұл күнді досболдықтар ұзақ күтті. Ауыл ақсақалы Пернебек Алтынбеков күзде немерелерінің жаңа мектепке баратын болғанына қуанып жүр. Ал 42 жыл бастауыш сыныптарға сабақ берген зейнеткер Дүйсенкүл Оспанова жаңа мектептің қажеттілігі соңғы жылдарда айқын сезіле бастаған еді дейді. «Осы мектепте шәкірт тәрбиелеуге барлық күш-жігерімізді жұмсадық. Аядай ауылдан талай талантты жастар шықты. Бұл ауылға жаңа мектеп өте қажет еді. Ескі ғимаратта бала оқытудың қиындығын көрдік қой. Енді немерелеріміздің жаңа білім ошағында оқитынына өте қуаныштымын», – деп ағынан жарылды ардагер ұстаз. Досбол орта мектебінің директоры Асқар Сайлауовтың айтуынша, мұнда 105 оқушы білім алса, 29 мұғалім, 18 кіші қызметкер еңбек етеді екен. Жас маман Динара Сатыбалдиева «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша еңбек жолын елді мекеннен бастау үшін осы ауылға келіпті. Жаңа мектептің мәжіліс және спорт залдары, асханасы бар. Сынып бөлмелері кең әрі жарық. Нысандағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған, оқушыларды қабылдауға дайын. Жаңа мектеп ғимараты алыстан әсемдігімен көз тартады.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар