Қызылша өсіруге ден қойған шаруалар жаңа технологияны қолданып, осы дақылдан жыл сайын жоғары өнім алып, өзгелерге үлгі болып отырған Владимир Бондаренконың «Трансферт» шаруа қожалығында болды. Иә, өткен жылы меркіліктер 747 гектарға жуық қант қызылшасын егіп, әр гектардан орта есеппен 317,3 центнерден өнім жинап, қант зауытына 24 мың тоннадай балтамыр өткізген болатын. Ал «Трансферт» шаруа қожалығы 43,2 гектардан орта есеппен 667,6 центнерден, тіптен кейбір алқаптардан 900 центнерге дейін өнім жинап рекорд жаңалаған еді. Владимир Бондаренко былтыр Германиядан «STOLL» атты екі қызылша жинайтын комбайн әкеліп, бар дақылын осы техникамен жинапты. Шетелдік комбайнның артықшылығы – қызылшаны қазып, тазалап төрт тонналық өз бункеріне жинап, тікелей автокөлікке салып, беретінінде. Қызылшашылар бас қосқан семинарды аудан әкімдігі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садық Бұтабаев ашып, меркіліктердің биыл 2300 гектарға қант қызылшасын егіп, үлкен құлшыныс танытып, тәтті түбір өсіруге айрықша бетбұрыс жасап отырғанын айтты. Көк теңіздей жайқалған алқап басына жиналған шаруаларға Владимир Александрович іс-тәжірибесін таныстырды. Жақсы өнім алудың жолы – жерді дұрыс өңдеу. Жерді негізінен ақ егістіктен кейін 30-40 сантиметрдей тереңдікпен айдап, әр гектарына құнарлығына орай 200-300 келі «Аммофос» тыңайтқышын беру керек. Мына сіздер көріп тұрған алқап – 13 гектар. Мұның бір жарым гектарына германиялық КВС фирмасының «Акация» тұқымы, екі жарым гектарына «Виорика» тұқымдарын ектік. Қалғанына франциялық «Авонтаж» тұқымын егіп отырмыз. Германиялық тұқымның бір себу бірлігі 1000 дана дән. Оның құны 43000 теңге тұрады. Биыл тұқым біздің елдің реестріне кірмегендіктен, бұған мемлекет 30 пайыз субсидия төлейді. Ал франциялық осындай мөлшердегі 31500 теңге тұратын тұқымның 70 пайызын мемлекет өзі төлеп береді. Негізінен жерге ресейлік «Нитро Аммофос К» минералды тыңайтқышын берген абзал. Ол азотты, фосфорлы, калийлі, бір сөзбен айтқанда, құрамында үш тыңайтқыш бар, жерге тез сіңіріліп, игерілетін тиімді тыңайтқыш. Қант қызылшасын 10 сәуірде, кеш ектік. Көрші қырғыздар наурыз айының ішінде егіп қойды. Суық болады деп қорықпау керек екен. Қызылша 3-5 градус суыққа бой бермейтін көрінеді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қант қызылшасы өскінінің көлемі қазірдің өзінде бір келіден асып қалды. Қатар аралығы 45 сантиметр. Бір гектарда 130-140 мың түп бар. Оның сыры тұқымды Ресейден әкелінген дәлдік нүктемен арасы 10 сантиметр етіп дән сепкішпен себуімізде жатыр. Осы көрші елден 6 қатарлы қызылшаны қазатын, қосымша тазалайтын қондырғысы бар, қуатты комбайнды 7 миллион теңгеге сатып алдық. Автокөлік қатар жүріп отырады, қорабы толып, басқа жүк көлігі келгенше тоқтамау үшін қосымша бункері орнатылған. Бір сөзбен айтқанда, тоқтаусыз жүре береді. Бір күнде 10 гектарды қазып, көлікке артып жібере алады. Дәл қазіргі кезге дейін бірде-бір қол күші пайдаланылған жоқ. 5 гектар тамшылатып суарылады, 7 гектар жер ағын суында. Қызылша алқабында бірде-бір түп арамшөп жоқ. Оның себебі ерте көктемде жерді өңдеген соң «Пирамин Турбо» және «Франтиерь Оптимо» атты гербицид шашамыз. Оның бір литрі 6000 теңге тұрады. Кейбіреулер «өңдеп едік, пайдасы болмады» дейді. Ол дұрыс емес, гербицид тиімді болуы үшін топырақтың түйіршігі екі сантиметрден аспауы тиіс әрі топырақ ылғалды болғаны жөн. Арамшөптің де өскіні екі құлақтан аспағаны абзал. Мен осы алқапты екі рет өңдедім. Сондықтан бірде-бір түп шөп шыққан жоқ. Жерге үш жылда бір рет органикалық тыңайтқыш беремін. Тамшылатып суару кезінде қолдан құдық қазып, Қытайдың су айдағышын пайдаланамыз. Рәзіңке шлангілерді екі рет қана пайдалануға жарайды. Арасын 90 сантиметрден қойғанда, бір гектарға 2600-2700 метрдей кетеді. Осылайша өз тәжірибесін ортаға салған майталман балтамыршы биыл әр гектардан 800-900 центнердей өнім алуға үміті бар екенін жасырмады. Ал шаруа қожалық басшыларының «бір гектарда 130-140 мың түп бар дейсіз. Бұл өте көп емес пе, қоректі қайдан алады? Қызылша бір-біріне өте тығыз өскен жоқ па?» деген сұрақтарына «қызылша бір-біріне «туысқан», ешнәрсеге таласпайды, жоғары қарай да, төмен қарай да өсе береді», деп қалжыңмен жауап берді тәжірибелі дихан. «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Қанат Шайхиев 2015 жылы 200 гектар қант қызылшасын егіп, әр гектардан 504 центнер өнім алғанын тілге тиек етіп, балтамыр егудің қыр-сырымен бөлісті. «Қызылшаны «ДДА-100» жаңбырлатқыш агрегатымен суарамыз. Осындай қондырғының үшеуі бар. Алты адам ауысымда кезекпен істейді. Механизаторлар тапшы. Жастарды жыл сайын тәжірибелі механизаторлардан тәлім алсын деп жанына отырғызып, үйретіп жатырмыз. Жерді арпа еккен алқапты сабаннан тазарта салып айдаймыз. Сонда топырақ кесек болмай, үгітіліп, шашырап түседі», – деді Қанат Кеналыұлы. «Шырмауықты құрту жолы бар ма?» деген сұраққа, жерді айдаған соң оны тегістеп, суару арқылы шырмауықты шығарып, «Ураган», «Торпедо» сияқты арамшөп өлтіретін препараттар қолданатынын айтқан серіктес басшысы жерді қайта айдамай, оны плоцкорезбен, қопсытып, гербицидпен өңдеп, қызылша еге беруге болатынын түсіндірді. Сонымен қатар 7 миллион теңгеге В.Бондаренко екеуі Ресейден бірігіп бір-бір комбайн алып келіп, жинап, сақадай сай етіп қойғандарын да жеткізді. Семинарда 250 гектар қызылша егіп, оның 150 гектарын тамшылатып суарып өсіріп отырған «СмартАгро» фирмасының жетекшісі Қалабек Имашев та өз тәжірибесімен бөлісті. 7 шақырым арық-атызды тазалау арқылы су жеткізіп, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тікелей қолдауымен 3 шақырым жерден электр жүйесін тартып, тамшылатып суару үшін арнайы әуіт-бассейн жасап, қуатты су насосын орнатып, гербицидтерді тиімді пайдаланып, қазір айтарлықтай нәтиже беретін жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Семинарда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Достай Сәрсембиев қызылша өсірудің жаңа технологиясымен, жаңа технологиялық картасы бойынша атқарылатын жұмыстар мен кететін шығындарды, алынатын пайданы да тиынына дейін санап берді. Семинар жұмысын аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков қорытындылап, қызылша егудің қаншалықты пайда әкелетініне, қаншама адамды жұмыспен қамтитынына, тіптен алғашында 2-3 гектар ғана егіп, тәжірибе жинақтап барып қана, егілетін қызылша көлемін арттырып, іспен айналысуға болатынына тоқталды. Сол сияқты тек қызылша өсіру ғана емес, қай салада қандай озық тәжірибе бар, құлпынай өсіру, құс өсіру, асыл тұқымды мал өсіру, егін егу, бақша дақылдары, алма бақтарға байланысты тағы басқа семинарлар өткізіліп тұратынын, одан кәсіпкерлер ұтпаса, ұтылмайтынын баса айтты. – Биылдың өзінде қызылшашы дихандар «Франклайн», «Штол V200» сияқты 11 қызылша комбайны, 3 қызылша дәнін сепкіш, 1 жапырақ кескіш, 4 культиватор сатып алғаны қызылшаға түбегейлі бетбұрыс жасалғанын көрсетеді, осы жылы қызылшаларымыз 2300 гектарға тәтті түбір егіп, одан жоғары өнім алуға белді бекем байлап отыр. Оның үстіне Меркі қант зауыты бір миллиардтан астам теңгеге жаңа технологиямен қызылша өңдейтін құрал-жабдықтар алып, орнатып, шикізат өңдеу қуатын 300 мың тоннаға жеткізіп отыр, – деді аудан әкімі.
Серік Құралбай, «Ақ жол».
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді