Жұмыспен қамтуда «Өрлеу» жобасы тиімді Кез келген экономикалық жүйеде кедейшілік құбылысы болған, әлі де бар. Бұл құбылыс тұрғындардың тұрмыс деңгейіне ғана емес қоғамның әлеуметтік, саяси саласына кері әсерін тигізеді. Сол себепті көп факторлы құбылыс ретінде кедейшілікті азайту проблемасы – әлеуметтік-экономикалық дамуды және нарықтық реформаларды іске асыру барысындағы ең маңызды міндеттердің бірі ретінде қаралады. Еңбекке қабілетті азаматтардың өз ісін ашып, табысын арттыруы үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің мәні міне, осында. Мамандардың саралауынша, 2018 жылы ең төменгі күнкөріс мөлшері 116 пайызға көтеріліп, соның салдарынан кедейшілік шегі 40-тан 55 пайызға дейін өседі деп күтілуде. Ал елімізде келер жылдан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік төлем түрі енгізілмекші. Ол шартты атаулы әлеуметтік көмек және шартсыз тағайындалатын көмек ретінде берілмек. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде осы жаңа әлеуметтік көмекті енгізу мәселесі сөз болып, өңір тұрғындарының әлеуметтік ахуалы жан-жақты сараланды. Мұқтаж азаматтарды жұмыспен қамту шараларының жайы талқыланды. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу мақсатында облысымызда 2014 жылдан бері «Өрлеу» пилоттық бағдарламасы енгізілген болатын. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің айтуынша, осы жоба аясында 8706 азамат әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлерімен қамтылып, нәтижесінде кедейшілік шегінен төмен тұрғындардың үлесі 0,8-ден 0,2 пайызға дейін төмендеген. Көмек алған отбасылардан еңбекке қабілетті 1507 азаматтың 546-сы тұрақты жұмыс тауып, 479-ы қоғамдық жұмыстарға орналастырылса, 29-ы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде қолдауға ие болған, 221 жас маман «Жастар практикасы» бойынша тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алыпты. Оның ішінде қайта кәсіби даярлықтан өту үшін оқуға жіберілгендер де бар. Ал 232-сі әлеуметтік жұмыс орындарына тартылған. – Шартты ақшалай көмекке 2017 жылға 423,6 миллион теңге қарастырылған. Алғашқы жартыжылдықта 1393 отбасындағы 7851 адамға 142,5 миллион теңге шартты көмек берілді. Бөлінген қаражат 43 пайызға игерілді. Бұл осы әлеуметтік көмек түрін пайдаланушылар санының төмендегенін көрсетеді. Есесіне Меркі, Шу, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласында балалар жәрдемақысын алушылар қатары артқан. Ал Сарысу мен Шу ауданында шартты көмек алғандар саны кеміген. Жалпы, жұмысқа тартылғандар ішіндегі «Өрлеу» жобасына қатысушылардың үлесі 9,4 пайызды құраса, аудандар арасында Мойынқұм – 2,9, Талас – 4,8, Шу – 4,2 пайызбен, Тараз қаласы – 2,4 пайызбен ең төменгі көрсеткіш көрсетіп отыр, – дейді Жорабек Нұрмергенұлы. Басқарма басшысының бұл мәселені көтеруінің өзіндік себебі бар. Өйткені, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 18 жасқа толмаған 4 баласы бар отбасыларына төленетін арнаулы әлеуметтік жәрдемақы тоқтатылып, оларға әлеуметтік көмектің берілуі отбасының табысына қарай шешілмекші. Сондықтан, осы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу бойынша облыста арнайы аумақтық бағдарлама бекітіліпті. «Біз нақты жұмыспен қамтуға бағытталған шартты атаулы көмекті пайдаланудың тиімділігін тұрғындарға түсіндіруіміз керек. Шартты ақшалай көмек беретін бағдарламаның нәтижелілігі тәжірибе жүзінде дәлелденіп отыр. Мәселен, Байзақ ауданында «Өрлеу» жобасы арқылы табысын 4,5 есеге дейін арттырғандар бар», – дейді Жорабек Баубеков. Облыс әкімі көрсеткіші төмен аудандардың басшылары мен Тараз қаласының әкімінен жұмыспен қамту шараларының барысы туралы сұрап, нақты тапсырмалар берді. Тұрғындармен кездесу өткізіп, «Өрлеу» жобасының тиімділігін түсіндіру керектігін ескертті. Елді мекеннің әлеуетіне сәулеті сай болады Аппарат кеңесінде елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары да сараланып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Асқар Рысбаевтың айтуынша, республикада елді мекендердің бас жоспарын әзірлеу бойынша жасалған рейтингте біздің өңіріміз төртінші сатыға тұрақтаған екен. Байзақ ауданындағы Төрегелді ауылы және Жамбыл ауданынан Байзақ ауданы аумағына өткен Қызыл Жұлдыз, Талас стансасының жобалары дайын болса, бұл тізімде алға жылжуымыз мүмкін. Жалпы, Жаңатас, Қаратау секілді шағын қалалардың бас жоспары 2012 жылы бекітілген екен. Алайда, уақыт ағымына сай аталған қалаларды көркейту үшін жоспарға өзгерістер енгізу мәселесі туындауда. Жаңатас қаласында бұл мәселе «ЕвроХим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасаған мастер-жобаның кейбір ұсыныстарына сай қайта қаралып жатқан көрінеді. Сондай-ақ, «ақылды қала» тұжырымдамасының қағидаттарын енгізіп, әлемдік тәжірибелерді енгізуге талпыныс жасалуда. Жоба мақұлданса, Жаңатастың жаңа келбетін тамашалайтын күн де алыс емес. Қаратау қаласын көркейтуге қатысты әзірленген жобалық ұсыныстар да ауқымды. Мәселен, аудан әкімдігі тарапынан қала келбетін түбегейлі өзгертуге бағытталған эскиздік жобалар бар екен. Рас, бұған дейін де шағын қаланың шырайын кіргізу үшін үлкен шаруалар атқарылды. Соның арқасында кешегі тұрғындары көшіп кетіп, құлазып қалған тас қалалар қайта жанданды. Дегенмен, кейбір абаттандыру жұмыстары кезінде сәулет талаптары ескерілмеген тұстар да баршылық. Шағын және орта бизнестің дамуы моноқалалар мен аудан орталықтарындағы негізгі көшелерде автокөліктердің еркін қатынап тұруына кедергі келтіре бастағаны жасырын емес. Бұған алдын ала егжей-тегжейлі жоба жасалмай және қала құрылысы ережелерін, транспорттық-логистикалық заңдылықтардың сақталмай құрылыс кешендеріне жер телімдерін беру себеп болып отыр. Атап айтар болсақ, мұндай жағдайлар Шу қаласы мен аудан орталығы – Төле би ауылының арасында орын алған. Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында да осындай көріністерді кездестіресіз. Қаңыраған құрылыс және ескі сауда нысандары, қараусыз қалғаннан қурап, шіруге жақын қалған тал-дарақтар өңірдегі елді мекендердің әрқайсысында бар. Жақсы күтім мен азаматтардың бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде ауылдың ажарын ашып тұрған демалыс орындары мен саябақтар да көп. Біріне қарап, қынжылсаңыз, екіншісіне – көз сүйсінеді. Сынды да, жемісті жұмысты да қатар тізіп, баяндап шыққан Асқар Рысбаев бұл мәселелердің түпкі себебін ашып көрсетуге тырысты. Басқарма басшысы бас жоспарды жасауда негізгі көшелердің жобаларының назардан тыс қалатыны әрі көп жағдайда аудандар мен қалаларда бас сәулетшілердің сол мамандықтың иесі болмауынан осындай кемшіліктерге жол беріліп отыр деп есептейді. Облыс әкімі елді мекеннің даму әлеуетін сәулетіне қарап бағалауға болатынын айтып, аудан, ауыл әкімдеріне кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою керектігін ескертті. Елді мекеннің немесе бір мектептің ауласының абаттандыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын өзара салыстырып отыру керек деп есептейді. «Қордай ауданында Масаншы ауылында бір мектеп бар, абаттандыру жұмыстарына үлкен мән берілетінін жайқалып өскен ағаштар мен гүлдеріне қарап білуге болады. Ғимарат ескі болғанымен, жүргізілген көгеріштендіру жұмыстарының арқасында, сол жер жарқырап, көз тартып тұрады. Ал кейбір жаңа білім ошақтарының ауласында керісінше, жаңадан егілген жас өскіндер өспей жатып, сарғайып, қурап жатыр», – дей келе Кәрім Нәсбекұлы басқарма басшысына осы айтылған кемшіліктер мен ұсыныстар жобасын аудан әкімдеріне жолдап, тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді