италияндық әйгілі әнші Робертино Лоретти Тараз төрінде ән шырқады
Елорда күніне орай тараздық талғампаз тыңдармандар әлемдік музыканың дара таланты, Италия эстрадасының жарық жұлдызы, сонау 50-60-жылдары «Алтын бала», «Періште үнді бала» атанған Робертино Лореттимен жүздесіп, оның орындауындағы керемет туындылармен сусындап, бір серпіліп қалды. Алпысыншы жылдары аты аңызға айналған әнші Қазақстанға Астана төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрметіне орай келіп отыр. Осы ретте тарихи шаһарымызға да бас сұғып кетуді қалағанын айтады. Орталық Т.Рысқұлов саябағында ұйымдастырылған кездесуде ол өз жанкүйерлерімен жақын сырласып, әсерімен де бөлісті. – Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырған жоқпын. Осыдан тура он жыл бұрын да арнайы келіп, қазақстандық, тараздық тыңдармандармен қауышқаным сіздердің де естеріңізде шығар. Содан бері Қазақстан, киелі Тараз қаласы айтарлықтай құлпырып, өркендегенін байқадым. Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі мені керемет сүйсінтті. Астана таңғажайып қалаға айналғанын көзбен көріп, тамсандым. Тараз да өзінің тарихи келбетін жаңғыртумен түрленіпті. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығын аралағанда соған көз жеткіздім. Құрметті тыңдармандарым, сіздермен қауышып отырғаныма өзімді бақытты сезінемін, – деген атақты әнші Жамбыл жерінде ежелгі жақын досы барын, соның шақыртуын жерге тастамағанын жеткізді. Сондай-ақ, ол Қазақстанға келіп, өзінің әншілік мансабына нүкте қоятынын, 19 шілдеде Астанада өтетін кешінде соңғы рет сахнаға көтеріліп ән шырқайтынын, одан кейін тек сахна сыртында өз шығармашылығымен айналысатынын айтып, ағынан жарылды. ЭКСПО көрмесі аясында өнер көрсететін италиялық өнер иесі халықаралық шараның жоғары деңгейде өтіп жатқанын және Қазақстан әлем үшін өзекті тақырыпты таңдап алғанын айтты. Әлемге «Jamaica», «O sole mio» секілді әндерімен танымал Робертино Лоретти өзінің 1960 жылдары алған алтын табақшасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартатын ниетін де білдірді. Әнші бұл кеште «Jamaica», «Ave Maria» секілді танымал шығармаларымен қатар қазіргі репертуарынан да әдемі әндер орындап, құлақ құрышын қандырды. Тыңдармандар италияндық өнерпазға естелік сыйлықтар мен құшақ-құшақ гүл шоқтарын тарту етіп, толассыз қошеметке бөледі.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- 3 желтоқсан, 2024
Халық театрларының халі мүшкіл
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді