«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Бірлік» ірі шаруашылық

«Бірлік» ірі шаруашылық
ашық дереккөз
«Бірлік» ірі шаруашылық

оған мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана білудің арқасында қол жеткізді

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы басты мақсат – заман ағымына, уақыт талабына сай келетін, өміршең жобаларды жүзеге асыру. Бұл тұрғыда мемлекет аграрлық саланы дамытуға арналған көптеген инвестициялық жобалар мен бағдарламалар дайындап отыр. Субсидия бөлу, лизингке техникалар берудің арқасында малшылар мен дихандар шаруасын шалқытып жүрген жайы бар. Жамбыл ауданындағы мүйізді ірі қара мен уақ мал өсірумен айналысатын «Бірлік» шаруа қожалығының табысты тірлігі осының бір көрінісі. 2002 жылы құрылып, 2007 жылы заңды түрде тіркелген қожалықтың ет, сүт бағытында мал ұстауға ден қойғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Жалпы оның иелігінде 700 бас сиыр, 900 бас уақ мал бар. Ірі қараның 143-і сүт бағытында болса, қалғаны ет бағытында екен. Шаруа қожалық төрағасы Жаңабек Сұлтанбеков мүйізді ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасы мен мал бордақылау алаңының құрылысын жүргізу мақсатында мемлекеттен 45 миллион, мал алу үшін 33 миллион, фермаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 48 миллион теңге несиені «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы алғанын айтады. – Жалпы, мал бордақылау алаңы 3 мың басқа арналған. Былтыр 1500 ірі қара бордақыланса, биыл 1200 бордақының 600-ге жуығы сойылды. Негізінен, етке өткізілетін малды өзімізден бөлек, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы өзге шаруа қожалықтардан да тірі салмағын 400 теңгеден сатып аламыз. Сойылатын әрбір еркек малға мемлекет 45 мың теңге субсидия төлеп отыр. Етін базарға немесе өзге ет комбинаттарына өткіземіз. Ал 100 басқа арналған тауарлы сүт фермасы жаңадан салынды. Жақын күндері сауыншы әрі бұзауға қарайтын 6-7 адам жұмыспен қамтылмақ. Сауыншының еңбегін сауылған сүттің литріне ақы төлеу арқылы өтеуді көздеп отырмыз. Жасым жетпісте. Бес ұлымның екеуі шаруашылыққа қолғабыс етіп жүр. Соның бірі осы мал бордақылау алаңының ісін жүргізіп отыр. Шаруашылығымыздағы Байзақ, Жуалы аудандарына қарасты 900 гектар жайылымдық жерді орман шаруашылығы мекемесінен жыл сайын келісімшарт жасасу арқылы жалға алып отырмыз. Сонымен қатар, Жуалы ауданында 200 гектар шабындық, 75 гектар суармалы жерде жоңышқа егілген. Жамбыл ауданының Ерназар ауылдық округінде 200 гектар, Қаратөбе ауылдық округі Бектөбе ауылында 48 гектар жоңышқа бар. Соңғы аты аталған ауылда 25 гектарға жүгері, арпа, 8 гектарға қарбыз егілген. 30 гектарды күздік бидай үшін дайындап қойдық, мұның бәрі малдың жемшөбі үшін қажет, – дейді ол. Шаруа қожалық басшысының айтуынша, уақ мал мен ірі қара негізінен Мойынқұмда қыстатылып, сонда төлдейтін көрінеді. Тек көктемде тана-торпақ пен бұқалар Жуалы жайлауына жайылымға жіберіліп, соның ішінен аталықтары мал бордақылау алаңына, аналықтары тауарлы сүт фермасына іріктеледі екен. Малшы, сиыршы ретінде 3-4 отбасыдан бөлек, он шақты адамды жұмыспен қамтып отырған «Бірлік» шаруа қожалығының иелігінде техника да жоқ емес. Екі «Беларус» тракторының бірі лизинг арқылы алынса, тіркемесімен бірге «Урал» жүк көлігі, шөп оратын, тайлайтын, дәнді дақылдарды жемшөп үшін уақтап, турайтын және өзге де бірқатар техникалар бұрыннан бар екен. Ата кәсіп аясын ұлғайтуды көздеген Ж.Сұлтанбеков Талас ауданының бір ауылында бұрын совхоз, кейінірек акционерлік қоғам болып қайта құрылған, бірақ кейінгі кезде шаруасы шатқаяқтап қалған ірі жеке шаруашылық серіктестікті жері, техникасы, малымен қоса өз қарамағына өткізіп жатқанын айтып қалды. Мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланып, шаруасын жүргізе білген серіктестік бұл тірлікті де алға бастырып, ауқымын ұлғайтатынына кәміл сендік.

Нұрым Сырғабаев, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар