«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ысырапқа жол бермеймін десең, Жылу есептегіш құралдарын пайдалан

Ысырапқа жол бермеймін десең,  Жылу есептегіш құралдарын пайдалан
ашық дереккөз
Ысырапқа жол бермеймін десең, Жылу есептегіш құралдарын пайдалан

Энергия ресурстарын үнемдеу Қазақстан Республикасының экономикалық дамуының ең өзекті міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, энергия үнемдеу саласында ішкі жалпы өнімнің энергия жұмсағыштығын 2020 жылға дейін 25 пайызға азайту міндеттеліп отыр. Осы орайда, есептеуіш құралдарын қою облыс бойынша қалай жүзеге асып жатыр? Осы мәселеге қатысты басқа да сұрақтарға облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мүслім Қасымов жауап берген болатын.

– Мүслім Жеңісұлы, көппәтерлі тұрғын үйлерде жалпы жылу есептегіш құралдарын орнату қандай заңда міндеттелген? – «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңының 7-бабының 9-тармақшасы және осы Заңның 11-бабына сәйкес жылумен қамтамасыз ететін ұйымдар үйге ортақ жылуды есепке алу аспаптарын тұтынушы үшін сатып алуға және орнатуға міндетті, ал тұтынушы үйге ортақ жылуды есепке алу аспаптарының сатып алу және орнату құнын төлеуге міндетті. – Тұрғындарға қойылған қондырғының, яғни жалпыүйлік жылу есептегіш құралдарының тиімділігі мен пайдасы қандай? – Жылуды есепке алу аспабы, ресурстың нақты тұтынылған санын тіркейді. Бұл дегеніміз, ешбір мекеме тұрғындарға жылу энергиясының және жылу жеткізгіштің жоғары санын төлеткізе алмайды. Жылуды есепке алу аспабы жылу жеткізгіш сапасының көрсеткіштерін (температура мен қысымын) бақылап отыруға мүмкіндік береді. Тұтынушы жылу есептегіш құралдарымен төлейтін болса, екі есе арзанға түседі. Жаңа бағам бойынша жылу энергиясын есептейтін жалпыүйлік ортақ есептегіш құралдары бар тұрғындар 2059 теңге төлесе, ал жылу энергиясын есептейтін жалпыүйлік есептегіш құралдары жоқ тұрғындар 4480 теңге төлейтін болады. Есептегіш құралдары жоқ үйлер төлемге екі есе шығындалуға мәжбүр. – Көп пәтерлі тұрғын үйлерге орнатылған жалпыүйлік жылу есептегіш құралдарының қайтарым қаражаты қалай жүргізіледі? – Жалпыүйлік есептегіш құралының қайтарым қаражатын 3 жылдың ішінде қайтарады, құралды орнатқан мекеме 3 жыл көлемінде сервистік қызмет көрсетіп, 1-ші мемлекеттік тексеруді өткізіп береді. Жалпыүйлік есептегіш құралдардың орнатылған бағасының 1 шаршы метрге қайтарылымы 10,52 теңге болып Қазақстан Республикасы Ұлттық Экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бекітілген. Мысалы, 2 бөлмелі пәтердің жалпы ауданы 41.9 шаршы метр болса, яғни айлық төлемақысы 41.9м2 х 10,52 = 440.78 теңгені құрайды. Жалпыүйлік есептегіш құралдарын орнату мемлекетке, кәсіпорындарға және ең бастысы, тұтынушыларға қажетті шара болып табылады. Энергияны үнемдеу үшін оған бақылау жүргізу керек. Ал бақылауды жалпы үйлік есептегіш құралдарынсыз жүргізу мүмкін емес. Бүгінде әрбір көпқабатты тұрғын үйде үйлік жылу есептеу құралдарының болуы міндетті екені ҚР заңнамаларында көрсетілген. Бүгінгі таңда бұл құралдың жылу ақысын үнемдеуде пайдасы мол екенін өмір өзі көрсетіп отыр. Дегенмен, шаһарда есептегіш құралдар орнатылмаған үйлер де бар. Жалпыүйлік есептегіш құралы орнатылған үйдің тұрғындары мұндай құрылғысы жоқ үйлерге қарағанда жылу қызметіне 50 пайызға кем төлейді. – Тұтынушы жылу есептегіш құралын орнатқаннан кейін 1 шаршы метрге жылуға қанша теңге төлейді? – Айта кетерлік жайт, қондырғы үйіңізге келген жылуды ғана есептейді. Мысалы: Аса (10) мөлтек ауданы (33 үй) 25 көппәтерлі үй жалпы ауданы 1499 м2 1 айға пайдаланылған жылу көлемі 35,99 гкалл (1 гкал бағасы – 1870,47 тг) осыдан 1 шаршы метрге тұтынушы 35,99 гкалл x 1870,47тг = 67318 тг. Осы шыққан соманы үйдің жалпы ауданына бөлеміз, сонда болады 67138 тг : 1499 м2 = 44,8 тг, тұтынушы есептегіш құралымен анағұрлым аз төлейді. Ал ыстық суға (0,09 гкалл) 2 адамға 161,23 тг төлесе, тариф бойынша 2 адамға 475,84 тг төлейді. Қазіргі таңда тұтынушының өз бетімен есептеуіш құралын қою қаншалықты үнемді екенін түсіну қажет. Есептеуіш құралдардың көрсеткіші арқылы төлем жасалса, төлем құны азаятыны дәлелденген. – Ал егер тұтынушылар есептеу аспаптарының орнатқылары келмесе ше? Бас тартқандары үшін ешқандай айыппұл салынбайтын шығар? – Жоқ, ешқандай айыппұл жоқ. Жабдықтар тұтынушының келісімімен орнатылады. Мұндағы мақсат жылуды есепке алу құралдарын орнату ғана емес, əр тұрғын үйге жылудың көлеміне қарай төлем төлету. Үкіметтің пікірі суды, электр энергиясын үнемді пайдалануды үйрету, ал осы қызметтердің біз үшін каншалықты қажет екені айдан анық. Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2-бабы 24-тармақшасына сәйкес, дара меншіктегі үй-жайлардан басқа, кондоминиум нысанының бөліктері (кіреберістер, баспалдақтар, лифтілер, төбелер, шатырлар, жертөле, пәтерден тыс не үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар, жер учаскесі) ортақ мүлік болып табылады. Сондықтан қондырғы орнатылғаннан соң ол тұрғындардың ортақ мүлкі болып саналады, оны күтіп-ұстауды пәтер иелері өз міндеттеріне алады. Әркім өзі күнделікті тұтынып жүрген ауызсуды, электр және жылу энергиялары мен табиғи газды барынша үнемді пайдаланса, 2020 жылға энергия тұтынуды азайту, ысырапты қысқарту, шығындарды үнемдеу және көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бойынша Елбасының кешенді жоспарын жүзеге асыру нәтижелі болады. – Әңгімеңізге рахмет!

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар