«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылда құс фабрикасы іске қосылды

Ауылда құс фабрикасы іске қосылды
ашық дереккөз
Ауылда құс фабрикасы іске қосылды

Оның жылдық қуаты 63 миллион дана жұмыртқа және 196 тонна құс етін өндіруге арналған

Ауылды жерлерде өнеркәсіп немесе түрлі кәсіпорындар ашылып жатса, ауылдықтар жұмыспен қамтылып, көзі ашылып қалар еді-ау. Мұны барлық ауылдың тұрғындары арман етеді. Ендеше ше, тұрақты еңбек жалақысы бар жұмыс орны ауыл іргесінде болса, аудандық бюджетке қаржы құйылып тұрса, неге қуанбасқа?! Осының дәлеліндей, Көлқайнар ауылдық округіне қарасты шағын ауыл – Еңбек елді мекенінде «Аса-Даму» ЖШС құс фабрикасы іске қосылды. Оның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке:

– Елбасы айтқандай қайда жүрсе де елін, туған жерін ұмытпай, әлдилеп өтуге даяр тұратын ер азаматтардың барына қуанамыз. Осындай ер азаматтар сіздердің аудандарыңызда да бар екен. Соның бір үлгісі, жерлесіміз Үсен Құрманбековтің аудан халқына, ауылдастарына деген игілікті істі қолға алуы құптарлық жағдай. Біз «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары базасында жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі салаларды дамытуға серпін беруіміз керек. Бүгінгі таңда әлемде көмірсутегі шикізаттарының бағасының тұрақсыздануына байланысты алдыңғы қатарға агроөнеркәсіпті индустрияландыру сынды маңызды міндеттер шықты. Еліміздің индустриалды-инновациялық дамуының екінші бесжылдығы 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс көлемінде жалпы құны 575,2 миллиард теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, мұнда 5801 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарланған. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында құны 6,3 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, жаңадан тұрақты 303 жұмыс орны ашылса, екінші жартыжылдықта құны 9,1 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны іске қосып, 1062 жұмыс орны ашылмақ. Ашылу салтанатына өздеріңіз куә болып отырған «Аса-Даму» ЖШС құс фабрикасының жобасы – 914,4 миллион теңге. Жобаның жылдық қуаттылығы 63 миллион дана жұмыртқа және 196 тонна құс етін өндіру болып табылады. Жоба бойынша 75 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген, – деп жұртшылықты өңірдің экономикалық өміріндегі елеулі жаңалығымен құттықтады. Салтанатты жиында «Қазақстан Халық банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрлыбек Сейдахмет, Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев және «Аса-Даму» ЖШС-ның директоры Үсен Құрманбеков сөз алып, ашылып отырған жаңа фабриканың халықтың игілігіне жұмыс істеуіне тілектестіктерін білдірді. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке арнайы қондырғының тетігін басқаннан кейін фабрика жұмысын бастап кетті. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиевтің мәліметіне сүйенсек, индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген «Аса-Даму» ЖШС құс фабрикасының болашағы зор. Негізі, фабриканың жобалық қуатына шығу мерзімі 2018 жылға жоспарланған. Десек те, 2014 жылы құрылған мекеме құрылысты жеке қаражат есебінен жүргізуде. Жалпы жер көлемі – 8,3 гектарды құрайды. Фабрика толық қуатына енгенде онда 75 адам жұмысқа тартылмақ. Қазіргі уақытта 20 адам жұмыс атқаруда. Өнімдерді бірінші кезекте еліміздің өзге өңірлеріне және Тәжікстан, Ауғанстан, тағы басқа елдерге экспортқа шығару жоспарланып отыр. Фабриканың бүгінгі жағдайы – балапан өсіруге арналған 1 корпустың жұмысы толық аяқталды. Тауықтар жылдың әр күнінде жұмыртқалайды. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі күніне 130-140 мың, ал айына 4,1 миллион жұмыртқаны құрайды деп күтілуде. Үшінші цехты толық іске қосу 2018 жылға жоспарланып отыр. Бүгінгі күні фабрикада 16 құрылысшы, 2 ветеринариялық дәрігер, 1 технолог жұмыс атқаруда. Орташа айлық жалақылары 70 мың теңгені құрайды. Мұнда электр желісі тартылған. Газ, су бар. Жол жөнделген. Шағын ауылдың іргесінен құс фабрикасының ашылуы ауыл тұрғындарын зор қуанышқа бөледі. Олар бүгіннен-ақ онда жұмысқа тұрып, еңбек етуге құлшынып отыр.

Дүйсенбек Орманов, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар