Биыл «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өткізілуде. Білім және ғылым министрлігі кәсіпкерлер мен қалталы азаматтарға қозғау салу мақсатында осы ұранды ұсынып отыр. Жалпы, мұны қайырымдылықтан гөрі қамқорлық шарасы деуіміз керек. Себебі балаға жасаған жақсылықтың қайтымы болады. Сондықтан Атымтай жомарт азаматтар өскелең ұрпақ қамы үшін жасалатын ізгілікті іске үлес қосудан тартынбайтын шығар дейді сала мамандары. Мәселен, былтыр аталған акция аясында 30 мыңнан астам аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға 188 миллион 695 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетіліпті. Биыл да осынша балаға қамқорлық жасау көзделіп отыр. – Біз Тараз қаласы және аудандардағы азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін ашық желілер мен сенім телефондарын іске қостық. Қоғамдық қабылдаулар өткізуді де жоспарлап отырмыз. «Бақытты балалық шақ мекені», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді: балаларды мектепке дайындаймыз!» қайырымдылық акцияларын тіркеуде бар-жоғына қарамастан аймақта тұратын балаларға санақ жүргізіп, «Жұмыстылық», «Түнгі қаладағы (ауылдағы) балалар» тақырыбымен рейдтер ұйымдастырып (қоғамдық орындарда, компьютерлік клубтарда көп отыратын балалармен жұмыс), түрлі бағыттағы шараларды жандандырмақпыз. Ондағы мақсат біреу ғана – жас жеткіншектердің мектепке бармауының, сабақтан қалуының алдын алу, – дейді облыстық білім басқармасының жалпыға міндетті орта білім беруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлстан Ертағина.
Иә, қамқорлық акциясы өңірімізде де жоғары деңгейде өтеді деп жоспарлануда. Облыстық білім басқармасының осы бағытта арнайы жоспар жасап, жұмыс ауқымын бағдарлап отырғаны көрініп тұр. Дегенмен, ауылдардағы жағдайларды білу үшін бірқатар аудандарға хабарластық.
Жамбыл ауданында былтыр 1164 балаға қайырымдылық көмек көрсетіліп, оқу құралдары мен киімдер сатып алынып беріліпті. Бұл меже биыл да орындалып, ізгі істер жалғасын табады дейді мамандар. Ал меркілік кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдері, жомарт жандар өткен жылы арнайы санатқа жататын 1530 оқушыға қамқорлық жасаған. Сол азаматтар қолдауды қажет ететін балаларға қолұшын созуға биыл да ынталы екен. Байзақ ауданындағы қайырымы бар жандар аз қамтылған және көп балалы, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1740 баланы жаңа оқу жылына қажетті киім және оқу құралдарымен қамтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, білім беру қорынан 345 балаға тағы қайырымдылық көрсетеді екен. Таластықтар 2 мың оқушыға «Мектепке жол» акциясы аясында қамқорлық танытпақ. Ал тараздықтар 1500 баланың жаңа оқу жылында еш қиындық көрмей, алаңсыз білім алуына жағдай жасамақ. Өзге аудандардағы белді азаматтар да аянып қалмай, оқушыларды қуантуға асығады деген сеніміміз мол. Себебі, балаға қамқорлық – қайтымды әрі қайырымды іс.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді