немесе оның негізгі тұтынушылары Ресей мен Қырғыз құрылыс компаниялары
Еліміз үшін биылғы тарихи оқиғалардың ең бастысы болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы осыған дәлел. Осынау қуатты үштіктің құрылуына біздің Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашы болуы да еліміздің бейбітсүйгіш саясатының айғағы.
Құрлықтар құлақ түрген осы оқиға оған қол қойған одақтас мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік дамуына кепіл болумен қатар, алыс-беріс, барыс-келіс, ынтымақ пен бірлікті, татулықты бұрынғыдан да нығайта түскелі отыр. Бұл біздің өрісімізді кеңейтіп, таңдауымызды арттыра түсетіні хақ. Сондықтан бұл одақ біз үшін тиімді. Елімізде әрбір өндірілген өнім отандық өндірісте кеңінен қолданылатындай әрі тиімді болса қандай ғанибет! Онда сен өз еңбегіңмен ел экономикасының дамуына үлес қосып жатқаның. «Құрылыс-Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің толық қуатында жұмыс істей бастағанына – бір жарым жыл. Серіктестік зауытында негізінен арматураланған пленкалар, бу мен ылғалдан қорғайтын материалдар, құрылыс және жалпы мақсаттағы торлар, жалпақ геоторкөздер, жылусақтағыш және геосинтетикалық материалдар шығарылады. Өнімдеріміздің пайдаланылу ауқымы кең. Оларды тұрғын үй және басқа да нысандар мен жол құрылысында, ауылшаруашылығының егіншілік және мал шаруашылығында көп қолданады. Күнделікті өмірде пайдаланылатын сәттері де көп. Мысалы, құрылыста тұрғын үй қабырғасын бекемдеу мен қалыпты жылылықты қамтамасыз ету үшін, жолда жолтабанның беріктігі және бетонның жарылмауы үшін қолданылады. Ауылшаруашылығындағы пайдасы да ұшан-теңіз. Көкөніс өсірілетін жылыжайлар мен көшетханаларды бізде өндірілген пленкамен жапқан тиімді. Біріншіден – жылуды қалыпты сақтайды, екіншіден – ұзақмерзімді пайдалануға жарамды. Ал, енді мал қоралары үшін нағыз таптырмайтын материал. Жеңіл әрі июге икемді торлардан кез-келген жерде қора соға салу оңайдың оңайы. Малшылар, көбінесе қора салу қиындығынан қашып, жайылым ауыстыра алмай отырады ғой. Біздің торларымыз сол мәселенің шешілуіне септігін тигізеді деп батыл айта аламын. Бұл жағдайда жайылым тозбайтыны әрі мал қоңды болатыны айтпаса да түсінікті. Өндірілген өніміміздің осындай пайдалылығы жұмысқа ынта-ықыласымызды арттыра түсіп отыр. Кәсіпорын қуаттылығы жоғары, жылына 1 миллиард 600 миллион теңгенің 8 миллион шаршы метр пленкалық-сеткалық, 304 миллион теңгенің 16 мың шаршы метр жылусақтағыш материалдары өндіріледі. Өнімдер арматуралан-дырылғандықтан сапалы және төзімді әрі ұзақ уақыт пайдалануға жарамды. Сондықтан сұраныс та жоғары. Негізгі тұтынушыларымыз – Ресей мен Қырғызстанның құрылыс компаниялары. Биыл жалпы өнімнің 70 пайызын сыртқа шығаруды көздеп отырмыз. Ірі-ірі компаниялармен келісімшарттар жасалды. Зауыт өніміне отандық тұтынушылардан да тапсырыстар аз емес. Біздің тауарларымызды көп пайдаланатындар қатарында Алматы, Астана қалалары мен Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарын болады. Өз облысымызда да өнімдеріміз кең қолданыста. Қазір «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі құрылысына қолданылуы басым. Өнімдерді тұтынушыларға өзіміз жеткізіп береміз. Бұл – екіжақты тиімді. Тұтынушылар жол азабын тартпайды. Сондықтан уақыт және шығын үнемдеудің мүмкіндіктері мол. Сұраныс тауар сапасына қарай болатыны белгілі. Сондықтан, сапа – басты назарда. Ресей, Германия және Франция мамандарының сызбалары бойынша Қытайда жасалынған құрал-жабдықтар әзірге ұятқа қалдырған жоқ. Техника ғой, тозған және пайдалану мерзімі біткен бөлшектерді уақтылы ауыстырып тұрсақ, жұмыс тоқтамайды. Біз бұл жайды ерекше ескереміз. Тауар өндіруге қажетті негізгі шикізаттың басым бөлігі Ресейден әкелінеді. Тасымалдаудың өзімізге тиімді жолын таңдап алғанбыз. Енді біз Еуразиялық экономикалық одақтың шапағатын сезетін болдық. Қоғамның басты байлығы – адам. Барлық игіліктер адам қолымен өндіріледі. Сондықтан бізде адам факторы назардан тыс қалған емес. Зауыт жұмысшылары мен инженер-техникалық қызметкерлеріне қалыпты жағдай жасалған. Екі ауысымда жұмыс істейтін зауытта жұмысшыларды тасымалдау, тамақ және арнайы жұмыс киімі мәселелері шешілген. Орта есеппен айына 65000 теңге жалақы алатын жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Уақтылы еңбек демалысын беру, жұмыстан бос уақытын тиімді өткізу мәселелері де шешілген. Бұл жағдай еңбек өнімділігі артып, тауар сапасы жақсаруына оң әсерін тигізері хақ. Біздің алға қойған мақсатымыз – өндірген өніміміз өтпей емес, жетпей жатуына қол жеткізу. Сонда өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі туады. Елбасы алға қойған міндет те осы емес пе?! Біздің Ресеймен тауар алмасуымыз, әсіресе сол елге өнім экспорттауымыз бұрын жақсы болғанын сөз арасында айтқанмын. Енді сол қарым-қатынас артып, Беларусьпен де алыс-беріс орнатып жатсақ, қандай ғанибет! Оған осы одақ үлкен жол ашатынына сенімдімін.
Ғалымжан СҮТТІБАЕВ, «Құрылыс-Полимер» ЖШС директорының орынбасары. Тараз қаласы.Ұқсас жаңалықтар
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Тұрғын үй бағасы тиімді ме?
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді