«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шуда атқарылған шаруа оңды

Шуда атқарылған  шаруа оңды
ашық дереккөз
Шуда атқарылған шаруа оңды

Өткен алты ай мерзімде Шу ауданында жалпы шығарылған өнім көлемі 18 миллиард 611,2 миллион теңгені құраған. Тауарларды, қызметтерді өткеру көлемі 41 пайыз, ал 34 пайызын ауыл шаруашылығы және 14 пайызын өнеркәсіп саласы құрайды. Ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 80,2 миллион теңгеге артқан. Мемлекеттік «Құлан» бағдарламасы 114,6 пайызға орындалған. Ауданда қант зауытын салу жобасы ойластырылуда. Сондай-ақ, алғашқы жартыжылдықта жалпы алаңы 8100 шаршы метрді құрайтын 65 жеке меншік тұрғын үй салынып, пайдалануға беріліпті. – Тек қана Шу қаласының Жанқұлиев, Горгаз, Жайсаң, Жетісу, Алға жаңа тұрғын алқаптарына инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу үшін 469,7 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде, – деп өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Қайрат Досаев өзге де атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, он ауыл көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ал Алға, Сауытбек ауылдарын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Өзге 18 елді мекенді газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 95,7 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Қазір газдандырылған 10 елді мекеннің 2500 абоненті қосылып, 12500 тұрғын табиғи газды тұтынуда. Өткен жылдан бастап жобалық құны 2278814,0 мың теңге болатын Төле би ауылындағы кәріз жүйесін және жабдықтарын қайта жаңғырту іске асырылуда. Оның биылғы жылға бөлінген 619,4 миллион теңгенің 509,4 миллион теңгесі игерілді. Ауданда 140726 гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы егістік жер бар. Оның 27214 гектары суармалы жер, 113512 гектар тәлімді егістік жерлер. Осы салада өткен 6 айда жалпы құны 6348,0 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ спорт, денсаулық, мәдениет салаларында да ілгерілеу бар. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде біршама іс атқарылыпты. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 16 мамандыққа бейімдеп, 509 адамды оқыту жоспарланған. Жалпы биыл ауданда 555 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп, бүгінгі күнге дейін 437 жұмыс орны ашылыпты. Аудан басшысы бірқатар олқылықты жасырмай айтып, оны шешу жолдарына да тоқталды. Мәселен, биыл жаңа форматтағы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 542 түлектің орташа балы 65,2 пайызды құраған. Ауданда кедейшілік деңгейінен төмен азаматтардың саны 237-ге жетіпті. «Сыбаға» бағдарламасының бүгінгі таңдағы орындалуы 11,8 пайызды ғана құраса, асыл тұқымды бұқа сатып алу 58,3 пайызға ғана орындалыпты. Қайрат Әскербекұлы білім саласында орын алған жағдай зерделеніп жатқанын, алдағы уақытта бірқатар кадрлық өзгерістер болатынын, өзге міндеттерді де жыл соңына дейін өз деңгейінде жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктерді пайдаланатындарын айтты. Сондай-ақ, ол журналистер тарапынан қойылған Тараз химиялық паркі» аймағының жұмысы, жол мәселесі, комбайн жинақтау мәселесі, қант зауытын салу идеясы жөніндегі сұрақтарға жан-жақты жауап қайтарды.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар