Жер – мемлекет байлығы. Сондықтан, қай ел болмасын оны көздің қарашығындай сақтауға мүдделі. Дүниежүзі бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын Қазақстанда бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінеді. Облыста да жер мәселесі үнемі назарда.
Өңірдегі жер қорындағы ауылшаруашылық алқаптарын түгендеу жұмыстарына ел қазынасынан бөлінген 87,3 миллион теңгенің, кейінгі екі жылда 60,4 миллион теңгесі игерілді. 2012 жылы мұндай жұмыс Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов және Талас аудандарында жүргізіліп, 44 888 гектар ауылшаруашылығы жерінің пайдаланусыз жатқаны анықталған. Ал, былтыр Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм және Сарысу аудандарында да осындай шара жалғасып, 18061 гектар ауылшаруашылығы жерінің пайдаланбай жатқаны белгілі болды. Осы жерді мемлекет игілігіне қайтару жұмыстары биыл жүргізіледі. Қордай және Шу аудандарында түгендеу жұмыстары осы жылы жүргізіліп, облыс бойынша толықтай аяқталады. Облыста ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану бағытында 2013-2014 жылдарға арналған бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылуда. Облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаевтың төрағалығымен «Жер қатынастарын жетілдіру» тақырыбында республиканың оңтүстік өңірлерінің облыс, аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық, аудандық жер қатынастары басқармалары мен бөлім басшыларының, жеке шаруашылық құрылымдары жетекшілерінің қатысуымен өткен кеңесте осы мәселелермен қатар, алдағы уақытта қабылданатын Жер кодексіне ұсыныстар енгізу жайы кеңінен талқыланды.
Кеңес жұмысына Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев, комитет төрағасы Бауыржан Смағұлов және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Берік Оспанов қатысты.
– Жер мәселесін сіздерден артық білетін ешкім жоқ. Сондықтан бір сағатқа созылатын баяндама жасамай-ақ, кеңесімізді пікір алмасу түрінде өткізсек деген ұсынысым бар. Біздің министрліктің ашылғанына бар-жоғы бір жыл болса да, біраз шаруа атқардық, Жер кодексіне өзгерістер ендірейік деп жатырмыз. Сондықтан Жер заңнамаларына қосымша ұсыныстар дайындау үстіндеміз. Сіздердің бүгінгі айтатын әрбір пікір-ұсыныстарыңыз түгел ескеріледі. Қазір кәсіпкерлікті қолдайтын орталық барлық аудандарда ашылған. Егер өздеріңізді толғандырып жүрген сұрақтар болса орталыққа да хабарласуға болады. Үкімет ауылшаруашылығы саласына әртүрлі бағдарламалар арқылы қыруар қаржы бөліп жатыр, осыны тиімді пайдалану керек, – деді Қ. Өскенбаев. Облыс әкімінің орынбасары М.Жолдасбаев кеңес одағы кезінде өңірде 170 колхоз-совхоз болғанын, осы шаруашылықтар нарықтық қатынастың өтпелі жылдары, нақтырақ айтқанда 1994 жылы шаруашылықтардан пай үлестерін, техникаларын алып, 117500 шаруа қожалығына бөлініп, ұсақталып кеткенін алға тартты. Арада 20 жыл өткенде ауылдағы ағайындар әртүрлі проблемаларымен әкімдіктердің табалдырығын тоздыратын болды. Қазір бес ағайынның басы қосылып, жұмыс істеулері мүмкін болмай жатқан жайлар бар. Шаруашылыққа жетекші тағайындарда айтыс-тартыс ұлғайып, берекесіздікке ұрынады екен. Қазір миллиондаған қаржысы бар азаматтар тірлік ашам деп жер сұрайды, ал, оларға бере қоятын жер жоқ, жердің дені жалға алынып қойылған, дейді Мұратбай Сматайұлы. Облыс аудандары мен көрші облыстардан келген жер қатынастары бөлімдері мен басқармаларының, шаруа қожалықтарының басшылары бірден субарендаға рұқсат беруді ортаға салды. Мәселен, шаруашылық жерлерінде он шақты адам еңбек етіп жүргеніне қарамай салық органдарына небәрі бір-екі адамды ғана тіркетеді екен. Олардың пікірінше осы мәселе шешілсе, салықтан түсетін түсім артады. Қызылорда облысы жер қатынастары басқармасының басшысы мия тамырын сыртқа тасымалдаушылардың тірлігіне алаңдаушылық білдірді. «Ондай берекетсіздік – жерді құрық-шырық қылуымен қатар, табиғатты шаң-тозаңмен бүлдіріп бітеді», дейді. Шу ауданында жапондар мия тамырын өңдейтін зауыт салып жатыр. Бірақ, бір жылдың ішінде 23 мың тонна тамырдың шетел асып кеткенін зерттеген жапондық зауыт салушылар ертең өндіріс орнына шикізат болмай қала ма деп алаңдаулы екен. Мия тамырын жинаушыларға тосқауыл қоюды сұрап,Үкімет кеңсесі мен тиісті министрлікке дейін шыққанымен әлі нәтиже жоқ дейді пікір білдірушілер. Сондықтан осы мәселе бойынша сөз алғандардың пікірінше мия тамырын жинаушыларға бірден-бір тосқауыл қоюдың жолы – мораторий жариялау. Облыстың бірнеше аудандарының аумағынан халықаралық газ құбыры өтеді. Шаруалар өздерінің 49 жылға жалға алған жерлерінен өтетін осы құбыр үшін «бізге өтемақы төлесін» дейді. Оған көгілдір отын тасымалдаушы кәсіпорындар келіспейді. Бұл –мемлекеттік маңызы бар іс. Оны шаруаларға түсіндіру мүмкін емес. «Біз екі жақ арасында төреші болып, шаршадық» дегенді ортаға салды жер қатынастары бөлімдері басшыларының бірі. Кеңеске қатысушыларды ауылшаруашылығы мақсатындағы жердің көбі орман шаруашылығы мекемелерінің құзырына өтіп кеткені де алаңдатты. Осы мәселе облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Талас ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде де көтерілген еді. Тағы бір мәселе – Тараз қаласынан тұрғын жай салуға жер алуға өтініш берушілердің саны еселеп артқан. Оның бәрінің өтінішін қанағаттандыруға қаланың бас жоспарына сай салынатын инфрақұрылымнан мүмкіндік жоқ көрінеді. Осыған да мораторий жариялау қажет екені сөз болды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Берік Оспановтың пікірінше жерді түгендегенде оны пайдаланып немесе пайдаланбай жатқанын ғана анықтап қоймай, жердің сапасына да назар аудару қажет. «Осы жайлы мемлекеттік бағдарлама қабылдану үшін Елбасына ұсыныспен шығу керек. Біздің жер мамандары жер қатынастары заңнамасына 11 ұсыныс енгізуді өтінді» деді. Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының жер саласына қатысты басшылар қатысқан аймақтық кеңесте айтылған ұсыныстар мен пікірлер министрлікте толық пысықталып, жер қатынастары заңнамасына ұсынылатынын тағы да еске салды. Кеңес жұмысын қорытындылай келе, М.Жолдасбаев аймақтық ауқымды шараға қатысуға арнайы келген Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары мен басқа да қонақтарға ризашылығын жеткізді.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол.
Суретті түсірген Виктор Барбаш.
Ұқсас жаңалықтар
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Тұрғын үй бағасы тиімді ме?
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді