Қаройдағы қарбалас
Жыл өткен сайын әлеуметтік салаға бөлетін қаражат көлемі артып келеді. Әр жылы еліміздің барлық аймағында жаңа білім ошақтары бой көтереді. Соның арқасында үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешімін табуда. Барлық талапқа сай білім ошағынан тәрбие-білім алып жатқан балғындардың қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұндай игі істің шапағатын көруден біздің өңірдің тұрғындары да шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, Талас ауданында биыл бір емес, 2 мектеп салынуда. Біз аудандағы жұмыс қарқынын көзімізбен көріп қайттық.
Әуелі Есейхан ауылдық округіне қарасты Қарой ауылындағы салынып жатқан 50 орындық орта мектептің құрылысымен таныстық. Осындағы Бірлестік орта мектебі қолайсыз ғимаратта орналасқан екен. Ұзақ жылдар бойы тар әрі ескі ғимаратта оқып келген оқушылардың жаңа мектеп табалдырығын аттайтын күні жақын. Олардың арманы – жаңа мектеп еді. Енді, міне, мемлекет қамқорлығының арқасында қаройлық жасөспірімдердің тілегі орындалмақ. Қаройда 65 түтін, 300 тұрғын бар, оның 60-ы мектеп оқушылары.
Жаңа нысанға 2016 жылы облыстық бюджеттен 99 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Бағжай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр маусым айында бастаған. Ал биыл нысанға облыс қазынасынан 212 миллион теңге қаражат жұмсап, 1 қыркүйекте жаңа мектепті ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Біз аталған компанияның аға прорабы Амангелді Жұмағалиевты жұмыс басында кездестірдік. – Ауыл тұрғындарының жаңа мектептің есігі айқара ашылатын күнді күткендеріне көп болды. Білім ошағында 50 орындық мәжіліс залы, 35 орындық асхана, жаттығу және спорт залы, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Жеке шеберхана, тігін және аспаз ісіне бейімдеу бөлмелері де талапқа сай болады. Қос қабатты нысанда қажеттінің бәрі бар. Сынып бөлмелері кең әрі қолайлы болады, – дейді ол. Құрылыс алаңынан дәнекерлеуші Арыстан Рымбаевты, сылақшылар Откор Шавхатовты, Құрманкүл Бұйрабаеваны кездестірдік. Олар жұмыс қарқынын арттырып, қызу еңбек етуде. Барлығының мақсаты – нысан құрылысын дер кезінде аяқтау. Механизатор Орал Омаров, көтергіш кран жүргізушісі Сұлтан Әбділханов, «КамАЗ» жүргізушісі Шалқар Шаргенов уақытпен санаспайды. Жалпы 62 адам жұмыспен қамтылған. Орташа жалақылары 120 мың теңгеден асады. Аспазшы Айнұр Шубаеваның да жұмысы жеңіл емес. Құрылысшылардың тамағын әзірлеп, тәулігіне 30 дана таба нан көмеді екен. Түсте және кешке жұмысшыларға міндетті түрде ыстық тамақ беріледі. Қаройлық жас маман Айгүл Теңгебаева ауыл балалары осы жаңа мектепте оқитын күнді асыға күтіп жүргенін, қамқорлығы үшін Елбасына, облыс, аудан басшыларына дән риза екенін айтады.
Қасқабұлақтықтардың қуанышы Қасқабұлақ ауылдық округінде 150 шаңырақ түтін түтетуде, 1230 тұрғыны бар. Мұнда кілең күрділер тұрады. Ауылға мектеп салу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп жүрген. Соның сәті биыл түсіпті. Енді Қасқабұлақтағы 160 оқушы жаңа мектепке барады. 120 орындық жаңа мектептің құрылысы биылғы наурыз айында басталған. Мердігер компания – «Керуен-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда 70 адам уақытпен санаспай еңбек етуде. Құрылысқа облыстық бюджеттен 501 миллион қаражат бөлініпті. – Бүгінгі таңда барлық тіректерді көтеріп, төбесін жауып, қоршауын жасап қойдық. Енді ішкі әрлеу мен сыртқы абаттандыру жұмыстары қалды. Жұмысшылардың жалақылары 100 мың теңгеден кем емес. Бүгінге дейін 200 миллион теңге қаражатты игердік, – дейді «Керуен-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ғалым Нұрланов. Құрылыс қарқыны жоғары. Учаске басшысы Ғабитхан Жолтаев, күзет қызметінің басшысы Болат Амантаев өз жауапкершіліктерін жақсы сезінеді. Экскаватор жүргізушісі Ғалымбек Мәженов, жұмысшылар Асқар Таймұратов, Қанат Сарыбаев та өз міндеттеріне адал. Жоспар бойынша жаңа нысан 2018 жылдың көктемінде пайдалануға берілуі керек. Алайда, мердігер компания өкілдері қаражат дер кезінде бөлініп тұрса, биыл 1 желтоқсанға дейін жаңа мектеп құрылысын сапалы аяқтауды көздеп отыр. Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Сулхаддин Мұстафаев мал және құс шаруашылығын кәсіп еткен ауылда 21 мың қой-ешкі, 650 ірі қара малы бар екенін айтады. Енді жаңа мектеп ашылса, бір мұқтаждық азая түседі. Осылайша, биыл аудандағы екі ауылдың балалары үлкен қуанышқа кенелмек.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді