«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

АҚШ-тағы Әсия әжейдің арманы

АҚШ-тағы Әсия әжейдің арманы
ашық дереккөз
АҚШ-тағы Әсия әжейдің арманы
нағашы жұртымен қауышу Американың Вирджиния аралында тұратын 101 жастағы Әсия Сардарбек әже нағашыларын іздейді. Бұл туралы Информбюро порталы жазыпты. Әсия әженің туған бауыры Исмайл Алматы облысында тұрады. Қазақстанға бала-шағасымен 1996 жылы көшіп келген. – Біздің әкеміз 1932 жылы Голощекиннің зардабынан Ауғанстанға ауып кеткен. Әкем Ажарбек, Әкімбек, Тұрар, Қисымбай, Сейітқазы деген аға-бауырларымен бірге көшкен. Мен жеті жылдан кейін 1939 жылы Ауғанстанда дүниеге келгенмін. Ұлы жүз, жалайыр руынан боламын, – дейді Исмайл ата. 1976 жылы ол отбасымен Ауғанстаннан Түркияға қоныс аударады. Онда ширек ғасыр уақыт өмір сүріп, 1996 жылы атажұртқа оралған. – Ауғанстандағы бірнеше қазақ бір-бірімізге туыс болып, қыз алысып, қыз берісіп жақындасып кеттік. Әкеден алты жасымда айырылдым. 16 жасымда Қазақстаннан ауып барған Ұлы жүздің дулат руынан шыққан, өзіммен құрдас қазақ қызбен отастым, – дейді Исмайл ата. – Біз бұрындары Жамбыл облысы Мойынқұм ауданынан кеткен екенбіз. 1973 жылы Ауғанстаннан сонда қонақ болып баратынмын. Ол кезде әкеміздің көзін көргендер бар еді, хат алысып та тұратынбыз. Зақария, Өмірия деген әкемнің қарындастары, Керім, Әбілқасым деген атамыз бар еді. Біз өзге елде тұрған 40 жыл көлемінде танитын туыстарымыздың барлығы о дүниелік болды. Шуда, Мойынқұмда, Жамбылда да ағайынымыз бар. Қазір сексенге жақындап, жасым ұлғайған сайын қатарластарым сиреді. Той-томалақта бата сұрағанда, жан-жағыма қараймын, менен үлкен адам қалмапты, – дейді Исмайл ата. Елге большевиктер келгенде әпкесі Әсия да әкесімен бірге қазақ даласынан Ауғанстанға кеткен. Кейін 1982 жылы кеңес әскері ауған жеріне кіргенде бұл елді тастап, Түркия арқылы Германияға өтіп, одан АҚШ-қа қоныс аударған. – Әпкем Әсия сол Ауғанстанда әскербасының ұлына күйеуге шыққан. Рукия, Әмина, Әлия атты қыздары, Аман, Юсуф деген ұлдары бар. Негізі 12 құрсақ көтерген, аман қалғаны осылар. 1982 жылдары маған Түркияға келіп, бірнеше ай қасымда тұрды. Бірер айдан соң Германияға, араға бірнеше жыл салып 1987 жылы күйеу балаларымен Америкаға көшті. Біз тілімізге де, дінімізге де жақсы болған соң Түркияда қалдық. Әсия екеуміздің басқа аға-бауырларымыз Ауғанстанда дүниеден өтті. Әсиядан кіші Орынбасар деген әпкем бар еді, артында ұрпақ та қалмады, – дейді қария. Оның айтуынша, Әсия әже Қазақстанға көшіп келгісі келеді-ақ. Бірақ жолдасы қазақ болмағасын, балалары қазақша білмейді. Тіл білмеген соң күн көру қиын. Сондықтан үйреніскен Америкада тұрып жатыр, сол елде тұрақтап қалған. – Шешем 13 балам бар дейтін. Соның екеуі Қазақстанда туған. Қазір Әсия екеуміз ғана бармыз. Әкем қайтыс болған соң, анам бала-шағасымен әкемнің інісі Ажарбектің қолына барып тұрды. Ажарбектің екі баласы бар еді. Бәріміз Ауғанстанда киім-кешек, көйлек, қазақы шапан, аяқ-киім тігіп, күн көретінбіз. Машинамен, қолмен тігеміз. Әкеммен бірге Ауғанстанға барған аға-інілері, олардың балалары – бәрі қайтыс болды. Қазір олардан ұрпақ қалған жоқ. Қазақстан мен Ауғанстанда жеке куәлікте әкесінің атымен жүрсе, Түркияда тегіңді міндетті түрде көрсетуің керексің. Сол жаққа көшіп барғанда құжаттарымды рәсімдеу кезінде маған да тегімді көрсету керек болды. Әкемнің «елім-ай, жерім-ай, суым-ай, Отанымды көрер күнім болар ма екен» деген сөздері жадымда мықтап сақталған. Отаныма оралу менің де асқақ арманым болды. Сондықтан тегімді ойланбастан Отансүйер дегенімде, түріктер орнынан тұрып, шапалақтап, қол соқты. «Тамаша екен, қайдан таптыңыз» деді. Олар Түркияға қатысты деп ойласа керек, ал негізі ол менің жүрегімнің түбінде жатқан арманым – Қазақстаным еді. Түркияда 25 жыл өмір сүргенде тері илеуді, сапалы өнім шығаруды игеріп алдық. Ол жердегі төрт мыңға жуық қазақ отбасы осы кәсіппен күнін көріп отыр. 50 адам қол астымда жұмыс істеді. Қазақстанға келіп те сауда-саттықпен айналысып көрдік. Сол жақта ішіктерді тігіп, осында әкеліп сатып жүрдік. Кейін Қазақстанның жағдайы жақсара түсті ме, бағалы құндыз тондар шықты, біздің ішіктеріміз саудаланбады. Оның үстіне Қытай теріге ұқсас материалдан тігілген ішіктерді арзан бағамен мол шығарып, біз шығынға баттық. Сосын оны қойдық. Негізі малмен айналысқымыз келеді. Кезінде Мойынқұмның жанында Қырыққазық деген жерде әкемнің жайлауы болған. Әке-шешем өле-өлгенше қазы-қартаның дәмін аңсап өтті. Біз Қазақстанға келіп, қазыны енді жеп жүрміз ғой. Бірақ көңіліме қаяу түсіретіні, елім-жерім деп келгенде, осыншама байтақ даладан, соғымымызды өзіміз баптап отыратын, төрт тұяғы сыятын ұлтарақтай жеріміз жоқ, көп қабатты үйде тұрамыз, – дейді Исмайл ата. Әсия әженің Американың Вирджиния штатында тұрып жатқанына 36 жыл. Жуырда 101 жасқа толған кейуанаға АҚШ билігі жеке пәтер сыйлап, күтуші жалдап берген. Әсия әже мен Исмайл атаның қазіргі арманы нағашы жұртын іздеп табу. Олардың нағашы жұрты Ұлы жүзден тараған Ботбай руынан екен. Шешесінің аты – Ұлтықаш, нағашы атасы – Әлкебай. – Шешем Меркінің қызымын деп отыратын. Ауғанстан асқанда 50 жас шамасында болған шығар деп ойлаймын. Нағашыларымды тауып, иықтарына шапан жауып, анамның жеткізе алмай кеткен аманатын айтып, баталарын алайын деп едім, – дейді Исмайл ата. Р.S. Біздің облысымызға қатысы болған соң, жасы жүзден асқан қандасымыз Әсия Сардарбек пен Исмайл ата жайлы газетімізде жариялауды жөн көрдік. Мүмкін, қариялардың өмір бойғы арманы орындалып қалар...

Ұқсас жаңалықтар