Өңірімізде жеке кәсіппен айналысып, одан несібесін жинап отырған азаматтардың қатары артуы Елбасы Жолдауында көрсетілген шағын және орта бизнестің дамуына халық болып қолдау көрсетіп, нәтижелі жүзеге асуына атсалысып жатқандығының жарқын дәлелі болса керек. Кәсіпкерлік саласы кәсіпкерден қажырлы қимылды, тынымсыз ізденіс пен табандылықты талап етеді. Өйткені бүгінде нарық айдынында бәсекелестікке төтеп беру қиынның-қиыны екені анық. Тұтынушыға ұсынылып отырған қызмет түрі болсын, тауар болсын сапалық сыннан сүрінбей өтіп, биік үрдістен көрінбесе, кәсібіңіз тұралап, бастаған ісіңіз еш пайда әкелмесі анық. Сондықтан да, уақытпен санаспай қажырлы еңбек етуіңіз керек. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, Шу ауданының тұрғыны Дариға Әлмұханбетованы кәсіпкерлікке білек сыбана кіріскен жан деп айтуға әбден болады. Заты нәзік болғанымен ісі ширақ, сөзі мығым жанның бүгінде атқарып отырған ісі көпке үлгі. Халыққа медициналық көмек көрсету қашанда күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі екенін түсінген ол өткен жылы Шу қаласында «Силуэт» емдеу-сауықтыру орталығын ашқан болатын. 300 шаршы метрді алып жатқан үш қабатты нысанда бірнеше қызмет түрлері ұсынылған. Төменгі қабаттарында емдік массаж, шаштараз, сұлулық салоны және фитнес орталық орналасқан болса, жоғары қабаты түгелдей тіс емханасына арналған. Озық технологиялармен жабдықталған орталықтың жетекшісі 30-дан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 60-100 мың теңгенің аралығында. Мұнда жоғары білімі бар, тәжірибелі тіс мамандары тұрғындарға қызмет етуде. Орталық басшысы Дариға Сәбитқызы да 30 жылға жуық уақыт тіс дәрігері болып еңбек еткен екен. Сергек ойлы кәсіпкер ұсыныстың өзі сұраныстан туындайтынын айтады. – Сапалы тіс емханалары қай кезде де сұранысқа ие болмақ. Мен де осы уақытқа дейінгі тәжірибеме сүйене отырып, ауданда емдеу-сауықтыру орталығын ашуды жөн деп санадым. Қазір қарамағымда біліктілігі жоғары алты стоматолог маман жұмыс істейді. Сондай-ақ тістің ауыру себебін немесе басқа да кемшіліктерін анықтап беретін арнайы құрылғы да бар. Сол арқылы келушілерге жылдам, әрі сапалы қызмет көрсетудеміз, – дейді Дариға Әлмұханбетова. Соңғы үлгідегі стоматологиялық қондырғылармен жабдықталған орталықта тісті емдеуден бөлек жеке зертхана да қарастырылған. Онда тіс жартылай немесе толық жарамсыз болып табылған жағдайда қолданылатын жасанды тіс протездерін соңғы технологиямен дайындайды. «Жуық арада панорамдық рентген аппаратын сатып алғалы отырмыз. Ауданда бүгінгі күнге дейін аталған қызмет пен керамикалық-металл протездер жасау болған емес. Ол үшін облыс орталығына немесе Алматы қаласына бару керек болатын. Бұдан былай алысқа ат арылтудың қажеті болмайды», – дейді кәсіпкер. Тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, сауықтыруға арналған емдеу-сауықтыру орталығы тек табыс табу үшін емес, халыққа пайдасын тигізу үшін ашылып отырғанын аңғару қиын емес. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Дариға Әлмұханбетованың отбасылық кәсібіне айналған аталмыш орталық, сонымен қатар денені шынықтыруға, жүрек ауруларының алдын алуға, бұлшық еттерді нығайтуға арналған спорттық заманауи құрылғылармен де жабдықталған.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді