Немесе мемлекет ұсынған мүмкіндікті тоқмейілсімей пайдалана білу де мәдениеттілік
Бесінші қабатта тұратын танысымыз: «Бір күні далада қатты жауын жауып, үйдің шатырынан тамшылаған судан ұйықтай алмадым. Үсті-үстіне тамған суға қарап ойланып жаттым да бір кезде инені ұзын етіп сабақтап, су ағып тұрған тесікке қадап қойдым. Су жіптің бойымен ағып, шелекке жымы білінбей тамып жатты... Кейін пәтерімнің ішкі шатырының көп жерін осылай «безендіріп» тастадым» деп әзілдеген еді. Бір қарағанда езу тартқызатын бұл әңгіме бүгінде көпқабатты тұрғын үйдің ең жоғары қабатында тұратындардың ортақ проблемасына айналды.
Осыдан бірер жыл бұрын ақпарат көздері еліміздегі жалпы тұрғын үйлердің 2 пайызы апатты жағдайда болса, 32 пайызы күрделі жөндеуді қажет ететінін жариялаған болатын. Оған қоса, коммуналдық жүйелердің 50 пайызы әбден ескірген, соның ішінде электр желісінің 80 пайызының тозығы жеткен. Бір жағы бұған өкпелеудің қажеті жоқ. Өйткені, өткен ғасырдың орта тұсынан аса салынған үйлер бүгінде әбден ескіріп, тұрғындардың тіршілігі үшін қолайсыз жақтары көбейе бастағаны жасырын емес. Ағымдағы жөндеулер бұл кемшіліктерді түбегейлі қалыпқа келтіре алмайды. Үйді түгелінен бұзып тастау және мүмкін емес. Сонда не істеу керек? Бұл бағытта ел Үкіметі «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011– 2020 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдады. Бағдарламаның басты мақсаты – көпқабатты тұрғын үйлерді терможаңғырту элементтерімен қайта жөндеу. Сонымен қатар бағдарлама аясында инженерлік жүйелерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары үлкен көлемде жоспарланған. Осы жұмыстар мақсатты түрде өз деңгейінде дұрыс жүргізілген жағдайда, тұрғындардың жылу беру қызметін қолдану көрсеткіші 2 есеге азаймақ және күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін тұрғын үйлердің көлемі 10 пайызға төмендемек.
Бағдарлама шеңберінде облыс көлемінде де біршама тірліктер атқарылуда. Облыс әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан алынған мәліметке сүйенсек, жалпы облыс бойынша 1513 көп пәтерлі тұрғын үйдің ішінде 676 үй немесе 44,6 пайызы күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Бүгінде 1186 көп пәтерлі тұрғын үй кондоминиум нысаны болып заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен, ол жалпы көп пәтерлі тұрғын үйлердің санынан 78,4 пайызды құрайды. Бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстар өзінің алғашқы нәтижелерін де бере бастады. Мәселен, 2011 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 326 миллион 250 мың теңгеге 33 көп пәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтті. Ал, 2012 жылы бөлінген 812 миллион 500 мың теңгеге Тараз қаласы, Сарысу, Талас және Шу аудандарында орналасқан 74 көп пәтерлі тұрғын үйлерге 2 тетікпен күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 30 көп пәтерлі тұрғын үйді жөндеуге 603 миллион 945 мың теңге бөлінді. Оның ішінде Тараз қаласында 21 үйді күрделі жөндеуге - 545 миллион теңге, Қаратау қаласында 4 үйді ағымдағы жөндеуге - 30 миллион теңге, Шу қаласында 5 үйді жөндеуге 30 миллион теңге қарастырылып отыр. Жалпы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 2011-2013 жылдары облыс бойынша 112 көп пәтерлі тұрғын үйлердің 91890 шаршы метр шатырлары, 83905 қума метр инженерлік жүйелері, 52459 шаршы метр кіреберістері мен қасбеттері жөнге келтірілді. Осылайша, бүгінгі күнге өңірде жөндеу жұмыстарын қажет ететін кондоминиум нысандарының үлесі 14,2 пайызға төмендеді. Алда әлі ауқымды жұмыстар бар. Күрделі жөндеуге сұранып, құбыр жүйесі ескіріп, шатырынан су кетіп, апатты жағдайдың алдында тұрған үйлер қаншама? Оған қазірден қамданбасақ болмайды. 2015 жылға арналған бюджеттік өтінім Өңірлік даму министрлігіне тапсырылды. Жоспар бойынша 250,0 миллион теңгенің бөлінуі көзделіп отыр. Оның ішінде Тараз қаласында 7 үйді жөндеуге – 160 миллион теңге, Жаңатас қаласында 3 үйге – 30 миллион теңге, Қаратау қаласында 5 үйге – 30 миллион теңге, Шу қаласында 4 үйді жөндеуге 30 миллион теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен бөлінген 13,125 миллион теңгеге көп пәтерлі тұрғын үйлердің жылуды тұтыну мөлшерін төмендету мақсатында энергетикалық зерттеу жүргізілетін болады. Тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу тұрғындардың белсенділігіне тәуелді. Өйткені, жөнделетін нысан тұрғындарының кемінде 67 пайызы оны жөндеуге рұқсатын беруі тиіс. Алайда, тұрғындардың барлығы бұған келісе бермейді. Мұның себебін пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері қазіргі пәтерлердің көбісі жалға берілген иелері сырт жақта, оларды пәтерінің ахуалы қызықтырмайды, әйтеуір, пәтерақысын алса болды, ал, екінші, үшінші қабатта тұратындар төбеден су өту, ескірген кәріз жүйесінің қиындығы сынды мәселелерге бас ауыртып жатпайды дейді. Бүгінде Тараз қаласында 49 пәтер иелері кооперативтері 700-ге жуық көп пәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсетеді. Солардың бірі үшінші мөлтек ауданда орналасқан «Азамат-Жайлау» пәтер иелері кооперативі. Біз ондағы басшының орынбасары Абайжан Әбілдаевты әңгімеге тартқан едік. Олар алты көп пәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда барлық үйге ортақ проблема – күрделі жөндеу болып тұр. Соған қарамастан, кооператив өкілдері көптен бері бірде-бір үйді күрделі жөндетуге қол жеткізе алмай келеді. – Көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу өте күрделі үрдіс. Әуелі оған халықтың бастамашылдығы керек. Адамдардың түсінігі әрқилы. Тіпті, кейбірі жиналыстарға қатыспайды, қатысқан күнде ортақ келісімге келмейді. Мәселен, бізге қарасты алты үйдің де жағдайы қазір мәз емес. Әсіресе, үшінші мөлтек аудандағы №7 үйдің жыры ұзаққа созылып кетті. Бұл үйдің құжаттарын осыдан екі жыл бұрын әзірлеп, тұрғындардың 67 пайызының келісімін алып, қалалық тұрғын үй инспекциясына тапсырғанбыз. Бұл үй негізі әбден ескірген апатты жағдайда тұр десек те болады. Шатырының тозығы жеткен. Бесінші қабатта тұратындар жауын-шашынды күндері бізге базынасын айтып, хабарласады. Биыл наурыз айынан бастап сол үйдің алдында бірнеше рет тұрғындар жиынын өткіздік. Көбісі оған да шықпайды. Ал, қазір басқа екі үймен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олардың тұрғындары уақытында белсенділік танытып үлгерсе, биыл тұрғын үй жөндеудің екінші жарты жылдығына қарастырылатын қаржыға ілініп кетеді деген үмітіміз бар. Тараз қаласында белсенді жұмыс істеп жатқан пәтер иелері кооперативтері баршылық. Мәселен, «Ақбота», «Даму», «Светлана», «Қуаныш» атты пәтер иелері кооперативтері жыл сайын бірнеше үйді күрделі жөндетуге тапсырыс беріп, тиісті мекемеден оған қажетті қаржысын алады. Біз әйтеуір ысырылып қала береміз. Осы жағы қатты алаңдатады, – дейді Абайжан Бақтиярұлы. Тұрғындардың белсенділік танытуына тағы бір кедергі болып тұрғаны жөндеу жұмыстарына кеткен қаржыны қайтару жайы. Көпшілігі осы жауапкершіліктен қашатын көрінеді. Он жылға жуық кезең бойы қарызын төлеуге ниеттері жоқ. Бұған дейін үй жөндеуге жұмсалатын қаржының 3-5 пайызы және 7 пайыздық салымы халықтан алдын ала жиналуы міндет екендігі бағдарламада нақты көрсетілген болатын. А. Әбілдаевтың айтуынша, көпшіліктің қарсылығы сол алдын-ала жиналатын салымнан басталады екен. «Оның соңы жанжалға ұласады да тұрғындар бір мәмілеге келе алмайды. Сөйтіп, тиісті қаржыны төлемейді. Төленетен ақша құны бөлменің аумағына қарай қарастырылған. 1500 теңгеден басталып 5000 теңгеден аспайды. Бір қарасаң, бұл қомақты қаржы емес. Есесіне, үйің жаңарып шығады емес пе? Алайда, мұның байыбына барып жатқандар шамалы» дейді ол. Еліміздің Үкіметі мұны да ескерді. Сөйтіп, 2014 жылғы 29 сәуірде «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011– 2020 жылдарға арналған бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы қабылдады. Өзгерістер мен толықтырулар бағдарламаның тиімділігін арттыруға, оған халықтың қатысу тетіктерін оңтайландыруға, сондай-ақ, оны іске асыру тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Жаңа өзгерістерге сәйкес, ортақ мүлікті жөндеу жұмыстарының үлгілік түрлері белгіленді. Сонымен, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде азаматтар жұмыстардың ең аз түрін немесе жұмыстардың ең көп түрін таңдай алады. Бұл ретте, жұмыстардың ең аз түрі – тұрғын үйдің шатырын, кіреберісін және жертөлесін жөндеу (жылылау), жұмыстардың ең көп түрі – тұрғын үйдің шатырын, кіреберісін, жертөлесін, қасбетін жөндеу (жылылау), лифтін (бар болса) жөндеу. Халықтың бағдарламаға қатысуын жеңілдетудің негізгі тетіктерінің бірі үй-жай (пәтер) иелерінің 3-5 пайызы және 7 пайызы мөлшерінде көзделген алдын ала салымын алып тастау болды. Бұл шаралар бағдарламаны іске асыру кезінде көптеген тұрғындарға алғашқы төлемдерін қысқа мерзімде жинауда қиындық тудыратындықтан қабылданды, енді тиісінше олардың үйлері бағдарламаға қатыса алмайды. Аталған өзгерістер осы жылдан бастап тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын өткізу бойынша келіп түсетін өтінімдерге ықпал ететін болады. Сонымен қатар, бағдарламаның жаңа редакциясында көпқабатты тұрғын үйлердің жөнделуі бірыңғай тетік бойынша іске асырылатын болады, онда құзыретті мамандандырылған уәкілетті ұйымдар (ЖШС) жөндеу жұмыстарын өз бетінше немесе қосалқы мердігер ұйымдарды тартумен жүргізеді. Қосалқы мердігер ұйымдарды таңдау бойынша конкурстық рәсімдер алынып тасталды, оларды тұрғындардың өздері таңдайды. Жұлдыз Өскенбаева, үшінші мөлтек ауданы, №7 үйдің тұрғыны: – Мен үшінші қабатта тұрамын. Соған қарамастан, жауынды күндері үйіміздің қабырғасынан су сорғалайды. Мұны көршілерге айтсаң, ешкім үйдің ертеңіне алаңдап отырған сыңай танытпайды. Бұл жерге көшіп келгеніме бірнеше жылдардың жүзі болып қалды. Содан бері көріп келе жатқан құқайымыз осы. Мемлекет бізге үлкен қамқорлық жасап жатыр. Енді соны тоқмейілсімей пайдаланып қалу қажет. Ол үшін ұйымшылдық керек. Перизат Жорабекқызы, екінші мөлтек ауданның тұрғыны: – Шатырдың жайымен көп жылдан бері өзіміз айналысып келеміз. Жылда бір рет қара қағазбен жаптырып қоямыз. Оған кемінде 100 мың теңгеден астам қаржы жұмсалады. Қарақағаз жабыны қатты желде ұшып кетеді. Айлық жалақымен күн көріп жүрген біз үшін бұл тиімсіз. Кейбіреулер шатырды цементтеп тастауға болады дейді. Алайда, оған қажетті қаржы тым көп болмақ. Осындай қиындықтарды төменгі қабаттарда тұратындарға айтып түсіндіру мүмкін емес. Олар, үйдің шатыры тек жоғары қабатта тұратындардың «бас ауруы» санайды. Халқымызда: «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген мақал бар. Бүгінде ескірген үйді паналап жүрген жұрттың пікірі осыны еске түсірді. Кім қай қабатта тұрса да көпқабатты үйдің шатыры мен іргетасы баршаға ортақ емес пе?
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді