«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бағдарламаның бағыттары кеңінен талқыланды

Бағдарламаның бағыттары кеңінен талқыланды
ашық дереккөз
Бағдарламаның бағыттары кеңінен талқыланды

Облыс әкімдігінде облыстық Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жандар Кәрібайұлының төрағалығымен өткен жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдазимов, комиссия төрағалары мен мүшелері, басқарма басшылары қатысты. Онда күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы туралы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің баяндамасы тыңдалды. Аталмыш бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Баяндамашы бағдарламаның мақсат-міндеттерімен таныстырып, бағыттарына жеке-жеке тоқталды. Бағдарлама аясында биыл 10,8 миллиард теңге бөлініп, 12901 адамды жұмыспен қамту көзделіпті. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша биыл 1200 адамды кәсіптік даярлауға 238,0 миллион теңге, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында 4349 адамды оқыту үшін 1259,8 миллион теңге қаралған. Бүгінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру мақсатында білім ұйымдары, мамандықтар және әрбір мамандықтарға оқытылатындар саны анықталып, өңірлік комиссия тарапынан бекітілген. Осылайша бас-аяғы 32 мамандық бойынша 33 білім беру ұйымы белгіленіп, 1-ші лекпен 2230 адам оқуға жолданып, 127,3 миллион теңге игерілген. Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және ауылдағы, қаладағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау көзделіп, 1080 адамды қамтуға 3928,4 миллион теңге қаржы бөлініпті. Бұл бағыт аясында азаматтар алдымен кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады екен. Биыл «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 6 ауданда 1080 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін 18,1 миллион теңге қаржы бөлінген. Бағдарламаның үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша 6272 адамды қамтуға 5386,3 миллион теңге қаржы қаралып отырған көрінеді. Мұндағы басты міндеттің бірі – «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне өңірдегі бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды толық енгізіп, ұдайы жаңартып, жандандыру арқылы жұмыс іздеушілер үшін еркін қолжетімді ету болып табылады. Бұл бағытта ақылы қоғамдық жұмыстарға 3212 адамды тартуға жергілікті бюджеттерден 885,0 миллион теңге бөлініп, есепті кезеңде 2738 адам жұмысқа жолданып, 347,5 миллион теңге игерілген. 1054 әлеуметтік жұмыс орнын ашуға 191,7 миллион теңге қаралған. Жастар тәжірибесіне 1410 орынға 463,1 миллион теңге бөлініп, әзірге 1109 түлек жолданыпты. Осы бағыт аясында жұмыс күші тапшы өңірлерді қамту мақсатында «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру», яғни өз еркімен қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру қарастырылған. «Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан келіп түскен сол өңірлерге қажетті мамандар бойынша бос жұмыс орындарының тізімі барлық жұмыспен қамту орталықтарына уақтылы жолданып отырады. Қазіргі таңда 106 адамнан тұратын 26 отбасы Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы, Ленин ауылдық округіне қоныс аударуда. Барлық отбасылар тұрғын үймен және егістікпен айналысу үшін жер телімімен қамтылған», – деді Жорабек Нұрмергенұлы. Ол, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік қолдауларға да тоқталды. Осы орайда Қоғамдық кеңестің төрағасы Ж. Кәрібаев пен облыстық мәслихат хатшысы Б. Қарашолақов еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аудару бойынша ақпараттық шаралардың өз деңгейінде ұйымдастырылмай отырғанын сынға алды. Кеңесте «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қалай орындалып жатқаны жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов тарата айтып берді. Ол 2009 жылдан бастап жоба аясында елімізде 30 мыңнан астам жас маман ауылдық жерлерге тұрақтаса, оның 11,5 пайызы біздің облысқа тиесілі екенін тілге тиек етті. Өткен жылға дейін 2786 әлеуметтік сала мамандарына 510,4 миллион теңге көтерме жәрдемақы берілсе, 1035 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 2517,2 миллион теңге несие қаржысы берілген. Баяндамашы әр жылдары жастарға берілген қаражаттың есебін алға тартты. Сондай-ақ, берілген несие қарыздарының өтеу кестесі мерзімінде орындалмай отырған аудандар мен өтелмеген соманы тізіп шықты. Биыл бағдарлама аясында 236 маманға 803,2 миллион теңге несие қаражаты қаралса, 452 маманға көтерме жәрдемақы алуға 147,0 миллион теңге қаржы бөлінген. Өткен бес айдың қорытындысында188 маманға көтерме жәрдемақы беріліп, 58 маман тұрғын үймен қамтылыпты. Жалпы ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы саласына 6 агроном, 1 фермер, 2 зоотехник, 8 ветеринар мамандары қажет екен. Алқалы басқосуда мемлекеттік мекемелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызметтер көрсетудің қолжетімділігі талаптарының сақталуына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі туралы «Заңды тұлғалар бірлестігі Жамбыл облысының үкіметтік емес ұйымдар ассоцациясының» төрайымы Айнұр Зәуірбекова, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары бойынша Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Нарбай Ергебеков баяндамалар жасап, аталған мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар